Шардара Ауданындағы құрғақшылық шаруаларға өте ауыр тиіп жатыр

3443
Adyrna.kz Telegram
Кеше Шардара Ауданында болып, құрғақшылықтан шаңы шығып құлазыған даланы көрдім. Тістерге шөп таппай 40 градус ыстықта дала кезіп, аяқтарын сілбіп басқан "көтерем" қойлардың көшін көрдім.
Қабырғалары ырсыйып-ырсыйып кеткен жылқылар жүр.
Ал, шөпті тілімен жейтін сиырларды мүлдем көрмедім. Өйткені, тілмен орап жейтін шөп түгілі, тісімен тартып жейтін шөп жоқ далада.
Жанымдағы Шардараның жігіттерінің айтуынша, дәл қазір малдың басы жарты бағасына арзандап кеткен. Өйткені, "өлетін күні санаулы" арық малды алатын адам жоқ. Сатпаса, асырайтын шөбі жоқ.
Неше жыл тер төгіп жинаған малдарын болмашы ақшаға сатып, барынан айрылғысы келмеген шаруалар, құдайға аманат етіп үміттенгеннен басқа амалдары жоқ. Оның үстіне мұндай шаң жұтып, ыстыққа қаталаған арық малдардың болашақта оңалып кетуі қиын. Өйткені, бір-екі айда "өкпе" ауырауына ұшырап, қыстан аман шығулары екіталай. Сондықтан, өзге жақтың мал алушылары да осыны ескеріп, бұл жақтың малдарын алуға құлықсыз дейді.
Бұл әлі жаз айы басталмай жатқандағы ахуалы осындай. Ертең шілде түсіп, күз болғанша не болмақ?
Ал, қыста ше?
Өзімнің Төлеби Ауданымда престелген шөптің бір данасының бағасы 800-1000т-нің арасында сатылуда. Былтыр 500-600 т аралығында болған. Яғни, әртүрлі факторлардың әсерінен биыл 30-40%-дың үстінде қымбаттаған. Ал, бағаны реттеуге, шаруаларға баға мәселесінде шектеулерді ешкім қоя алмайды. Өйткені, еркін нарық заңы бойынша бағаны сұраныс белгілейді.
Әрі, шаруаларға шөптің бағасын белгілеуде үкіметтің оларға міндет қылар ештеңесі жоқ. Ешкімнің көмегінсіз өзі өсірген шөбін, өзінің қалауынша сұранысқа байланысты өз бағасын қойып сатуға шаруалар толық хақылы.
Осы орайда бірнеше заңды сұрақ туындайды.
1) Мал азығын дайындаумен айналысатын шаруаларды субсидиямен қамтамасыз ету қаншалықты жүйеленген?
2) Қанша қаржы, қайда бөлініп отыр?
3) АШ министірлігі мына жұттан шаруаларды қалай алып шықпақшы?!
("Бюджеттен ақша бөліп әр ауданда құрбандыққа мал сойып, Құдайдан жаңбыр тілейік!" демейтін шығарсыздар. Өйткені, әр өңірде ондай жоралғылар жасалып қойды. Үміт өздеріңізде.)
Республикалық антикордың жаңа басшысының мәлімдеуі бойынша, АШ саласына бөлінген субсидиялардың 54%-ы заңсыз рәсімделген екен.
Яғни, АШ саласына бөлінген субсидиялардың жартысынан астамы, "жоқ шаруашылықтарға" бөлініп кеткен деуге толық негіз бар.
Мал бір жұттық деген осы!
Жұт келгенде тістерге шөп таппай қаңғырған мал мен шөптің бағасының шарықтауына байланысты Шардара Аудандық Ауылшаруашылық Бөлімі мен Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі / Министерство сельского хозяйства РК бұл мәселені шешудің қандай жолдарын қарастырып жатқанын білгім келеді.
Сондықтан, Нұрлан Әлімбаев  бауырым!
Өзіңнің Шардара ауданының Құрметті азаматы, білікті журналист екеніңді білемін.
Уақыт тапсаң осы мәселені бірлесе зерттеп, арнайы материал дайындауға қалай қарайсың?
Осы мәселені "Ашық алаңда" талқылауды ұсынамын.
ҚР Премьер-Министрі ресми сайты
Рүстем ӘШЕТАЕВ,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер