Жанкүшік – Алашорда съезінің делегаты

2886
Adyrna.kz Telegram

14-2Наурыз айының соңғы күндерінде Алматыға барған сапарымда Ұлттық кітапханадан біздің Қазалыдан Алашорда съездеріне қатысқан адамдар туралы дерек іздестіргенім бар. 1929 жылға дейін Қазалы уезд орталығы болған. Уезге Сексеуіл мен Түркістан аймағы түгел қарайтындықтан, көпшілігі таныс емес есімдер болып шықты. Мен өзіме таныс үш кісіні ғана аңғардым. Бірі – кезінде Қазақстанның ауыр өнеркәсіп наркомы болған қазалылық Меңдібұлла Күзембаев. Екіншісі – Алдасүгір деген болыс. Үшіншісі – Жанкүшік. Меңдібұлла, Алдасүгір және Қарайғырдың Әжімбеті туралы әңгімені Бекарыстан би ауылына әдейілеп барып, Есет Ешниязовтан жазып алғаным да есіме түсті:

– Мен ол кезде баламын, Алдасүгір – туған нағашым. Нағашымның үйіне Алматыдан Меңдібұлла Күзембаев келді де, Қарайғырдың Әжімбетін (Өтеулиев) шақыртып алды. Есіктің сыртына «бір адам келе жатса белгі бер» деп мені отырғызып қойған. Бұл – 1938 жыл еді. Сол жылы кеңеске жасырын қатысқан үшеу де ұсталды. Меңдібұлла мен Қарайғырдың Әжімбеті атылды. Теңел Жұмабаевтың қолжазбасынан білгенім, Алдасүгірді сол кездегі Қазалы аудандық комитетінің төрағасы Бегімбай Қосаев түрменің бастығына он төрт арба астық бергізіп, түрмеден қашырып жіберген екен. Қазалылық белгілі ұстаз Бақберген Есенқұловтың «Ұстаздық жолым» атты кітабында да Алматыда ауыр өнеркәсіп наркомы болып тұрған Меңдібұлла Күзембаев Қазалы ауданына келіп, ауылдық кеңес төрағасы Орналының Үмбетінің үйіне Қарайғырдың Әжімбетін шақырып алып оңаша сөйлесекені айтылады. Сол сапарда Меңдібұлла да, Әжімбет те, Үмбет те ұсталып, із-түзсіз кетеді. Екі оқиға да бір сапарда болған.
1918 жылы «Бірлік туы» газетінің №21 нөмірінде Түркістанда өткен Алашорда съезіне қатысқандардың сөзі жарияланады. Съезге Қазалы уезінен қатысушы Жанкүшік Қазалы халқының су жоқтықтан егін еге алмай, бұларға тиесілі суды жоғарыда жатқан елдер бөгеп тоқтатып қойғандығын, сондықтан Қазалы уезінің халқы басқаларға қарағанда тапшылық көріп отырғанын айтады. Осы мәселені қарап съезд шешім шығарса дейді. Қоңырқұлжа Қасымов бұл мәселені Түркістан Уақытша Хүкіметіне айтып, тоқтату керектігін, мәселені шешуді өз міндетіне алатынын ескертеді. Қазалыдан барған делегаттар елдің большевиктерден көрген зорлығын ортаға салып, бұған Қазалы халқының қатты тынышы кетіп тұрғанын сөз етеді. «Большевик хүкіметін қазақ-қырғыз танып айтқанына жүрмейді. Екіншіден, бұл большевик хүкіметінің ізіне еріп, халықтың берекесін кетірген қазақ-қырғыз баласы болса, бұларға наразылық ұлт дұшпаны, ел дұшпаны екені жария етілсін» деп съезд қаулы қабылдайды («Бірлік туы», 1918 жыл, №21).
Осы съезде Қазалы халқының халі мүшкіл екені, оларды ашаршылықтың жүдетіп тұрғаны келтіріледі. Бір айға жарты қадақтан ұн береді. Ол да қолға уақытымен тимейді. Оның үстіне жерде от, қолда пішен жоқтықтан, қазақтың сүйенген малы қырыла бастаған (261-құжат). Съезге келген өкілдердің осы іспетті баяндамаларын тыңдап, большевиктер билікке келген тұста елдегі әлеуметтік жағдайдың қиын болғанын көреміз. Съезд Түркістан автономиясының уақытша өкіметінен халықты мұндай апаттан құтқару шарасын жасауды сұрау керек деген ұйғарымға келеді (Қазақ ұлт азаттық қозғалысы, 4-том. 107-б.)
Осы съезге қатысқан Жанкүшік ­Тұман­бай­ұлы – Мақпал-Қостам болысының биі еді. «Бай болған, мырза болған адам» деген әңгімені Түктібаев аулының тұрғыны Томаев Аймағанбет ақсақалдан естідім.
Жанкүшік 44 жасында өмірден өткенде, жаназасына жиналған адамнан жер қайысыпты. Сонда Жанкүшікті жерлеуге келгендер «Асанның ақсақалы қайтты» деген екен. Алашорда мүшесі болып, Қазалы халқының сөзін ұстаған Жанкүшік Тұманбайұлын, Меңдібұлла Күзембайұлын, Әжімбет Қарайғырұлын, Алдасүгір Тәтіұлын, Үмбет Орналыұлын ұмытпай, Алаш қозғалысына 100 жыл толған атаулы кезеңде есімдерін еске алу біздің парызымыз.

                                                                                                     Ғалия Орынбасар

                                                                                                     Қызылорда облысы

                                                                                                     Қазалы ауданы

Пікірлер