Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенті ауылында ота жасап жүр

2591

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тұрғыны Алтынбек Оразалыұлы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ветеринария мамандығында оқиды. Қазір ол онлайн режимінде білім алуда. Биыл 3-курсты тәмамдайтын Алтынбек ауылдастарының малын емдеп, ота жасап жүр деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталының тілшісі.

Бұған дейін Алтынбек алған білімін тәжірибемен ұштастырып, өз ауласында өлім аузында жатқан баспағына ота жасап, аман алып қалған болатын.

Алтынбектің отбасы аудан орталығында тұрса да, мал шаруашылығымен айналысады. Қорасында азын-аулақ ірі қара және ұсақ малы бар. Сәуір айында қорасындағы баспағы ауырып, үй іші әбігерге түсіпті. Мал дәрігерлерін шақыртқанымен, олар нақты диагноз қоя алмапты. Содан Алтынбек малының арам өліп қалмауын ойлап, дереу ота жасауға кіріскен. Өз түйсігі мен біліміне сенген жас жігіт әлгі баспақтың ішкі құрылысына ота жасап, буда-буда жіп алып шыққан.

Ал өткен аптада болашақ мал дәрігері Ырғыз ауылында тұратын Мұхамбетрақым Сейітманбетовтің сиырына ота жасапты. Ірі қара малы жем-су ішпей, жатып қалған. Ота кезінде сиырдың месқарынынан жіп шыққан. Қазір Алтынбек күн сайын сиырдың жағдайын қарап, бақылап отыр.    

— Білікті ұстаздарымнан үйренген білімім мен тәжірибемді іс жүзінде жүзеге асыруға бел будым. Осылайша алдымен іші кеуіп, ауырған баспағыма ота жасап, өлімнен аман алып қалдым. Оның месқарыны мен көк етін кесіп, ішінде жиналған жіпті алып шықтым. Біздің ауылдың сыртында, мал жайылатын жерлерде тұрмыстық қалдықтар көп. Оның ішінде целлофан, түрлі қағаздар да бар. Соны жегеннің кесірінен малдың ішкі құрылысына буда-буда жіп болып жиналған. Ал өткен аптада малы ауырып қиналған ауылдасыма көмектесіп, сиырына ота жасадым.

Қазір ауыл ішінде малы, үйіндегі ит-мысығы ауырған ауылдастарыма көмектесіп, жануарларды емдеп жүрмін. Бұл үшін ақы алмаймын. Мен үшін ең бастысы білімімді кеңейтіп, тәжірибе жинақтау,  — дейді студент.

Бүгінгі күні болашақ мал дәрігерінің жасаған оталары ырғыздықтардың аузында жүр. Ал Алтынбек болса оқу орнын аяқтаған соң, ауылына келіп, қызмет етуді армандайды.

Алтынбектің ұстазы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Акушерлік, хирургия жане өсіп-өну биотехнологиясы» кафедрасының профессоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Қанат Қойбағаровтың айтуынша, мал дәрігері болу — қиындығы көп, жауапкершілігі мол жұмыс. Ол үшін қазіргі жастар алдымен білімді, әрі өжет болуы керек.

— Медицинада қандай жағдай болса да ең бастысы — науқасқа көмектесу. Сол сияқты ветеринарияда да мал ауырып тұрса, оны уақыт өткізбей емдеу керек. Біз студенттерге білім бергенде осыны үйретеміз.

Қазір біздің студенттеріміз індетке байланысты онлайн режимде білім алып жатыр. Күн сайын олар онлайн форматта теориялық білімдерін шыңдап, тәжірибе алмасуда. Осы орайда Алтынбектің қол жеткізген жетістіктерін естіп, қуанып жатырмыз. Бұл студент — жауапкершілігі мол, салмақты, білімді жігіт. Оның білім алып қоймай, тәжірибе жинақтап, сондай-ақ малы ауырған ауылдастарына көмектесіп жатқанына біз, ұстаздары, ерекше қуанып жатырмыз. Осындай шәкірттеріміз көп болса, біздің берген біліміміз де, тәжірибеміз де текке кетпегені. Алтынбекке дән ризамыз. Оның мұндай жетістіктері — біздің басқа өңірлерде тұратын студенттерге үлгі, — дейді Қ.Қойбағаров.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар