АҚШ-та ең жас магистрант вундеркинд қазақ баласы болмақ

4447
Adyrna.kz Telegram

АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫНДАҒЫ ЕҢ ЖАС МАГИСТРАНТ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ БОЛМАҚ, ЕГЕР ДЕ…

    12 жасында «ең жас студент» атанған Қазақстанның вундеркинді Абзал Мырзаш, 16 жасында АҚШ-тың Индиана штатының, Саут-Бенд қаласындағы, Нотр-Дам университетінің магистратурасына компьютер ғылымдары және инженерия магистрі дәрежесіне оқуға түсті.

 

АҚШ-та техникалық ЖОО-да бакалавр дәрежесін алғандар бірден 5 жылдық Ph.D докторантураға оқуға түсуге болатындықтан, Абзал былтыр күзде TOEFL, GRE емтихандарын тапсырып жоғары балл жинады. Сөйтіп желтоқсан айында АҚШ-тың 6 университеттерінің докторантурасына, яғни 14.12.2020 жылы Пенсильвания университетіне, MIT, Гарвард университетіне, Принстон университетіне және 02.01.2021 жылы Йель университеті мен Нотр-Дам университетіне докторантураға (Ph.D компьютерлік ғылымдар докторы дәрежесіне) тегін оқуға түсуге өтініш беріп, құжаттарын тапсырған болатын. Ол кезде Абзал 15 жаста еді.

 

Наурыз айының екінші жартысында жоғарыда аталған 6 университеттен де: «Биылғы жылы сіз сияқты репутациясы жоғары претенденттер өте көп болды. Сіз қабылданбадыңыз. Бізді таңдағаныңызға алғыс білдіреміз», деген хат келді. Бізге бұл күтпеген жағдай болды.

 

"TOEFL, GRE емтихандарынан, тест сынақтарынан жинаған балдарының бәрі жоғары, мотивациялық хаты, эссесі, резюмесі, GPA, жалпы портфолиосы жоғары деңгейде, бұл қалайша?" деп түсінбей қалдық.

 

Сөйтсек, Абзалдың жасы жетпеген екен. АҚШ-тың барлық университеттерінде Ph.D докторантураға 22-23 жастан асқандарды ғана қабылдайды екен.

 

Ал жас мөлшеріне қарамай ерекше дарынды балаларды қабылдайтын Mассачусетс технология институты мен Гарвард универстетінің талабы бойынша да Ph.D докторантураға қабылданатын минимальді жас мөлшері 21-22 жастан кем болмауы керек екен.

 

Алға қойған мақсаттарына жету үшін Абзал 6 университетке де докторантурада оқуға өзінің алдында жазған мотивациясын айқындайтын эссесін толықтырып, ғылым жолын таңдауы нақты шешім екенін дәлелдейтін хат жазып жіберді.

 

Содан Гарвардтан, Пенсилвания, Принстон университеттерінен: «Абзал, сізде бәрі жоғары деңгейде екен, бізді қызықтырдыңыз. Бірақ шешіміміз соңғы шешім, оны өзгерте алмаймыз. Сіз әлі жассыз, бізге оқуға тусуге уақытыңыз да, мүмкіндіктеріңіз де бар. Сізге сәттілік тілейміз!», - деген хат келді.

 

Ал Нотр-Дам университетінен: «Сіздің жасыңыз жетпегендіктен қабылдамап едік. Конкурс өтіп кетті. Енді жыл басында қарастырылған қаржылық ресурстарымыз өткенде қабылданғандарға бөлініп қойғандықтан, бос қаржы ресурстары қалмады. Ендігі қаржы жылдың аяғында қарастырылады. Сондықтан біз сізді қабылдай алмаймыз. Бірақ сіздің мемлекетіңізден қаржы (білім гранты) бөлінетін болса, сізге магистратурада оқуды ұсынамыз, егер бәрі жақсы болса, онда 2 семестрден кейін докторантураға АҚШ-тың Ұлттық Ғылым фондысының қаржысына (білім грантына) тегін оқуға ауыстырамыз. Біздің тәжірибемізде магистратураның 2 семестрінен кейін докторантураға ауыстырылғандар бар» деген еді.

 

Арада қаншама хат жазысу, әсіресе Нотр-Дам университетінің профессорларымен сұрақ-жауап жазысу бір-екі аптаға созылды. Одан кейін Абзалды олар сұқбатқа (интервьюге шақырды).

 

Сұқбат 21.04.2021 күні «зум» арқылы онлайн-режимде өтті, 30 минут бойы профессорлардың сұрақтарына мүдірмей нақты жауап беріп отырды.

 

Интервью барысында Абзалдың ғылыммен айналысуға білімі жеткілікті, интеллектісі жоғары және психологиялық тұрғыда да дайын екеніне көздері жеткен Нотр-Дам университетінің профессорлары Абзалға алғыстарын жаудырып: "небәрі 16 жаста болсаңыз да өзіңіздің ғылыммен айналысуға дайын екеніңізді дәлелдедіңіз, интелектіңізге қарап ерекше дарын иесі екеніңізге көзіміз жетті. Біз сізді қабылдаймыз, бірақ өзіміздің департаменттен рұқсат алуымыз керек, өйткені университет талабы бойынша магистратурада оқуға жасыңыз жетпейді. Сіз Қазақстанда ең жас студент болған екенсіз, егер бізде оқысаңыз Америкадағы ең жас магистрант боласыз" депті.

 

27-ші сәуір күні "Қымбатты Абзал Мырзаш, сізді қабылдауға департамент келісімін берді. Құттықтаймыз, сіз қабылдандыңыз! 2-3 күнде ресми хат жібереміз" деген хат келді.

 

Ал 30-шы сәуір күні Абзал АҚШ-тың Нотр-Дам университетіндегі магистратураға «компьютер ғылымдары және инженерия магистрі дәрежесіне» оқуға қабылданғаны және оқуға шақырту туралы ресми түрдегі хатты алды.

 

Енді Абзалға АҚШ-тағы Нотр-Дам университетіндегі магистратурада (Graduate School, Department of Computer Science and Engineering, University of Notre Dame, South Bend, Indiana, USA) оқу үшін қаржылық көмек (білім гранты) керек.

 

Біз «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының мамандарына хабарластық, олар бізге Абзал дипломын алған соң ғана білім грантына (қаржыландыруға) үміткер ретінде «конкурстық іріктеуге» қатысуы керек, деді.

«Оқудан кешікпес үшін диплом алғанға дейін транскриптпен өтініш беріп, магистратураға қабылданған қағазымды тапсыра берсем бола ма», деген Абзалдың сұрағына: «Сіз бакалавр дәрежесі берілген дипломды алғаннан кейін ғана Халықаралық бағдарламалар орталығы Акционерлік Қоғамына жүгінуіңіз керек. Әзірге дипломсыз сіздің өтінішіңізді де, құжаттарыңызды да қабылдай алмаймыз. Оның үстіне құжаттар «egov.kz» порталы арқылы электронды түрде қабылданатын болғандықтан сіздің транскриптіңіз қабылданбайды, яғни жібере алмайсыз. Тек дипломды алғаннан кейін ғана жібере аласыз. Ол кезде сіздің құжаттарыңыз екінші потокта тіркелетін болғандықтан, конкурстық іріктеуге тек күзгі қазан айында ғана қатыса аласыз»-деп жауап берді Халықаралық бағдарламалар орталығы АҚ-ның «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсының мамандары.

 

Сонда қалай болғаны? Абзал АҚШ-тағы Нотр-Дам университетінің магистратурасына дипломсыз, электрондық тіркеу арқылы транскриптпен қабылданып отыр ғой. Неге біздің елде солай жасалынбайды?

 

Сол себепті 13.05.2021 ж. еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа виртуалді бөлмесіне хат жазған едік. 18.05.2021 күні Президенттің кеңсесі ол хатты Білім және Ғылым министрлігіне жолдағаны туралы жауап жіберді.

 

03.06.2021 күні Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырзадан: «Бүгінгі таңда Министрлік білім беру саласындағы халықаралық келісімдерді жүзеге асыруда, оған сәйкес баламалы студенттермен Әзірбайжан, Венгрия, Латвия, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз университеттерімен алмасу жүзеге асырылады. Моңғолия, Корея, Беларусь, Польша, Тәжікстан, Вьетнам Социалистік Республикасы және Украина қамтамасыз етілген. Шетелде оқуға мемлекеттік грант бөлуге қатысты Министрліктің мүмкіндігі жоқ екенін хабарлаймыз, өйткені бюджет қаражаты тек жоғарыда аталған келісімдер шеңберінде беріледі» деген хат алдық.

 

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ да «egov.kz» порталы арқылы жолдаған хатымызға «біздің компанияда білім гранты бөлінбейді, білім саласын қаржыландыру қарастырылмаған» деген жауап алдық.

 

Бүгін 9-маусым күні Абзал Мырзаш ІТ бакалавр дәрежесін алу үшін «димпломдық жобасын» жоғары балға (А+) қорғады.

 

Абзал «Ақпараттық технологиялар бакалавры дәрежесі» берілгені туралы дипломын осы маусым айының аяғында ғана алады. Ол кезде Болашақ бағдарламасына өтініш берсе бәрі де тым кеш болады, ешнәрсеге үлгермейді екен.

 

Өйткені Нотр-Дам Университетінің магистратурасының оқу бағдарламасы бойынша күндізгі бағдарлау (очная ориентация) 2021 жылдың 16 тамызында, ал күзгі семестр 23 тамызда басталатындықтан, Абзал осы 2021 жылдың 1 тамызында АҚШ-тағы Нотр-Дам университетіне баруы керек. Оған дейін F-1 немесе J-1 студенттік виза алу үшін магистратурадағы оқуын төлейтін және берілетін стипендияны растайтын «қаржы сертификатын» тезірек алуы керек.

 

16 жасқа жаңа толған дарынды баламыз Абзал түсіп тұрған оқуына бара алмай қалса, үлкен өкініш ғой. Еліміздің ғылымын көтеремін деп отырған дарынды баланың ғылымға құштарлығын қолдап, АҚШ университетінің магистратурасында оқуын қаржыландыра алатын азаматтар болса мына ұялы телефонға 8-707-292-27-20 хабарласуын сұраймын!

(Осы номерде Kaspi-GOLD бар).

 

09.06.2021 ж.,

    Абзалдың әкесі, Ph.D., м.ғ.к., дәрігер-кардиолог

   Дауренбек Мырзашұлы Нысанов

 

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер