«Арғымақ» – этнографиялық жинақ

4360
Adyrna.kz Telegram

Белгілі журналист Бағдат Мұхтарұлының халқымыздың атбегілік өнеріне терең бойлап, тұлпар тізгіндеген азаматтар туралы, сәйгүлік мініп, салтымыздың сойылын соққан сейістердің шапқан жүйріктері мен алған бәйгелерін топтастырған «Арғымақ» атты туындысы жарыққа шықты. 
Ұлттық кітапханада өткен кітаптың таныстырылымында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары М.Райымбекұлы, «Жалайыр Шора» бүркітшілер мектебінің бас директоры Б.Мүптекеқызы, Қазақ ұлттық Аграрлық университетінің профессоры Қ.Исхан, ҚР Мәдениет қайраткері С.Қалиев, Қазақ радиосының редакторы Б.Жағыпарұлы, Қызылордадан арнайы келген атбегі П.Күзембай және т.б. сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.

Аталған еңбек Ақан серінің Құлагерінен бастау алады. Автор «Жылқының жырын айтып, сәйгүліктің сырын сипаттағанда, тұлпардың түр-тұрпатын түгендеп тілге тиек қылғанда Құлагердің аты аталмай қалмайды. Қазақ даласында осы уақытқа дейін талай тұлпар болғаны хақ. Бірақ бүгінге аты мен атағы жеткен жалғыз тұлпар – Құлагер» дей келе, ақын-жазушыларымыздың қалам тербеп, абыройын арттырып, даңқын асырғандығы, Ерейментау ауданындағы Егіншілік совхозын басқарған ұлты неміс Андрей Риммер деген атбегінің ұйтқы болуымен Ерейментауда, жазушы Сәдібек Түгелдің бастамасымен Астана іргесінде ескерткіш қойылғандығы айтылады.
Әр жүйріктің өз тарихы бар. Мәселен, Кер ат Абайдың 100 жылдығында жүз аттың ішінен топ жарған жүйрік. 1945 жылы 5 тамызда Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай Қарауылда той өткізіп, ақын құрметіне ат шаптырады. Оған жазушы Мұхтар Әуезов, әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасов арнайы қонақ болып келген. Сол аламан бәйгеде Абай елінің Кер аты топ жарып, бас бәйгені алады. Сондай-ақ әлемге әйгілі Абсент, т.б. арғымақтар жөнінде толық ақпарат алуға болады. Атбегілік өнер қазақтың қанында бар қасиет. Аты аңызға айналған абыз атбегі, Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері Бошай Кітапбаевтың жаратқан жүйріктерінің аты ел-жұртқа мәлім. Заманында хас тұлпарларымен аты шығып, абыройы асқан атбегі туралы жазушы Ғабит Мүсірепов қалам тербеп, үш тұлпар туралы баспасөзге жазса, ақын Кәкімбек Салықов үш жүйрікке жыр арнады.
«Құлан-қара, Бұлан-қара, Жел-мая!.. Бұл үш қара аттың үшеуі де Шығыс Қазақстандағы Үлкен Нарын ауданындағы Ленин колхозының аттары. Колхоз тұрсын ауданына, аудан тұрсын облысына, облысы тұрсын бүкіл республикамызға абырой-атақ әперіп жүрген әйгілі аттар: «Құлан-қара» мен «Бұлан-қара» – бәйге аттары, «Жел-маясы» – жорға. Сенімді жылқышы, тәжірибелі атпаз Қожамсейіт Асантаев үш қараның шашасына шаң жұқтырмай бақса да, ат баптаудың қос тізгіні Бошайдың өз қолында екені даусыз. Сондықтан атақты үш қара ат Бошайдың үш қарасы деп аталады. Бошайдың үш қарасын мен екі ұлы тойда көрдім: алғаш рет ұлы ақынымыз Абайдың туғанына 125 жыл толған тойында. Екінші рет халықтық поэзияның алып ақыны Жамбыл бабамыздың туғанына 125 жыл толған тойында. Осы екі тойда да бас бәйгелерді Бошайдың үш қарасы әкетті.
Бұл екі тойда да ат жарыстары өте жақсы ұйымдастырылды. Екеуінде де жарыс айналмалы түрде өткізілгендіктен, тойға келген жұрт бәйге қызығын бастан-аяқ түгел көріп отырды. Аттар­дың шама-шарқы, атқа мінген балалардың қалай тәсілденгені мен шеберлігі жарыстың әр кезеңінде көз алдыңда болады. Бұдан былай барлық бәйге, барлық ат жарыс айналмалы түрде өткізілгені дұрыс екен» деп бағалаған екен кезінде Ғ.Мүсірепов.
«Қай заманда да, қай уақытта да ер қанатын елден ерекше бағалап, арғымақ ат ұстап, кермеге жүйрік байлаған жандар аз болған жоқ. Бүгін де солай. Жылқы мінезді қазақтың атжанды азаматтары жылқыны үйірімен, күлікті күйімен ұстап, қызығын көруде. Сол атбегі азаматтарды сәйгүліктерімен, атсейістерімен, шабандоздарымен суретке түсіріп әрі жазып тарих бетіне қалдыру жолында жылдап жұмыс жасап, ел аралап еңбек еттік. Келешек ұрпақ тарихтың сарғайған парағынан кезінде алуан-алуан жүйрік болғанын, кімдер ұстап, кімдер баптағанын білсе, суреттерін көрсе деген ізгі ниет қана» дейді еңбектің авторы Б.Мұхтарұлы.
«Тұлпарға мінген ұлы даланың,
Тарпаң мінезді ұлы боламын» деп ақын М.Райымбекұлы жырлағандай, арғымақта­рымызды түгендеп, тарих беттеріне із қалдыратын азаматтарымыз аман болғай!


Бағдагүл Балаубаева

Пікірлер