Жүзік

3366
Adyrna.kz Telegram
(Алақандай эссе)
Қазақ поэзиясында жүзікті жырлаған ақындар жетіп артылады. Тіпті ертегілерде де аймаңдай арулардың жақұт жүзігі мың-сан оқиғаларға себеп болады. Түрлі қолдан өтіп, от пен суға түседі. Оны іздеп табу үшін небір жүрек жұтқан жігіттер жорыққа аттанады. Тауып келсе, алтын сақина да, айдай ару да соныкі. Қорланның Естайға тарту еткен жүзігі туралы аңыз бала кезімізде бізді де еліктірген еді.
Журфакқа жүз өлең жаттап келмесең қадірің болмайтын заманда бүкіл студент Мұхтар Шахановтың «Ғашықтық ғаламатының» мына бір үзіндісін жарыса айтатын:
Әттең, тағдыр қоса алмадым,
Сорым ба?
Заман – жылан,
Жатып алды-ау жолымда.
Бірақ менің бақытым да, барым да –
Қорлан берген алтын жүзік жарқырап,
Елу бір жыл сәуле шашты қолымда.
Бесінші жатақханада біз тағы бір жүзікке тап болдық. КазГУ-дің соңғы серісі Бауыржан Үсенов екі кештің арасында өз бөлмесінде отырып, әлдебір бір аспиранттың «Жүзік» деген әнін әуелетсін. Түнде бір жерге қонаққа кеткен, сол жақтан үйреніп қайтса керек. Тегінде, курстасымыздың әрбір әні маңайындағыларды жіпсіз байлайтын. Бірақ мына әуеннің әсері тіпті ғаламат еді. Сазы бөлек, бойды шымырлатып, жүректі сыздататын ерекше дүние екен. Сол күні бүкіл қалашық Бауыржанның балконына көз тікті. Содан біздің дәуірдің «Жүзігі» бертінге дейін шырқалды. Ақын досымыздың бұл әнді өз әндерінен де артығырақ қадірлейтінін талай рет жаздық.
Ал әлгі әннің сөзі тіпті керемет! Өлеңнің авторы сол тұста Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп келіп, жырларымен жасын ойнатып тұрған жас ақын Болат Үсенбаев болатын. Бұл өлең бір кезде шет тілдері институтында оқыған Сыр сұлуына арналыпты. Ағамыз бойына біткен ұяңдықтан аса алмай, әлгі қызды қиялымен аялапты да жүріпті. Соны сезген арман-ару Арқаның бір серісінің сыйлаған жүзігін жылтыңдатып ақынға қайта-қайта көрсете берсе керек. Соған күйінген біздің бұйырмаған жездеміз жаны күйзеліп, жүрегінен сыр саулатқан. Кейіннен мыңдаған студенттің зердесінде жатталған «Жүзіктің» мәтіні мынау еді:
Көздерімнен мәңгі өшпейтін сыр аңғар,
Алқам-салқам дала-көңлім тым аңғал.
Арманыма іңкәр болып, ынтығып,
Сүйіп тұрып, сүйе алмайтын күнәм бар.
Жүрегімде болмапты ғой түк секем,
Жүзік те бір махаббатқа нүкте екен.
Ұяңдығын жүзік сыйлап жеңдірген
Менен гөрі бақталасым мықты екен.
Алдымда әлі шұғылалы бар таңым,
Бір сұлуға мен де жүзік тартамын.
Абайламай, бір жігіттің арманын
Тартып алып кетем бе деп қорқамын!
Сол кезеңде бой-сойы келіскен, бұйра шашы дудырап, Мәскеудегі Арбаттың әсерінен әлі де айыға алмай жүрген Болат ағамның «Жүзігі» әрбір жасты ақ махаббатқа деген адалдыққа үндейтін-ді. Бұл бір тазалықтың символындай жақұт жыр еді. Қыз-қырқынға қырғидай тиетін нағыз серілердің өзі «Жүзікті» тыңдағанда санасына саңылау кіріп, сәл-пәл ойланып қалатын. Бауыржан осы əнді беріле шырқаған кезде жан баласын ЖенПИ-ге жолатпайтын Киров зауытының жұдырығы бес батпан жігіттеріне дейін бұрын-соңды байқалмаған бір момақан кейіпке түсетін...
Енді тағы да Үсеновтен Үсенбаевқа көшейік. Кейіннен Болат ағамен «Жас Алашта» бірге қызмет істедік. Мінезі көркем, жұртқа жайлы. Ешкімнің көңіліне келетін артық сөз айтпайды. Жұмыстан бос уақытта қандай кейіпке енетінін білмейміз, ал жетінші қабатта жүргенде арқалы ақыннан гөрі парасатты педагогке көбірек ұқсайтын. Тым нәзік болып туғанына байланысты өздері «Қопаржан» деп атайтын бір перзенті бар еді. Сол ұлы бүгінде өнерге таласы бар танымал азамат болды. Өз саласында қопарып жұмыс істеп жүр. Бір кездегі «Жас Алаштың» бала Қопары атанған Дулат Үсенбаев – Алматыдағы ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Ана» монументі авторларының бірі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. «Мен автордың автормын» деп әке Дюма айтқандай, Болат ағамыз өмірге жалпақ жұртқа белгілі «Жүзікті» ғана емес, дарынды суретшіні де әкеліпті...
Осы күні ойлаймыз ғой... Кім екен сол әннің авторы? Қайда екен сол бір аспирант? «Жүзікті» жүзіктің көзінен өткендей етіп әрлеп-әспеттеген, бірақ тасада қалған талантты біз неге іздемедік? Ептеп сұрау салғанда анықтағанымыз, бұл әннің авторы КазГУ-де ақынмен қатарлас оқыған Асқар Омаров деген жігіт екен. Одан кейінгі тірлігі жөнінде көп мәлімет жоқ. Ал Болат Үсенбаевтың жыр жауһарына айналған «Жүзігі» уақыт өткен сайын сайын жаңара, жаңа қырынан ашыла түсті. Ол бір кітабын "Жүзік" деп атады. Жалпы, бұл өлеңді Үсенбаев шығармашылығының төлқұжаты десе де болар...
* * *
Бүгін – қазақтың белгілі ақыны Болат Үсенбаевтың туған күні. Жүзіңіз де, жүзігіңіз де жарқырай берсін, аға!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер