Маңғыстау облысында су тұщыту зауыты іске қосылады

2341
Adyrna.kz Telegram

Биыл Маңғыстау облысында халықты сумен қамтудың 5 жылға арналған бағдарламасы аясында «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізу көзделуде деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Биыл бұл жобаның екінші кезеңі басталды. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл жобаға қаржы бөлінген.​

— Сонымен қатар Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту зауыты биыл іске қосылады. Зауыт іске қосылғаннан кейін «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырынан босайтын су көлемін өңірде қалдыру – бұл ауыз су көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі С.Трұмов Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде.

Жаңаөзен қаласын толықтай сумен қамтамасыз ету үшін «Кендірлі» курорттық аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытатын зауыт салу көзделіп отыр. Бүгінде «ҚазМұнайГаз» компаниясымен Кендірлі аймағында салынатын зауыттың құрылыс жұмыстарын бастауға құжаттар рәсімделуде. ​

Сондай-ақ алдағы уақытта Құрық, Форт-Шевченко, Сайын мен Ақшұқыр ауылдарында су тұщыту қондырғыларын салу да жоспарланып отыр.​

Айта кету керек, аталған отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Маңғыстаудағы сумен қамтуға бағытталған жобаларға қолдау білдіріп, жүзеге асыруды тапсырған болатын. Бұл жобалардың барлығы өңір басшысының бақылауында. 

 

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер