Отбасының ұйытқысы – ұлттық үлгі

3483
Adyrna.kz Telegram

«Жақсының аты өлмейді» дейді Бұқар жырау. Сол жақсы қайдан шығады? Киелі отбасынан, иесі бар, дәстүр жүйесі бар, ұлы әкесіне қарап, қызы шешесіне қарап өскен, ел-жұрты іргелі, үлкені үлгі, кішісінің кісілігі бар жұрттан шығады. Ондай жұрт ұл мен қызын, «Үлкеннің алдында иіліп сөйле, кішінің алдында сызылып сөйле, иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді, сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді» (Бөлтірік шешен) деп тәрбиелеген. Мұның бәрі бабалар өсиеті еді. Қазақ отбасы деген сөзді – бұрынғы дөңгеленген қараша үйіндегі дөңгелек ошақтың отынан алып отыр. Отын жағып, отбасын ұстай алмаған ер мен әйелді от та жақтырмайтын көрінеді. Шамданса сөніп қалады екен. Жер-Ана, От-Ана деуі де содан болса керек. Отын жағып, отбасын ұстай алмағанды тезге салып тексеріп, бері тартқанда кері кетсе, жазасын беріп, телі мен тентектің қатарында қалыпқа салған. Мұхтар Әуезовтің «Отан – отбасынан басталады» деуі де содан болса керек.

Иә, қазір заман өзгерді дейміз. Өзгерген заман ба, адам ба – заманның жаманы жоқ, адам өзі өзгеріп, соны бір белгісіз ұғымға тели салатын секілді. Бүгінгі отбасы туралы әңгіме көп. Әркім әр қырынан келеді. Біреуден біреу көреді, өзіне жолатпайды. Баласы тәртіпсіз болса, қызы ұрыншақ болса, көргенсіз деп, себебіне көз жеткізбей тұрып көршісіне жаба салады. Ашық-шашық қоғамға келіп кірдік. Жат қылықтың кесірін кімнен, неден көрерімізді білмей далмыз. Кейбір отбасыларындағы ойран жаға ұстатады. Күйіп-жанып үй болғандардың үштен бірі жылға жетпей жаққан отын өшіріп, ажырасып жатыр. Соңғы кезде ажырасу артып, некеге тұру саны кеміген. Бұл ертең ұлтқа жұт болып жүрмесін. Жетім бала, жесір әйел көбейіп, еркегі «бойдақ» атанып безіп кететінді шығарды. Шырылдаған күнәсіз сәбилер қоқыстан табылатын болды. Бұған бой үйреніп кетті ме, селт ете қоймаймыз. Безбүйрек ана, тасжүрек ана дейтініміз және бар. Безбүйрекке, тасжүрекке неге ана деген ардақты сөзді қосамыз? Осындай әрекетке ол пенделер қалай барды, кім апарды дегенді қағыс қалдырамыз. Олардың ауыз бармайтын қылығын жирене айтып жар саламыз. Безбүйрек, тасжүректі іздегенде, неге безбүйрек, тасжүрек «әкені» қоса іздемейміз? Екеуін қатар қойып жазаға тартсақ, бейкүнә сәби азаяр еді. Көрші елдерде безбүйрек әкелердің сілекейін шұбыртып тастанды баланың әкесі екенін анықтап, қанша жерден мөңкісе де бұғақтап, мойнына күнәсін іліп, күнәһар екеніне көзін жеткізіп жатады. Бізде оның аз-кем елесі бар. Бірақ тереңдеп баруға ұят қы­са­тындай. Ұят қысатыны бар, олар қылмысқа аяқ басарда қалай болар екен дегенді ал­дын ала неге ойламаған? Сө­зіміз жалаң болмасын, дерекке жү­гінелік. Еліміздегі жалғыз бас­ты аналар саны 40 мыңнан аса­ды екен. 700 мыңға жуық ба­ла анасымен бірге күн кешсе, әке тәрбиесіндегі ұл мен қыз 300 мыңнан асқан. 31 мыңнан аса бала туған-туысқандарын жа­ға­ласа, оның 6 мыңы ғана тұл же­тім көрінеді. Ал 350 мыңнан аса бала заң бойынша төленуі тиіс алименттен айырылған. Қаш­қын әкелердің қарызы 2 млрд тең­геге жуықтапты. Алда айттық, ажы­расу деңгейі де өспесе, кемі­мей отыр екен. Бұл ұлттық отба­сы­ның қожырауынан ба, әке мен ана тәрбиесінің кемдігінен бе, бала психологиясын ойлаудың аздығынан ба, әлде жанбақпақ парыздан ба, әлде дүние қуудың кеселінен бе – сұрақ көп, жауап сан тарау. Иә, жары мен баласынан жалт беріп, оларды шұбыртып кеткен еркек, ұл-қызын еріне итеріп тастап зытқан әйел қашан кемір екен? Бір топ баласын жетелеп үйсіз-күйсіз, бір үзім нанға зар болып жүргендер де жоқ емес. Олар осындай күйге қалай түс­ті демей, себебін білмей, на­рық талабын, заң тармағын ал­ға тар­татындар жеріміз кең, бай­лық жетеді, халқымыз аз, ал бар­дан үлес алар бұлар да ұлт ұр­пағы десе қайтер еді? Әшей­ін­де қазақтың кеңдігін, дар­қан­дығын мақтан етеміз? Бірақ сол дарқандық кембағалға жете бермейді. Ең сорақысы әкеге, анаға қол көтеретін имансыздар да табылып жатыр. Кейде балалар үйі азайғанын айтамыз, есесіне қарттар үйі бел алып ба­ра жатқанын ескермейміз. Оны жасап жатқандар қатыгез ұл мен қайырымсыз келін десек, қа­­телесе қоймаспыз. Оларға да бір замандары кәрілік келмей қой­­­мас. Атам қазақ «Атаңа не қы­л­­саң, алдыңа сол келеді», деу­­­ші еді ғой. Бұл да отбасы құн­­ды­лығының құлдырап бара жат­қанын көрсетпей ме? Діннің жат ағымында жүргендер қаншама? Осындай ұлтқа қауіпті іске неге жұрт болып жұмылып қар­сы тұрмаймыз? Жоғарыдағы кей­бір деректердің өзі соған же­тіп жатыр емес пе? Жүздеп емес, мыңдағанға қарай бет алуы қазір серпілтпесе, ертең есе бермей кетіп жүрмесін. Мүм­­кін отбасының отанасы, ұл мен қызды тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп өмірге әкелетін, бы­лай­­ғы аналардың әлеуметтік жағ­дай­­ын оңалту керек болар. Ұлы Мұ­­қаң, Мұхтар Әуезов «... адамды хайуандықтан адамшылыққа кір­гіз­ген – әйел. Адам баласының адам­шылық жолындағы таппақ та­ра­қияты (тағылымы) әйел ха­ліне жалғасады. Сол себепті – әйел басындағы сасық тұман айық­пай халыққа адамшылықтың ба­қытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» деп еді ғой. Осыны бұлжытпай, сөзге ерік бере бермей орындау керек болар. Біз кейде бұл ұлы ойдың негізгі желісін айтпай «бесігіңді түзе» дегенді жалаулататынымыз бар. Тіпті халықтық қағида дейтіндер де табылып жатады. Ақиқатында ананың жағдайы түзелмесе, ұрпақтың түзелуі қиын. Егер ана мұңсыз болса, ұлттық демог­ра­фия да демікпейді. Кәрі құр­лық­тағыдай қарттар да көбей­мейді. Жас мемлекеттің жасын ұрпағы жар­қылдап өсе береді. Бұл арада да өзгелер тық­палайтын әйел құ­қығы, біздің ер­ден неміз кем деу де алдымызды орар. Қа­зақ­тың қаны, жаны бары оған төзбесі бел­гілі.  Дүние теңселіп тұрғанда ұлт тек үлгісіне қарай ұйысу ке­рек. Ұйыспаған, еліктегіш көрс­е­­қыздар ұлт қатты толқынға шы­дас бермейді. Оны әлемдегі ірі­ген­дерден көріп отырмыз. Жой­­ылған ұлттар зауалды сондай қылығынан тапқан. Жаттан ба­қыт табамын деп, сор қапқан. Са­насын да, қол-аяғын да сол елік­­теу мен солықтау шапқан.  Осындай жетесіздікті жоюд­ың бір жолы – ұлттық ар мен намыс­ты, отаншылдық рухты еш нәр­сеге теңгермей биікке көтере бі­луде жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру жөніндегі ұлы идеясының алтын арқауы осы.  Қазақ отбасының тірегі әке  мен шеше деп білген. Әке – қор­ған, ана отбасының жылуы деп ұққан. Бізге ұлан-асыр жер, ұшан теңіз байлық қалдырған бабаларымыз оқымаған. Бірақ көңілдері кен, ой-санасы кең, пердесіз таза бол­ған. Сол ұлттық сана, бола­т­тай берік дәстүр қазақты бү­гінгі күнге жеткізген. Елбасы ұлт­тық болмысты ұққанға әде­мі айтып отыр. Әрине ол дәу­ір бөлек, бұл заман басқа еке­ні рас. Тек өткеннің озығын алып, оны әлемнің жақсысымен жал­ғастырсақ, ұлттық бейне қа­лы­бын­да сақталады. Ал Абай айт­қан­дай, жетесіз заманға күй­леп, ол ой-санамызды билесе, өз­ге­нің жаман-жәутігіне жабыс­тырып, теліп қоюы да ғажап емес. Салт-санасын, ұлттық үл­гі­сін жоғалтқан жұрт жойылмай қоймайды. Ал оны сақтаған ха­лық мәңгі жасары даусыз. Сонымен дәстүрлі қазақ от­ба­сының жақсылығымен қоса, әт­тегенайы да аз болмай тұр. От­басы үлгісінде оқшаулануға бол­майды. Кең дүниемен байланыс орнатуымыз керек. Тек ала-құ­ла тірлігіне желімдей жабыс­пай, қажеттісін алып, қажетсізін ойы­мызға да, бойымызға да да­рытпасақ ұтылмас едік. Ұтыл­мау­дың тағы бір жолы – еліктеу мен солықтаудан арылу. Бұған еркін заманды желеу етудің еш қажеті жоқ. Үлгі көрсететін алдыңғы толқын әжелер мен аталар, әкелер мен шешелер болуы тиіс. Олар еліктеудің жетегінде ке­тіп, ері мен әйелі киім киюі, жү­ріс-тұрысы жағынан ұлттық үлгі­ден ажыраса, онда кейінгі жас­қа өкпелеудің орны бола қояр ма екен? Бұл ойларды қозғауға не себеп болды дегенге келсек, өткен айдың соңына қарай «Ауыл» партия­сы отбасы құндылықтарына арналған дөңгелек үстел өткі­зіп, Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты ма­қа­ласындағы келелі ойды әң­гіме арқауына айналдырған еді. Алқалы отырысқа қатыс­қа­н­дар арғы-бергі тарихты шолып, кіндігінен ажырап қал­ған жұрттың мінез-құлқы өзге­ретінін, сол өзгеру отба­сы­нан басталатынын тілге ти­ек етіп, оның беріктігін қай­тсек ор­нық­­тырамыз деді. Әлем­дік деп бәріне жүгірмейік, тозы­ғын жо­латпайық, әлсіреп қалған қо­­ғамдық бақылауды жан­дан­ды­райық, әлеуметтік пси­хо­ло­гияға мән берейік, ата мен әже, әке мен шеше, келін мен бала өз орнын білсін десті. Оянайық, ойланайық, ұлтты сақтайтын ұрпақ. Ұрпақ тағдыры бүгінгі толқынның қолында, әр адам оған жауапты, білім-білік, оқу-то­қу, дәулет-сәулет баршылық, тек отбасын оңалтуға мықты тірлік, ұғатындарға, жақсыларға бұл да ілік деп, сөз түйініне отбасының ұйытқысы ұлттық үлгі, сол ұлттық үлгі сақталмаған жерде ер мен әйелдің «бәсекесі» өршіп, тұтас отбасының бүлі­нуіне әкелмей қоймайды, ке­ші­рімді болайық дегенді қадап ай­тып жатты.  Сол арада Мұхтар Әуезовтің әрбір ұлт оқығанына айтқан мына бір жетелі сөзі ойға оралып еді. «Енді бұдан кейінгі қа­зақ жұртының күзетшісі осы оқы­ған азамат. Бұдан былай қа­зақ жарға жығылса обалы, жақ­сылыққа жетсе мақтаны – оқыған азаматта». Осыған қа­ра­ғанда отбасын оңалту тізгін ұс­тағандардың үлгі-өнегесіне, сө­зі мен ісі үйлескен, бүкіл адамзатт­ы бауырым дегенде, неге өз халқыма ұл, қыз болмаймын, барын молайтып, жоғын та­бамын, кемін толтырамын, же­тімін жылатпаймын, бабалар жо­лы, даналар жолы маған да жат емес деген азаматтардың тәу­е­келіне тәуелді екен. Жалпы халық қашан ұя бұзып еді? Теріс іске қиналғанмен, оң іске иланған дарқан пейілін айтсаңшы! Соны ұққан жанның абыройы артық, беделі берік.


Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Пікірлер