Қамбар НҰРЫШЕВ: Сот жүйесінің мақсаты – сот жұмысын барынша ашық, халыққа қолжетімді ету

4175
Adyrna.kz Telegram

Оқырманды заң саласындағы жаңалықтар мен өзгерістерден хабардар ету мақсатында «Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Қызылорда облыстық сотының төрағасы Нұрышев Қамбар Жұмабайұлымен болды.

- Қамбар мырза, Қызылорда облыстық сотының ұжымымен қандай биік белестерді бағындырдыңыздар? Қай жетістіктеріңіз ерекше әрі маңызды болып саналады?
- Қызылорда облыстық соты ұжымы сот төрелігін әділ, кедергісіз, ашық жүзеге асыру бағытында жұмыс жасап келеді. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы коронавирус індетінің таралуына байланысты елімізде карантиндік шектеулер жарияланып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында сот жұмысы онлайн режиміне көшті. Сол уақытта сот отырыстарының барлығы мобильді бағдарламалардың көмегімен қашықтан жүргізілді.
Талап арыздар, өтініштер мен шағымдар «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы қабылданды. Қазіргі таңда сот кабинетін пайдалану соттың да, сотқа жүгінген тұлғалардың да уақыты мен жұмысын азайтып отыр. Азамат немесе оның заңды тұлғасы өзінің уақыты мен қаражатын жұмсамай, үйінен талап арыз жіберсе, ол электронды түрде соттың базасына түседі. Сот қызметкері дайын электронды түрде түскен арызды тіркейді. Ол үшін құжаттарды сканерден өткізіп, базаға салып жатпайды, өйткені барлығы дайын түседі. Мұндай жаңашылдықтар қазіргі уақытта сот жүйесінің азаматтармен байланысын нығайтып, тиімділігін көрсетіп отыр.
Бүгінгі таңда еліміздің сот саласында енгізіліп жатқан ақпараттық технологиялар соттардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, халықпен кері байланыс орнатуда жоғары көрсеткіштер көрсетіп, жұмыс сапасының артуына септігін тигізді.
Электронды сот төрелігін іске асыру халықтың сотқа деген сенімін, сот төрелігіне қолжетімділігін, оның ашықтығын және жариялылығын арттыру ретінде танылады. Сот жүйесін жаңартуға бағытталған жаңашылдықтар жүйелі жүзеге асып, соттар заманауи технологиялармен жұмыс жасауды кеңінен қолға алды.
Алғашқы уақытта жұмыстың қалай жүргізілетініне қатысты сұрақтары болғаны рас. Дегенмен, бірлескен жұмыстың арқасында біз онлайн жұмыс жасау тәжірибесін қалыптастырдық. Бұл – біздің ең басты жетістіктеріміздің бірі деп есептеймін.
Сонымен қатар, сот ғимараттары пайдалануға беріліп, кейбір аудандардың сот ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді. Соттардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Мұның барлығы сот төрелігін кедергісіз жүзеге асыру мақсатында жасалып отырған шаралар.

- Соңғы бес жылда қандай оң өзгерістер орын алды?
Қызылорда облысы соттарында бірқатар сот-құқықтық реформасы іске асырылды.
2018 жылы Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов «Сот төрелігінің жеті түйіні» атауымен алға нақты мақсат қойды. Сот жүйесін дамытудағы бағытталған жоба жеті бағытты қамтиды. Олар: «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобалары.
Әрқайсысына тоқталып өтер болсақ, мінсіз судья – тәуелсіз сот төрелігінің халықаралық стандарттары негізінде қазақстандық қоғамның сұранысына сай, жоғары кәсіби сот корпусын қалыптастыруды қамтиды. Жоба Ұлт жоспарының 17-19 қадамдарын судья лауазымына кандидаттарды іріктеу механизмін, Сот төрелігі академиясы қызметін, сондай-ақ судьялардың есептілігі мен жауапкершілігі институтын жетілдіру жолымен одан әрі іске асыруға бағытталған.
«Үлгілі сот» - соттардың қызметін бағалау, жұмысты оңтайлы ұйымдастыру, сервистердің сапасы, сот персоналы мәселелерімен және тиісті материалдық-техникалық қамсыздандыру, сот жүктемесімен және ресурстарды оңтайлы пайдаланумен тығыз байланысты. 2020 жылға дейін сот төрелігі жүйесіне халықтың сенімін арттыруды қамтамасыз ететін соттарды басқарудың тиімді жүйесін құруға басымдық беріледі.
«Әділ процесс» - әділ және бірізді сот пркатикасын құруды, процестік әрекеттердің ашықтығын және оңтайландыруын, сот рәсімдерінің жеделділігін және жариялылығын қамтасыз ету бұл жобаның басым бағыттарының бірі.
«Сапалы нәтиже» мен «Әділ процесс» жобалары аясында сот шешімдерін түсіндіру қолға алынды. Сот процесі аяқталған тұста іске төрағалық етуші судья шешімді түсіндіріп шығады. Сондай-ақ қойылған сұрақтарға толық жауап береді.
Келесі бағыт ол - «Е-СОТ» деп аталады. Жалпы сот жүйесін цифрландыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Бірқатар жобалар іске асырылды. Электрондық сот төрелігінің базалық компоненттері құрылды. Дегенмен ІТ қызметкерлерімен қанағаттанушылық деңгейі халық арасында да, сот жүйесі ішінде де жеткілікті жоғары емес. Сот жүйесінің ІТ қызметтеріне жоғары қанағаттанушылық деңгейіне жету сот тарапының басты мақсаты.
«Оңтайлы орта» - халықтың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қоғам мен соттар арасындағы тиімді қарым-қатынас орнатуды көздейді.
«Сапалы нәтиже» - дәлелді сот актілері, өтініштерге жауаптар сот билігінің беделін нығайтуға, қоғамның сотқа деген сенімін қалыптастыруға септігін тигізеді. Сот актілерінің міндеттілік күшін қамтамасыз ету мәселесі маңызды және өзекті. Сот актісінің беделін, сот ісін жүргізуге қатысушылардың сотқа жүгіну нәтижесімен қанағаттану деңгейін көтереді.
«Татуласу: сотқа дейін, сотта» - бүгінде татуласу арқылы ісін сотқа дейін жеткізбей оңтайлы шешу тәсілі қолға алынды. Сотқа жеткізбей, істі қарап, екі тарапты біріктіріп, келістіретін болды. Ойлап қарасаңыз, бұл жобаның тиімділігі көп. Бастысы сотқа жүгінетін істер саны азаяды. Арнайы медиаторлар өз жұмысын жүргізіп келеді.
«Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасы 2020 жылға дейінгі сот жүйесін дамыту тұжырымдамасының негізін құрады. Ол сот жүйесін жаңа даму деңгейіне көтеруі тиіс. Тұтастай алғанда, аталған жобалардың негізгі ортақ міндеті – қоғамның соттарға деген сенімін арттыру. Ең бастысы бүгінде осы жеті жобаның негізінде сот жүйесін одан әрі дамыту, сот төрелігіне сенімді арттырып, сот төрелігінің әділдігін, жауапкершілігін арттыру бағытында жұмыстар атқарылуда.

- Карантин режимі сот процесіне кедергі келтіріп жатқан жоқ па?
- Карантин кезінде іс қарау аса қиындық келтірмеді. Себебі, еліміздің сот жүйесінде электронды технологияларды қолдану тәжірибесі бұрыннан қалыптасып,«Е-СОТ»жобасымен сот жүйесін цифрландыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылған. Бірқатар жобалар іске асырылып, электрондық сот төрелігінің базалық компоненттері құрылған. 2020 жылдың 16 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін барлық істер онлайн қаралуда. Яғни, соттар істерді онлайн қарауға дайын болды.
Бүгінгі күні сот процестеріне азаматтар мен заңды тұлғалар «виртуалды», яғни «TrueConf», «Skype», «WhatsApp» мобильді қосымшалары арқылы қатысып жатыр.
Ал, кейбір тараптар бастапқыда қарсы болып, істер бірнеше апта, тіпті бірнеше ай тоқтамда болса кейіннен үйренді. Істерді онлайн қараған өздеріне де тиімді екенін тараптар түсінді.

- Сотқа, заңға байланысты ақпараттардың ашықтығы, қолжетімділігі қандай деңгейде? Халықпен кері байланыс қаншалықты жиі орнатылады?
- Сот жүйесінің алдында тұрған мақсаттарының бірі – сот жұмысын барынша ашық, халыққа қолжетімді ету.
Қазіргі әлеуметтік желілердің кең дамыған уақыты екені белгілі. Осы орайда, сот жүйесіне уақыт талабына сай ақпараттарды жедел жеткізу мақсатында әлеуметтік желілердегі жұмыстарды жандандыруға баса көңіл бөлінген. Қазіргі таңда Қызылорда облысының соттарының әлеуметтік желелердегі парақшалары сот қызметіне қатысты ақпараттар тұрақты түрде жарияланып отыр
Қызылорда облыстық сотының ресми веб-сайты (http://kzl.sud.kz/) осы мақсаттарға жету үшін соттың жариялылығын арттыруға, сот билігі абыройын нығайтуға, саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері жайлы хабардар етуге бағытталған. Сонымен бірге, Instagram (https://www.instagram.com/qyzylorda_oblystyq_soty/), Youtube (https://www.youtube.com/channel/UC1JoUC0LhMlFzHPJT4The0A), Facebook (https://www.facebook.com/groups/853119821449913/), Telegram (https://t.me/kzlsud)желілерінде де облыстық соттың ресми парақшалары бар.

- Қос тарап даулы мәселелерді медиациялық жолмен шешіп, бейбіт келісімге келетін жағдайлар жиі кездесе ме? Осы жолмен қанша мәселе өз шешімін тапты?
- Қызылорда облысы соттарында 2020 жылдың 12 айындамедиация тәртібімен1064 азаматтық іс, 593 әкімшілік іс, 151 қылмыстық іс, 23 іс партисипативтік рәсім тәртібімен, 225 іс татуласу келісіммен қаралды.
Айта кететін жайт, қазақ тұрмысында жерге, жесірге, малға, құнға қатысты дау-дамайлар көп болған. Тараптар дауласып, тоқтамға келе алмағанда, олар билер сотына жүгінген. Дана қарияларымыз ашуға бой алдырып, келісімге келе алмай тұрған адамдарға тура сөзді тауып айтып, қол алыстырып, өзара бітімге келтірген. Бұл қазақ қоғамында аузы дуалы ақсақалдардың орны ерекше екенін, үлкенді сыйлау, сөзге тоқтау сынды адами қасиеттердің биік тұратынын көрсетеді.
Дауларды көнекөз қариялардың дана сөзімен шешу бүгінгі күні медиация қызметі, билер кеңестері арқылы жүзеге асырылуда. Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесінде олар дауларды сотқа дейін шешудің баламалы түрі ретінде қолданылып келеді. Соңғы жылдары тараптардың татуласу келісімімен шешілетін істердің саны республика көлемінде артты. Бұл халық арасында дауларды сотпен емес, бітіммен шешу мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын, сөзге тоқтау, үлкендерді құрметтеу сынды құндылықтардың әлі де жойылмағанын көрсетеді.
Медиацияның мақсаты – қос тарапты да қанағаттандыратын шешімге қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Соған сәйкес, дауларды сотқа дейін шешу еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық қағидаттары негізінде жүргізіледі. Дауларды сотқа дейін шешу кезінде медиатор тараптардан, мемлекеттік органдардан, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз болады. Тараптарды бітімгершілікке келтіретін медиатор бейтарап болуға, медиацияны екі тараптың мүддесі үшін жүргізуге және тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Қазіргі таңда еліміздің сот жүйесінде медация қызметі қазақ даласындағы дана қариялар мен билер дәстүрінің жалғасы ретінде қалыптасты. Осылайша, қара қылды қақ жарып, дауды шешудің тура жолын айтып, адамдық қасиетті жоғары қоюға, әр уақытта да сабырлы болуға және ел бірлігін сақтауға үндейтін бабалар ғұрпы әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ деуге толық негіз бар.

- Қоғамда келеңсіздіктер, әкімшілік құқық бұзушылықтар, қылмыс орын алмас үшін, олардың алдын алу үшін қаншалықты жиі брифингтер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырасыздар?
- Сот саласының басым бағыттарының тағы бірі – қоғаммен тығыз байланыс орнату, халықпен кері байланыс жасау, ашық диалог болып табылады. Бұл ретте Қызылорда облысының соттары бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингтер мен дөңгелек үстелдерді қажеттілігіне қарай өткізіп отырады. Яғни, сот саласындағы жаңашылдықтар халық назарына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткізілген шаралар арқылы жеткізіліп отыр.

- Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-қимылдар жүргізіліп жатыр?
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет - рухани мәдениеттің маңызды бөлігі. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыру ретінде түсініледі.
Сыбайлас жемқорлық - күн тәртібінен түспейтін, үнемі көтеріліп келе жатқан мәселе. Осы орайда, Қызылорда облысының соттарында тұрақты түрде сыбайлас жемқорлықтың қауіпті дерт екенін түсіндіруге, алдын алуға шақыратын іс-шаралар, семинар сабақтары, бірлескен дөңгелек үстелдер өткізіліп келе жатқанын айта кетуіміз керек. Судьялар мен сот қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық көріністерінен бойды аулақ ұстау, Судьялық әдеп кодексі мен мемлекеттік қызметкердің Әдеп Кодексінің нормаларын қатаң сақтау керектігі ескертіліп келеді.

- Халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, құқықтық сауаттылығын арттыратын жобалар жүзеге асып жатыр ма? Нәтиже қандай?
- Халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, құқықтық сауатын арттыру мақсатында Қызылорда облысының соттарымен бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді.
Атап айтқанда, судьялардың және сот қызметкерлерінің қатысуымен онлайн сұхбаттар ұйымдастырып, әлеуметтік желілерге жариялануда.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңдарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндірме жұмыстарына арналған бейнероликтер дайындалып, ақпараттық жазбалар әлеуметтік желілерде, баспасөз беттерінде, интернет ресурстарда, телеарналар мен радиоларда тұрақты түрде жарияланып отыр.
2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енгізіліп, жаңадан мамандандырылған әкімшілік соттар ашылатыны баршаңызға белгілі. Осы орайда, қазіргі таңда Қызылорда облысының соттары жаңа заңнаманы халыққа түсіндіру мақсатында баспасөзде, әлеуметтік желілерде ақпараттар жариялап, түсіндірме жұмыстары жүргізіп отырғанын айта кеткен жөн.

- 2021 жылдан бастап Қызылорда облыстық сотында елеулі өзгерістер орын алған көрінеді. Соның ішінде «QR-код» пен «Telegram-бот» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Ұялы құрылғылар көмегімен жүзеге асатын бұл бағдарламаларды халық игеріп жатыр ма? Жалпы жобалардың мақсаты қандай?
- Уақыт талабы сот саласына заманауи технологияларды енгізу қажеттілігін алып келді. Осы мақсатта биыл қолданыстағы ақпараттық сервистерден басқа,«QR-код» пен «Telegram-бот» жобалары қолданысқа енгізілді. Аталған жобаларды енгізудің мақсаты – сот ашықтығы мег қолжетімділігін қамтамасыз ету, халыққа шынайы әрі жедел ақпарат жеткізу, кері байланыс орнату, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру және сот жүйесіне халықтың сенімін нығайту болып табылады.
Қазіргі таңда Қызылорда облысының соттарының барлығында «QR-код» пен «Telegram-бот» жобалары қолданысқа енгізіліп, тиімді түрде жұмыс жасап отыр. Осындай тәжірибе арқылы кері байланыс орнату бағытында жаңа белестерге шығамыз деп сенім мол.

Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен: Айжан Сыланова,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер