Сағаттап автобус күткен тұрғындар кімге өкпелі?

2107
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысында қалаішілік жолаушылар тасымалымен айналысатын ПАТП және "Автопарк" ЖШС жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартып, ақырында тұрғындар сағаттап автобус күтуге мәжбүр болды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Апта басында мұндай "жағдайды" күтпеген тұрғындар жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың ("Жолаушылар тасымалы кәсіпорны" ЖШС мен "Автопарк" ЖШС)  мен жергілікті билікке өкпе-реніштерін айтуда. Себебі бұл күндері ақтөбеліктердің бірқатары жұмысқа кешіксе, енді біреулері баратын жеріне жете алмай, такси тоқтатқан. Ал бұл жағдайды қалт жібермеген такси жүргізушілері қызмет бағасын өсіріп жіберген.

"Автопарк" ЖШС басшылығы қоғамдық көліктерде электрондық төлем жүйесі енгізілгеннен кейін автобус жүргізушілері көлденең табыстан "айырылып", сол үшін заңсыз ереуіл жасағанын айтады. Қала  тұрғындарынан қолайсыздық тудырғаны үшін кешірім сұраған  серіктестік басшысы Мейіржан Өндіргенов халықтың жағдайын емес, өз қалтасын ойлаған  жүргізушілермен келісімшартты үзетінін мәлімдеді. Ол тіпті қазір жұмысқа жаңадан автобус жүргізушілерін іздеп жатқанын да айтып берді.

— Бүгін қалаішілік қоғамдық көлік қозғалысы қалыпты деңгейде жүрді. Дегенмен автобустардың жүру интервалы өте ұзақ. Бір жерге бару үшін 1,5-2 сағат уақытымыз кетеді. Жол ақысының қымбаттағаны да бізге оңайға түсіп тұрған жоқ. Дегенмен арнайы карточка алсаң, оны жеңілдікпен төлеуге болады, — дейді Ақтөбе қаласының түрғыны Әсем Махина.

Айта кету керек, мамыр айының аяғында Ақтөбе қаласында қоғамдық көліктерге жаңа төлемақы жүйесі енгізілген. Соған сәйкес  тұрғындар  енді қолма-қол түрде 150 теңге, ал арнайы "Автобус" карточкасы  мен QR-код арқылы  80 теңге төлейді. 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер