Белгілі театр актері - Сахан Әкелеев қайтыс болды

4466
Adyrna.kz Telegram

Сахна саңлағы Сахан Долдыұлы Әкелеев 63 жасында дүниеден озды.

Ол 1958 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Шілікті ауылында туған. Қазақ. Әкесі - Әкелеев Долды Бөленбайұлы (1907-1971). Анасы - Әкелеева Әдембай Әбдірахманқызы (1918-1990).

Алматы мемлекеттік көркем театр институтын (1984) драма және кино актері мамандығы бойынша; Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (1991) концерттік- опералық әнші, дәріскер мамандығы бойынша бітірген. 14-тен астам музыкалық шығарманың әуені мен сөзінің авторы, оның ішінде: «Казақстаным», «Жастықдәурен», «Мөлдір сезім», «Жасұлан», «Ұлыма», «Алтын ұя мектебім».

Еңбек жолы:

1986 жылдан - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі оқытушысы. 1988 жылдан - Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының қосалқы құрамының әртісі;

1993 жылдан - ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық ән және би ансамблінің көркем жетекшісі, бас хормейстері;

2005 жылдан - Ж. Шанин атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының вокал дәріскері. 2006 жылдан - Қазақ спорт және туризм академиясының музыкалық жетекшісі;

2008 жылдан - Т.К. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жеке ән орындау кафедрасының аға оқытушысы;

2009 жылдан - Алматы қаласындағы «Шығыс Жұлдыздары» байқауының ұйымдастырушысы;

2010 жылдан бері - Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының директоры. Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі болды.

Марапаттары:

Ауғанстан Ардагерлері одағының «Батыр Шапағаты» медалімен (2010), ҚР Қорғаныс министрлігінің (1997-2000), ҚР Білім және ғылым министрлігінің (2010) грамоталарымен марапатталған. Әскери атағы - запастағы майор. Сахан Долдыұлы - дінге берік, діндар кісі болған.

Туыстары мен жақындарына "Адырна" ұлттық порталы ұжымы қайғырып, көңіл айтады.

Ер есімі - ел есінде!

Пікірлер