Ақтөбе облысында 25 адам қайтадан түрмеге қамалды

2028
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысында полицейлер  шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 25 адамды бас бостандығынан айыру орындарына қайтарды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Ақтөбе облысының учаскелік полиция инспекторлары жыл басынан бері "Есеп" және "Есеп элементі", "Тұрмыс", "Құқықтық тәртіп", "Учаске" сияқты жедел-алдын алу іс-шараларын, сондай-ақ рейдтік іс-шараларды өткізді. Қабылданған шаралардың арқасында ағымдағы жылы 5 айдың қорытындысы бойынша облыс аумағында жасаған қылмыстардың 21,6% - ға төмендегені байқалады.

Бостандыққа шыққаннан кейін түзелу жолына түспеген және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзуды жалғастырған шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 25 адам бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД пробация қызметімен бірлескен жұмыс нәтижесінде қоғамдық тәртіпті жүйелі түрде бұзған  есепте тұрған 75 адамға қатысты шартты жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру жүзеге асырылды, ал сотталған 4 адамның сынақ мерзімі ұзартылды.

"Полиция департаменті ҚАЖД және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру, оларды жаңа мамандықтарға қайта оқыту мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдауда. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарына жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін тұратын мекен - жайы бар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың тізімі жіберіледі", - дейді ЖПҚБ бастығының орынбасары Амантұрлы Такешев.

Биыл мамыр айында облыста 217 адам жұмысқа орналастырылды, жаңа мамандықтарға қысқа мерзімді оқытылуға 2 адам жіберілген.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер