Көктемнің нөмірі

4495
Adyrna.kz Telegram
Торғайдың қалай ұшқанына, қырғидың қалай қонғанына дейін қадағалап отыратын қырағы көздері көп кеңестік дәуірдің өзінде де ұлттық дәстүрлер ізім-қайым жоғалып кеткен жоқ-ты. Мәселен, қып-қызыл комсомолдың басты басылымы – «Лениншіл жас» жыл сайын «көктем нөмірі» деген желеумен наурызды кәдімгідей атап өтетін.
Наурыз деп ресми түрде айтыла қоймайды, әрине. Оның есесіне, редакциямыздың құт-берекесі – Бибіхан апай үйінен ала келген наурыз көжені бәрімізге молынан жеткізеді. Сол күні газет жасыл түске енеді. Көктемнің тынысынан, табиғаттың түлеуінен сыр сабақтайтын маңызды мақалалар жарық көреді. Басылым бетінде жаңару мен жасарудың белгісі байқалады. Жетінші қабатта жылы жел ескендей болады.
Он алты жыл бас редакторлық қызмет атқарған Сейдахмет Бердіқұлов бұл дәстүрді бұлжытпай сақтады. Алайда, бейресми салттың төркіні әріректе жатқан сияқты. Сірә, Шерағаңдардың дәуірінен тамыр тартады-ау деймін.
Мынау – кеңестік кезеңдегі газеттің соңғы «көктем нөмірі». Сол күні шыға бастағанына 70 жыл толған «Лениншіл жас»... 1991 жылғы 22 наурыз... Басылымда қызмет істейтін барлық журналистер сөз алған-ды. Бәрінің де суреті жарияланды... Содан бері 30 жыл өтті...
Ал бүгін алғашқы нөміріне небәрі 19 жастағы Ғани Мұратбаев қол қойған «Жас Алаш» газетінің жарыққа шыққанына 100 жыл толды! Бәрімізді түлетіп ұшырған берекелі басылымның ғасырлық мерейтойы құтты болсын!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер