Құқықтық сауатты қалыптастыру өз қолымызда

1161

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, халықаралық құқық кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Жетібаев Нұрбол мырзамен болды. Ол елімізге қажетті заңдар мен азаматтардың құқығы  жайлы баяндап берді.

 - Қазіргі кезде қоғамның құқықтық сауаты туралы айтып өтсеңіз.

-Өкінішке қарай, қазірге таңда Қазақстанда қоғам тарапынан құқықтық сауаттылық өте төмен деңгейде қалыптасуда. Тіпті азаматтар өздерінің жеке құқықтарын қарапайым түрде қорғай алмайды. Жалпы, біздің елімізде толыққанды құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам әлі толық құрылған жоқ. Оның басты дәлелі – егер азаматтар әділетсіздікке тап болса, ең алдымен, Құқық Қорғау органдарына емес, тікелей президентке хат жазады.

-Сіздің тәжірибеңізде азаматтар көбінесе қандай мәселелер бойынша құқықтық көмекке жүгінеді?

- Менің тәжірибемде осы уақытқа дейін көптеген мәселелер болды және осы жағдаяттар бойынша бірнеше адам құқықтық көмекке жүгінген. Атап айтар болсам, азаматтық істер, мұрагерлік мәселе, отбасылық дау, алиментті өндіріп алу мәселесі, еңбек даулары, әкімшілік істер бойынша халық заң кеңесінің көмегін бірнеше рет қажет етті.

-Сот жүйесінің реформалануынан біздегі заң саласында қандай ілгерілеу, даму процестері жүріп бастады?

-Құқықтық реформа біздің елімізде айтарлықтай жаман емес. Теориялық тұрғыда барлығы жақсы, алайда құқық қорғау органдарына жұмысқа тұруда меритократиялық әдіс сақталынып жүрген жоқ. Жұмысқа тұру үшін ақша беру керек немесе жоғары қызметтегілер қоңырау шалуы керек деген секілді жағдайлар жиі кездеседі. Егер меритократия қағидасы сақталмаса, аталған реформаның құны да, сапасы да болмайды. Ең өкініштісі, қазіргі таңда Заң факультетін үздік тәмамдаған көптеген түлектер ақшасы мен жоғары қызметтегі танысы болмағандықтан жұмыссыз жүргені де жасырын емес. Керісінше, Заң факультетінде оқыса да, білімі нашар адамдар қалтасы қалың болғандықтан, жақсы қызметке орналысып алатындары да бар. Менің ойымша, әділетті болу үшін сот төрелігін халық таңдауы керек және де меритократиялық қағида әрқашан сақталуы шарт.

-Электронды сот төрелігі туралы айтып берсеңіз. Тиімді тұстары қандай?

- Ақпараттық технологияның жедел дамуы сыбайлас жемқорлықтың азаюына немесе жойылуына әлі де өте аз ықпал етуде. Айтып өткенімдей, заңгерді де, сотты да халық өзі таңдап алғаны абзал. Сонда барлығы әділ түрде, адал жолмен шешіледі. Электронды соттың тиімді тұсы, ең алдымен, пандемияның кеңінен таралып кетпеуін алдын алады. Сонымен қатар, бейнежазбаға жазылған сот процесін мамандардың кеңінен талқылауына мүмкіндік туады. Электронды сот процесі сотқа қатысушылардың еркін ой білдіруіне әсер етеді.

-Құқықтық көмек алуда азаматтар ең алдымен заңгердің қандай қасиеттеріне мән бергені дұрыс?

- Ең алдымен, азаматтар заңгерлердің тәжірибесіне, құқықтық сана-сезіміне, шыншылдығына, әділдігіне баса назар аударуы тиіс. «Тура биде туған жоқ, туған биде иман жоқ» деп Төле би айтқандай, заңгердің әділдігі мен біліктілігіне мән берген жөн. Әрине, еліміздегі заңгерлердің арасында кәсіби деңгейі жоғары, білімді мамандар жетерлік. Дегенмен де қазіргі экономикалық тұрақсыздық заңгерлердің заңды бұзуына, әділетсіздік танытуына әкеп соғып жатқанын естен шығармау керек.

- Жалпы, қазіргі кезде сот жүйесіне деген халық тарапынан сенімсіздік те жоқ емес. Осы тұрғыдан Қазақстанда әділ сот жүйесінің барын және әрбір азамат өзінің құқығын талап етуіне мүмкіндігі барын қалай насихаттап, түсіндірген жөн?

-Өте күрделі сауал. Қазіргі кезде соттың әділдігіне халық күмәнмен қарайтыны рас. Соның салдарынан халық сот жүйесіне емес, президент құзырлығына жүгінеді. Тіпті халықты сот жүйесінің әділ әрі үшінші биліктің өкілі екеніне сендіру қиынға соғып барады. Осындай күмән азаматтардың санасында демократиялық процесстерге қатыспағандықтан, соттың төрелігін өздері таңдамағандықтан пайда болады. Алайда, халық таныс-тамыр арқылы мәселені шешіп, сот жүйесінің қалыптасуына кедергі келтіріп жатқанын да айтып өткеніміз жөн. Сол себепті азаматтар заңды, сот жүйесін білгені абзал. Егер жүйе демократияға еніп, барлық лауазым тек сайлау арқылы өтсе, біздің елімізде әділ соттың қалыптасатына сенемін.

 -Құқықтық актілердің қолданылу аясы қандай?

-Құқықтық актілердің қабылдануы мен мазмұнында қандай да бір кемшіліктер кездеспейді. Құқықтық актілердің қолданылу аясын екі түрлі деңгеймен қарастыра аламыз. Лауазымы жоғары азаматтар құқықбұзушылық жасаса, заңды орындамау, елемеу немесе бағынбау әрекеттері жиі орын алады. Ал, қарапайым азаматтар құқықты бұзса, оларға қатысты актілер толығымен жазылып, іс жүзінде қолданылады. Сыбайлас жемқорлықпен ұсталған, ірі лауазымды адамдардың қылмысы шетте қалып, жазасыз қалып жатады. Қылмысы үшін жауапқа тартылмайтын азаматтардың таныстары немесе жақсы қызметтері болады. Яғни, заң алдында шыққан тегіне, әлеуметтік тұрмысына байланысты конституциялық қағидалар орындалмайды.

-Сіздіңше, құқықтық, заң саласындағы ең даулы мәселе қайсы?

-Заң саласында көптеген құқық бағыттары бар. Сотта істі шешуде оның күрделілігіне байланысты анықталады.  Жер дауына қатысты мәселелер, ажырасу, моральдық және материалдық зиянды өтеу мәселелері өте даулы мәселелер болып саналады. Жалпы, әрбір істің өзіндік күрделі тұстары болады.

-Жалпы, біздегі құқықтық, заңдық саясатына көңіліңіз тола ма?

-Өкінішке орай, еліміз демократиялық, құқықтық мемлекет болмағандықтан, азаматтық қоғам дамымағандықтан құқықтық саясатқа  көңілім толмайды. Тәуелсіз сот билігі қалыптаспаған, құқық қорғау органдары азаматтардың шынайы құқығын қорғайтын органға айналмаған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мысалы, «полиция» десе, халық жазалаушы орган деген көзқараспен қарайды, ал дамыған елдерде полиция- құқық қорғаушы, халық қорғаушысы ретінде танылған маман. Жоғарыда айтып өткендей, құқықтық саясатты түзеу үшін шынайы демократиялық және құқықтық қоғам құруымыз керек.

-Заң жүйесіндегі кейбір олқылықтардың орнын қалай түзетуге болады? Заң жүйесін бірізділікке түсіру үшін не істеу керек?

- Ең алдымен, заң жүйесін қалыптастыру үшін Парламет құрамын дұрыстау керек. Яғни, Парламент депутаттары кәсіби тұрғыда жоғары болуы қажет. ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) Қазақстанда өткен сайлаулардың  әділ, демократиялық талаптарға сай өткенін жариялаған емес. Бізде бір палаталы Парламент жеткілікті әрі сенат қажет емес деп ойлаймын. Біз унитарлы мемлекет болғандықтан, бір палаталы Парламет жеткілікті. Халықтың мүддесін қорғайтын заң қабылданған кезде заң бірізділікке түседі.

-Жастардың құқықтық сауатын арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізген дұрыс?

- Жастардың құқықтық сауаттылығы жақсаруы үшін олардың мемлекетке деген сенімі артуы керек. Өкінішке орай, елімізде шет елде білім алғысы келетін жастардың саны көбейіп кетті, еліміздің болашағына сенбейді. Қазіргі жастар «егер танысың болса, жақса жұмыс табасың» деген секілді пікірлерде қалған, көзқарастары тым бөлек. Елімізде шынайы саяси реформалар жүргізілмейінше, әділ сайлау өтпейінше жастарды еліміздің ертеңіне сендіру қиынға соқпақ. Бұрын Оңтүстік Кореяда авторитарлы қоғам болды. Уақыт өте келе демократиялы қоғамға ауысты. Қазір біз авторитарлы қоғамнан шынайы демократиялық қоғамға ауыспасақ, жағдай өзгеріссіз қалады. Егер жастар жұмысқа тұратын кезде меритократиялық әдісті қолданса, өз еліндегі құқықтық реформалардағы кез келген өзгерістерді қабылдауға дайын болады.

-Қалай ойлайсыз, мектеп бағдарламасына құқықтық сауатты меңгеру сабақтарын енгізген дұрыс па?

-Мектепте «Құқық негіздері» сабағы жүргізіледі. Осы пәнді тереңірек оқытатын әдіс-тәсілдерді қолға алса, жастар құқық тұрғысында сауатты болады. Сонымен қоса, құқықтық сауаттылықты арттыратын  қосымша курстарды мектеп бағдарламасына енгізгені дұрыс.

-Қоғамның құқықтық сауаттылығын жоғары дәрежеге жеткізуде заңгерлердің атқаратын рөлі қандай?

-«Дәрігер адамды, заңгер қоғамды емдейді» деген сөз бар. Білімді, білікті заңгер қарапайым халықтың арасында жүргеніне қарамастан заң саласы жайлы ақпараттармен бөліссе, азаматтардың құқығы мен міндеттерін түсіндірсе, қоғамның құқықтың сауаттылығын арттырар еді.

-Заң шығаруды демократияландыру үшін қандай қадамдар жасаған дұрыс деп ойлайсыз?

-Біріншіден, әділ Парламент мәжілісін сайлау. Төте жолмен тікелей депутаттарды сайлау. Екіншіден, барлық деңгейдегі әкімдерді халықтың таңдауымен тағайындау. Үшіншіден, сот төрелігін халықтың таңдауы. Облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарын халықтың тікелей сайлауы. Егер осы процесстер жүзеге асса, заң шығару демократияланады.

-Заңдарды тұтас мемлекеттік тілде қолдану мәселесі жиі көтеріледі. Бұл мәселеге қалай қарайсыз?

-Елімізде қазақ тілінде заң жазатын заңгерлердің бір шоғыры қалыптасып үлгерді. Қазіргі кезде елімізде алдымен қазақ тілінде заңды жазып, кейін орысшалауда проблема жоқ. Басты проблема- аздаған элитамыздың орыс тілінде сөйлеуі, олардың балаларының мемлекеттік тілді білмеуінде. Болашақта барлық іс-қағаз тек қазақ тілінде болса, олар жұмыссыз қалуы мүмкін. Сонымен қатар, агрессиялы саясат ұстанып отырған Ресей де қауіп тудырып отыр. «Қазақстанда орыс тілін қорлап , тұншықтырып жатыр» деген жалған желеумен агрессиялы соғыс бастап кетуі ғажап емес.  Еліміздің солтүстік өңірінде орыстардың және орыс тілді қазақтардың көп екенін ескерсек, жағдай одан әрі қиындайды. Сол себепті қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуде «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» саясатты ойлап табуымыз керек.

Сұхбаттасқан

Айдана ШАЛҚАРОВА.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар