Шымкентте рәміздер күніне орай автокөлік шеруі жолға шықты

1289
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай эстафета түрінде автокөліктер шеруі басталды. 

Іс-шараның мақсаты - мемлекеттік рәміздердің еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі екенін, сондай-ақ халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгі ретінде таныту.

Эстафетаны алғаш болып Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшысы Сәкен Майғазиев бастады. Қолына көк туды алып, 12 өнерпазбен бірге көлікпен қала көшелері арқылы «Арбат» демалыс аймағына жол тартты. Ол жерде «ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері», бокстан Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы Біржан Жақыповқа эстафетаны жолдайды.

Әрбір белгіленген орында тұрғындарға рәміздерге байланысты сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға «QAZAQSTAN» шоколады табысталады.

Кең баба саябағында спортшы эстафетаны №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Донбайға ұсынады.

Кейіннен шеру Асар шағын ауданында «Үздік педагог-2020» Жадыра Шабденге, одан ары "Шымкент Ситиді" айналып өтіп, Әкімшілік іскерлік алаңына қарай жол тартады. Ол жерде бүгінгі күннің батыры №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Вахиджан Казакбаевқа табысталады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер