4 облыста жатақханалардағы орын саны жетіспейді

2785
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында студенттерге жатақханаларда пайдалануға берілген орындар саны жеткіліксіз болып отыр деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов айтып берді.

— Елімізде студенттік жатақханаларда жаңа орындарды беру еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Берілген жатақханалар бойынша көшбасшылар қатарында Нұр-Сұлтан қаласы (4 060 орынға шақталған 6 жатақхана), Шығыс Қазақстан облысы (10 жатақхана -2 926 орын), Алматы қаласы (11 жатақхана-2 698 орын) және Шымкент қаласы (9 жатақхана 2 434 орын) тұр. Ал Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы жатақханаларда пайдалануға берілген орын саны ең аз болып отыр, – деді ол.

Соңғы үш жылда еліміздегі жоғары оқу орындары жатақханаларында 20 мыңнан астам жаңа орын берілген. Сондай-ақ студенттердің жатақханаларда тұру жағдайлары да жақсарған. 17 жоғары оқу орны студенттердің тұрғын үйге деген қажеттілігін толығымен шешті.

Студенттік жатақханалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша салынып, олардың құрылысына инвесторлар белсенді тартылып жатыр.

Сонымен қатар жеке инвесторларды қосымша ынталандыру үшін жатақханаларға аса қажеттілік байқалатын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында мемлекеттік тапсырыс көлемін 47 АЕК-тен 92 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылады. Бұл бағытта Министрлік тарапынан ғимараттарды қайта құру туралы 14-тен астам меморандум жасалды.

2021-2022 жылдары бекітілген жоспарға сәйкес жоғары оқу оырнадарының жатақханаларында тағы 55 мың жаңа орын пайдалануға берілмек.

Елбасы Н.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде студенттердің өмір сүру жағдайын жақсартуды және 2022 жылдың соңына дейін кемінде 75 мың орынға шақталған жаңа студенттік жатақханалар салуды қамтамасыз етуді тапсырғанын айта кеткен жөн. Бұл студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер