Рәміздер - рух пен жанның символы

5216
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көздерінен алынды
фото ашық ақпарат көздерінен алынды

Кез келген мемлекеттің рәміздері елдің егемендігін, тұғырлы тәуелсіздігін, жекелеген жетістіктерін, халқының бірлігін білдіреді. Рәміздер - ұлттың ұлылығын, жұрттың жауынгерлігін, қарапайым халықтың қайраты мен биліктің биігін білдіретін рух пен жанның символы.

Мемлекет рәміздер банкноттарға, монеталарға, бланкілерге, мөрлерге және қажет болған өзге де орындарда орналастырылу арқылы, елдің тұтастығы мен дербестігінен көрініс береді. Мұндағы алуан белгілер мен түрлі түстер әр елдің тамырлы тарихы мен бүтін болашағынан сыр шертеді, соған қарай бейімделіп жасалынады. Сан жылдар бойы қалыптасқан, өсіп өнген, кемелдіктің шыңына шығу, шарайнада шарықтау үшін қантөгіскен, жан алып, жан берген жандар, тәуелсіздіктің салтанатты салтын құрды. Бүгін де олардың ұрпақтарында сол сарғайған сара жолдың сарынымен дүниеге келген алтынға бергісіз мемекеттік рәміздері, символдары бар. Олар үшеу: ту, әнұран және елтаңба. Бүгінге дейін бұл үшеуінің мағынасы да, түпкі мәнісі де айтылып келе жатыр.

Еуропалық елдерді қарастыратын болсақ, бастапқыда князьдіктердің бытыраңқы өмір сүру кезеңінде біртұтас мемлекеттік рәміздер болған жоқ. Ал князьдердің әрқайсысы өз қалауы бойынша күш, билік пен құдіретін білдіру үшін жалаушада, монеталарда, мөрлерде бейнеленген арыстандар, бүркіттер, гриффиндер және басқа да жануарларды таңдайтын болған. Ал қазақ хандығы кезеңінде біздің ата-бабаларымыз байрақтар пайдаланған. “Алаштың ақ туының астында” деген секілді сөз тіркестеріде бұл ойымызға дәлел болатындай. Шын мәнісінде, ежелгі жаугершілік заманындағы қазақ хандары мен батырларының тулары, жалаулары мен байрақтарына қатысты нақты деректер аз. Алайда түрік-қазақ жалаулары жайлы еңбек жазған Әлкей Марғұланның еңбектерінде келтірілген деректерге сүйенсек, қазақ хандары көтерген жалау қызыл түсті, енсіз, шетінде үш-тоғыз құйрық байланған ортасына төре таңба кестеленген. Әрі мұндай жалаулар Шыңғыс хан ұрпақтарына тән деседі. Кезінде қазақтың небір от тілді, орақ ауызды жыраулары жауынгерлердің найза ұшына ту байлап, жауға шапқан теңдессіз ерліктері хақында талай мәрте жазған.

Бүгінгі күні мемлекеттік рәміздер ел жастарының бойындағы патриотизмді нығайтуда және мәдени-тарихи жадыны сақтауда, еліміздің кешегі мен бүгінгі саяси экономикалық ахуалын терең әрі жүйелі талдауға, тұғырлы тәуелсіздіктің мәнін түсініп, ардақтауда аса маңызды рөл атқарады. Егер халықтың мемлекеттік рәміздерге қатынасы, елдің "рухы" мен оның элитасының көрінісі туралы айтатын болсақ, онда қолданыстағы жүйені қолдау дәрежесін, белгілі бір саясаттың, идеологияның тиімділігін бағалауға болады.

Пікірлер