Болашақ балалардан басталады

2682
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіз еліміздің тірегі, болашағы – жас ұрпақ. Бұл орайда оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие берудің маңызы зор. Дәл қазіргі уақытта балалардың пандемия кезінде білім алуларындағы олқылықтарын толықтыру мақсатында жазғы мектеп жұмысын жүргізуде. 

Кеген ауданындағы ұлағатты ұстаз, білікті басшы Лара Нүсіпқожаева жетекшілік жасайтын С. Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясындағы жазғы оқытуға 1 және 8-сынып аралығындағы 250 бала тартылған. Олардың бәрі «Қыран», «Жас Ұлан», «Патриот» секілді 17 топқа бөлінген. Мектепте 1 маусым мен 19 маусым аралығындағы дәріс күндерінің бәрі атаулы іс-шараларына толы. Атап айтсақ, «Жас блогерлер күні», «Эко күні», «Оқуға құштар мектеп күні», «Поэзия күні», «Дебаттық күні», «Жас көшбасшылар күні» секілді күндердің берері көп, тартар сыйы аз емес. Жазғы мектеп тұсында оқушыларға әсіресе, математика, ағылшын тілі, тарих, дүниетану секілді ең негізгі күрделі пәндер бойынша жеткілікті дәрежеде дәріс беріледі. Сабақтан кейін шәкірттер  әр күні дәмді тағамдардан, сусындардан дәм татады, ойын ойнайды, уақыттарын көңілді өткізеді. Бұған «Балдәурен» сауықтыру лагерінде демалып қайтқан шәкірттер де үлестерін қосуда.Лара Нүсіпқожаева бастаған мектеп ұжымы балаларды қорғау күнін есте қаларлықтай етіп өткізді. Бұл күні балалар асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойын түрлерімен айналысты. Сурет салды, мектеп алдына төселген оюлы тастардың бетіне айшықты қолтаңбаларын қалдырды. Ұлағатты ұстаздары Гүлғасын Шоранова мерекеге орай ұстаздық, аналық ақ жүрегімен қолдаушылығын көрсетіп, әр топтың балапандарына балмұздақ сыйға тартты. Осы күні балалар әсем саз аясында түрлі ойын ойнап, шат-шадыман қуанышқа кенелді. Балапандарды қуантқан, олардың төл мерекелерін тамаша етіп өткізген мектеп басшылығына ата-аналардың алғыстан басқа айтары жоқ.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы

Пікірлер