Ерлан ЖҰМАХАНҰЛЫ: Судья үшін ең басты жетістік - әділ және заңды шешім шығаруы

3002
Adyrna.kz Telegram

“Адырна” ұлттық порталының кезекті сұхбаты Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Айтжанов Ерлан Жұмаханұлымен болды.

- Солтүстік Қазақстан облыстық сотының ұжымымен қандай биік белестерді бағындырдыңыздар? Қай жетістіктеріңіз ерекше әрі маңызды болып саналады? Соңғы бес жылда қандай оң өзгерістер орын алды?

- Біздің басты міндетіміз – заңдылық пен әділеттілікті сақтау. Адам, сот ғимаратынан шыққан кезде судьяның шешім шығаруда әділ және объективті болғандығына сенімді болуы керек. Судья үшін оның ең басты жетістігі - әділ және заңды шешім шығаруында. Осы міндетті іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қызметтің барлық бағыттары бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізеді.

Бүгінгі таңда іске асырылып жатқан іс-шаралар азаматтардың сот жүйесіне деген көзқарастарына оң әсер етті деп сеніммен айтуға болады. Соңғы жылдарда сот жүйесінде үлкен өзгерістер болды. Сот жүйесінің алдына қойылған міндеттеріне сүйене отырып сот корпусын жақсарту, судьялардың тәуелсіздігін күшейту, сот қызметінің сапасын арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. Үш жыл бұрын Жоғарғы Сот «Сот төрелігінің 7 түйіні» - ірі пилоттық жобаларды іске асыруды бастады. Оның ішіне «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Smart-сот», «Коммуникациялық стратегия» және «Сотқа дейін, сотта татуластыру» жатады. «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының соттары пилоттық жобаларды сәтті іске асырды.

Бұл сот жүйесінің халық үшін қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге септігін тигізді, оның қазіргі уақыт талаптарын қанағаттандыруға бағытталған модернизациясына: мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін жайлылық және ыңғайлылық, процестердің автоматтандырылуы және цифрландырылуы, әділ сотқа деген сенімділік және қоғамдағы шиеленісудің төмендеуі. Үлкен жұмыс атқарылды, алайда әлі де көп жұмыс алда тұр.

Күтілетін жаңашылдықтар бірі – 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап әкімшілік әділетті енгізу. Сот жүйесінің жоспарлы дамуы халықаралық стандарттармен келісілген. Өзгеріс реформа үшін жасалып жатқан жоқ. Сот жүйесі уақыт талабымен жетілдіріліп отыруы тиіс. Заң талаптарын сақтау барлығы үшін және ең алдымен судьялар үшін аса маңызды.

- Қара қылды қақ жарған әділеттілігімен көзге түсіп, билік тарапынан үздік марапаттарға ие болған ардагер қызметкер, судья, адвокаттар бар ма? Кімдердің есімін ерекше құрметпен атап өтер едіңіз?

Облыс сот жүйесінің барлық ардагерлерін ерекше алғыспен атап өткім келеді. Олардың әрқайсысы сот төрелігін іске асыру ісіне өте үлкен үлес қосты. Олар өз істерінің шеберлері. Өздерінің бүкіл сот қызметін атқару жолында олар жоғары кәсібиліктерін және құзыреттіліктерін көрсетті және өңірдің сот қауымдастығының лайықты құрметі мен ризашылығына ие.

Күні бүгінге дейін, зейнет демалысында бола тұра отставкадағы судьялар Қ.А.Досанов, Л.Ф.Капустина, Қ.Т.Жүнісова, Қ.С.Ахметова әртүрлі сұрақтарда қажетті көмектерін көрсетіп отырады.

Судьялар мен сот қызметкерлерінің жаңа буыны оларға дейін аға буын өкілдерінің салып кеткен сара жолымен сот төрелігін абыроймен жалғастырып келеді және соттың сәтті дамуы мен қызмет істеуіне өз үлестерін қосуда. Отставкадағы судьялар Солтүстік Қазақстан облыстық соты өткізетін барлық іс-шаралардың, қорытынды кеңестердің қатысушылары. Соңғы 5 жыл ішінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушы судьялардың есімдерін мәңгілікке сақтау бойынша үлкен жұмыс атқарылды.

2017 жылғы 5 мамырда Солтүстік Қазақстан облыстық соты ғимаратының жанында 1941-1945 жылдардағы соғыс қатысушылары – облыс судьяларына мемориалдық ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды.

2018 жылғы 5 мамырда ҰОС қатысушы – судьяларға арналған Естелік Кітап жарық көрді.

2019 жылғы 5 мамырда ардагер судьяларға арналған бейне фильм шықты.

Жеңіс саябағы аумағында соғысқа қатысушы –судьяларға Естелік аллеясын ашумен жұмыс аяқталды.

- Карантин режимі сот процесіне кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

Республиканың оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының соттары өткен жылдың наурыз айында елімізде енгізілген Төтенше жағдайға және соңынан карантиндік және шектеу шараларын сақтауға байланысты қашықтықтан жұмыс жасау форматына қысқа мерзімде өте алды. Сот отырыстары, жабық сот отырыстарында қаралған процесстерді қоспағанда, TrueConf және Ватсап мобильді қосымшалары мен бейнеконференция арқылы өткізілді және әлі де өткізілуде. Барлығы 2020 жылы 29 мың отырыстың 20 мыңнан астам сот отырысы онлайн форматта өткізілді, бұл жалпы санның 70%-дайын құрайды. Аталған жұмыс форматы процесс қатысушыларының денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, азаматтардың конституциялық құқығын іске асырды.

- Сотқа, заңға байланысты ақпараттардың ашықтығы, қолжетімділігі қандай деңгейде? Халықпен кері байланыс қаншалықты жиі орнатылады?

Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Солтүстік Қазақстан облыстық сотында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін облыстық соттың төрағасы әр дүйсенбі күні азаматтарды жеке қабылдайды, бұл олардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарауға мүмкіндік береді.

Қабылдауға жазылуды соттың жауапты маманы телефон бойынша, немесе «Вертуальды ақпараттық орталық» ақпараттық қызметі арқылы, электрондық поштамен немесе WhatsApp қосымшасы арқылы жүргізеді. Осылайша, азаматтар өздеріне қолжетімді жүгіну құралын таңдай алады.

Адамдардың қажеттіліктеріне шұғыл әрекет ету және нақты көмек беру қоғамның сот жүйесінің ашықтығы мен кәсібилігіне көз жеткізеді. Осылай халықтың сотқа деген сенімі нығаяды.

Соттағы ақпаратқа қолжетімділікке қатысты соттардың ресми сайттары барлық қажетті ақпараттармен тұрақты түрде жұмыс істейтіндігін, облыс соттарының WhatsApp нөмірлерінің тізімі бар, азаматтар солар арқылы жүгініп, өздеріне қажетті кеңесті ала алатындығын айта аламын.

Facebook әлеуметтік желісіндегі соттар өте белсенді. Барлық сот төрағалары, судьялардың көпшілігі, кеңсе меңгерушілері мен мамандардың Facebook-те өз аккаунттары бар. Тұрақты негізде онда сот ақпаратын алға тартады, соңғы жаңалықтармен бөліседі, құқықтық түсіндіру посттарын жариялайды.

Баспа және электронды БАҚ-та белсенді жұмыс жүргізілуде, бұл сот жүйесінің қызметі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын құруға мүмкіндік берді.

Сот жүйесі әрдайым диалогқа ашық деп 100% сеніммен айта аламын.

- Қос тарап даулы мәселелерді медиациялық жолмен шешіп, партисипативтік рәсіммен бейбіт келісімге келетін жағдайлар жиі кездесе ме? Осы жолмен қанша мәселе өз шешімін тапты?

- Облыс соттары азаматтардың дауды бейбіт жолмен шешу үшін қажетті жағдайлар жасайды, түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізіледі, татуластыру рәсімдері насихатталады, татуластырушылар мен кәсіби медиаторлардың судьялары бірлесіп шығады. Облыстың қарқынды дамуының негізі - қоғамдағы кикілжіңсіздік екені сөзсіз.

Медиацияны қолдану аясын кеңейту үшін Солтүстік Қазақстан облыстық соты үкіметтік емес ұйымдармен, азаматтық институттармен бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойды. Облыстың кәсіподақ орталығымен бірлесіп соттан тыс татуласу орталығы ашылды. Медиация кабинеттері қала құраушы кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдарында, сондай-ақ облыс аудандарында әкімдіктер жанында жұмыс істейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойдық.

Егер сандар туралы айтатын болсақ, өткен жылы азаматтық істер бойынша 196 және әкімшілік істер бойынша 966 дау татуласумен аяқталды.

2020 жылы 32 адамға қатысты 29 қылмыстық іс жүргізіліп, олардың 25 – і тараптардың татуласуына байланысты аяқталды, сонымен қатар 18 іс медиация тәртібімен тоқтатылды.

2021 жылы сандар айтарлықтай өсті. Осы жылдың 3 айында 321 азаматтық іс және 210 әкімшілік іс бойынша тараптар татуласты.

30 адамға қатысты 18 қылмыстық іс жүргізумен қысқартылды, оның ішінде тараптардың татуласуына байланысты – 13 іс аяқталды, 3 іс медиация тәртібімен тоқтатылды.

Партисипативтік рәсімге келетін болсақ, тараптар арасындағы дауды реттеудің бұл келіссөз процесі олардың адвокаттарының міндетті түрде қатысуымен, судьяның қатысуынсыз өтеді. Партисипативтік рәсімнің қолданылу саласы жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын азаматтық-құқықтық даулар болып табылады.

- Қоғамда келеңсіздіктер, әкімшілік құқық бұзушылықтар, қылмыс орын алмас үшін, олардың алдын алу үшін қаншалықты жиі брифингтер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырасыздар?

 Облыс соттары тұрақты негізде брифингтер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, теледидарда сөз сөйлеу, журналдар мен газеттерде жарияланымдар, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының сайтында ақпарат орналастыру және басқа да құқықтық түсіндіру іс-шараларын өткізеді.

Жыл сайын кемінде 2 рет Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында алқа төрағаларымен бірге сөз сөйлеймін. Сөз сөйлеу барысында біз журналистердің сұрақтарына жауап береміз және атқарылған жұмыстар туралы есеп береміз.

Сонымен қатар, қажет болған жағдайда судьялар шығарылған шешім немесе үкім бойынша түсініктеме береді, Facebook-те түсіндіру посттары орналастырылады.

- Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-қимылдар жүргізіліп жатыр?

- Бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысының соттарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жүргізілуде. Солтүстік Қазақстан облысының соттарында ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрақты бақылауда.

Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа және басқа да құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған іс-шаралар бекітілген жоспарларға сәйкес жүргізіледі.

2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша судьялар мен сот жүйесі қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау фактілері анықталған жоқ. Түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіледі.

- Халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, құқықтық сауаттылығын арттыратын жобалар жүзеге асып жатыр ма? Нәтиже қандай?

- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының пилоттық жобаларымен қатар Солтүстік Қазақстан облыстық соты бастамашыл жобаларды іске асырды.

Облыс орталығының соттарында "Виртуалды ақпараттық орталық" жеке жобасы іске қосылды.

Ол азаматтарға бірыңғай телефон нөмірі, электрондық пошта немесе WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы анықтама сипатындағы кез келген ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

ЖОО студенттерінің практикадан өтуінің жаңа форматы іске асырылды.

"Студенттер практикасынан өтуге практикаға бағытталған көзқарас" жобасын енгізу лайықты судья кадрларын қалыптастыруда оң нәтижелер көрсетті.

Мамлют ауданында ауылдық округтерде 17 қоғамдық кеңес құрылды.

Облыста "Татуластыру рәсімдері: сотқа дейін, сотта" пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде ақсақалдар кеңесінің жұмысы зерделенді. Ауылдық округтерде туындаған даулар мен жанжалдардың барлығы дерлік Ақсақалдар кеңесімен сәтті шешімін табуда. Аталған ауылдардың тұрғындары арасындағы даулар іс жүзінде сотқа жетпейді. Мысал ретінде, ақсақалдар кеңесі екі ауыл арасындағы күрделі қақтығысты шешті.

Солтүстік Қазақстан облыстық соты мен Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған Меморандумды іске асыру шеңберінде практикада туындайтын құқық қолдану мәселелері бойынша оқыту арқылы тығыз өзара іс-қимыл жүргізіледі.

2019 жылы 13 вебинар, 2020 жылы онлайн режимде 7 вебинар өткізілді. Оқытудың бұл түрі тыңдаушылар үшін өте қызықты.

Жалпы, аймақ соттарының қызметі заңдылық пен әділеттілік қағидатын сақтауға бағытталғанын атап өткім келеді. Бұған Солтүстік Қазақстан облысы соттарының барлық судьялар корпусының сапалы және жүйелі жұмысы ықпал етті.

Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен: Айжан Сыланова,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер