Қазақ әдебиеттану ғылымының атасы

5472
Adyrna.kz Telegram

 

ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ұлт зиялыларының қоғам алдындағы жауапкершілігі, отансүйгіштігі мен биік мақсаттары – бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Әсіресе, Алаш зиялылары қазақ рухани әлеміне, мәдениетіне, ғылым-біліміне өшпестей мұра қалдырды. Алаш тақырыбын терең, кешенді қарастырғанда Ә.Бөкейханның бастауымен А. Байтұрсынұлы («Тіл құрал», «Әдебиет танытқыш»), М. Дулатұлы («Терме», «Есеп құралы»), Қ. Сәтбай («Алгебра»), Қ. Кемеңгерұлы («Химия», «Оқу құралы»), С. Сәдуақасұлы, Ж. Аймауытұлы, Е. Омарұлы және т.б. зиялы қауым еңбектері ұлтымызды мәдени дамудың белгілі сатысына көтергендігін айтамыз. Алаш зиялылары қараңғы қазақ көгіне күн бола білді. Себебі, қоғамдық ғылымдар (А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытұлы, т.б.) саласының да, жаратылыстану бағытындағы ғылым саласының да (Қ. Сәтбай «Алгебра», Қ. Кемеңгерұлы «Химия») негізін салушылар Алаш зиялылары болды. Солардың ішінде бүгінгі біздің баса назар аударып айтпағымыз, қазақ әдебиеттану ғылымының алғашқы бетінде бас әріппен мәңгі жазылатын ұлы ғалым, дарынды әдебиет теоретигі А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» болмақ.

ХХ ғасырдың басында жан-жақты өсіп келе жатқан қазақ қауымына А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» үлкен жаңалық болды. «Әдебиет танытқыш» қазіргі күннің өзінде де мәнін жоғалтпаған құнды ғылыми еңбек болып табылады. Ол сол кезеңдегі ақындардың өлеңді дұрыс, талапқа сай жазуға бағыт-бағдар беруші әдеби-теориялық оқу құралы болды деп айтуымызға толық негіз бар.

"... Әйгілі Рим ақыны Квинт Гораций Флакктың (б.э.б. 65-8) «Поэзия ғылымы» деген теориялық поэмасы алғашқы нұсқасында «Пизондарға хат» деп аталған-ды. Пизон деген ақсүйектің екі ұлы болған, үлкені дарынсыздау драматург екен. Гораций «Поэзия ғылымында» соларға айтқан ақыл түрінде өзінің бүтін бір эстетикалық жүйесін саралап ұсынады [3, 58]",- делінеді «Сөз өнерінде». Сонау Квинт заманында өнердің не екенін түсініп, өзінше ақынмын деп жүрген ақынсымақтардың өлеңдерін, драмаларын мойындамай поэзияның жазылу ережелерін, қазіргі тілмен айтқанда теориясын біздің заманымызға дейінгі кезеңде Римде жазған. Сол сияқты қазақ жерінде ХХ ғасырдың басында өмір сүрген А. Байтұрсынұлы өзінің «Әдебиет танытқыш» кітабының да өзіндік жазылу себебі болды деп ой түюімізге әбден болады.

ХХ ғасырдың басы қазақ мәдениеті мен рухани әлемі үшін шын мәнінде «ояну дәуірі» болды. Әрине, ұлтымыздың «ояну дәуірінің» бастауында «Айқап», «Серке», «Қазақ» газеттерімен қатар, ұлтын «Маса»

болып шаққан А. Байтұрсынұлы, күллі қазақ әлеміне «Оян, Қазақ» деп жар салған М. Дулатұлы, «Қазақтар (Киргизи)» секілді танымы мол ғылыми-монографиялық еңбек жазған Ә. Бөкейхан секілді елін, жерін, ұлтын жан-тәнімен сүйген Алаш зиялылары тұрды.

Дәл осы кезеңде Абай мен Ахметке, Шәкәрім секілді ғұлама ақындарға еліктеген өлеңдері поэзияның биік талаптарына жауап бере алмайтын еліктегіш ақынсымақтар көбейіп кетті. Бұл – енді қалыптасып келе жатқан қазақ жазба әдебиеті үшін үлкен қатер еді. Европа мәдениетінен хабары бар, орыс әдебиеті мен тілін жақсы білетін А. Байтұрсынұлы сол келеңсіздіктерді өз көзімен көрді, өзге әдебиетпен салыстырды, көңіліне тоқыды да, шөлдеп тұрған қазақ жұртына, әдебиеттанудың негізгі құралы болып табылатын еңбек жазуға кірісті. Ол қазақ жерінде туып, қазақ жырымен сусындаған қазақ жазушыларынан ертеңгі күні европа әдебиетімен тең дәрежеде болатындай өнер туындаларын күтті. Сол үшін де А. Байтұрсынұлы қазақ әдебиеті теориясының негізі болған әдебиет танытқыш еңбегін жазды.

Ахмет Байтұрсынұлы, 1926 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан бұл «Әдебиет танытқыш» еңбегінде алғаш рет қазақ әдебиетінің теориялық, методологиялық мәселелерін негіздеп берді. Әдебиеттану ғылымындағы басты ұғымдар мен терминдер жүйесін жасады.

Кез-келген әдебиет теоретигі өзінің теориялық еңбегін бастамас бұрын, Аристотельдің (б.з.д. 384-322жж) грек әдебиеті мен өнерінің классикалық дәуірінен қалған бірден-бір жүйелі байыпталған, философиялық-эстетикалық трактаты «Поэтиканы» бір оқып шығары анық. Көп теоретиктердің ойлары Аристотельдің «Поэтикасымен» пікірлес болатыны да сондықтан. Ал, ХХ ғасырдың басында қазақ даласында туып өскен А. Байтұрсынұлы «Поэтикамен» таныс болған-болмағаны белгісіз, бірақ та пікірі көп жағдайда дәлме-дәл келетіні анық. Сондықтан да біз, А. Байтұрсынұлы өзінің ғылыми еңбегі «Әдебиет танытқышын» жазу үшін Аристотельдің «Поэтикасын» өзіне бағдаршам ретінде қабылдады,- деп ойлаймыз.

«Ақын» деген сұраққа Аристотель былайша жауап береді: "... задача поэта – говорить не о том, что было, а о том, что могло быть... Ибо историк и поэт различаются не тем, что один пишет стихами, а другой прозою, нет, различаются они тем, что один говорит о том, что было, а другой – о том, что могло быть" [4, 655]. Ал, А. Байтұрсынұлы: "Қара сөз көбінесе ғалымдардың, шешендердің сөзі болатындығы қара сөз түрлерінен анық көрінеді. Дарынды сөз олай емес, ақындардың, арқалылардың сөзі болады. Ақындар ғалымдар сияқты болған уақиғаны яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, қақиқаттауға тырыспайды. Тұрған нәрсе тұрған күйінде, болған уақиға болған күйінде ақынға өте үйреншікті, жай қалыпты жабайы көрінеді. Оның бәрін ақындар өз көңілінше түйіп, өз ойынша жорып, өз ұйғаруынша суреттеп көрсетеді. Сол өзі ұйғарған түріндегі ғаламды сөзбен көрсетуге бар өнерін, шеберлігін жұмсайды. Сөйтіп шығарған сөзі көркем сөзді шығарма болады. Оны шығаруға жұмсайтын өнердің аты ақындық болады" [1, 102], - дейді «Әдебиет танытқышында». Бұл жердегі ғалым деп отырғаны Аристотельдегі тарихшы. З. Қабдолов «Сөз

өнерінде», ақынға тән ерекшеліктер дегенде: "Бақылау. Бақылап білген, сезген шындықты кең өріске шығаратын қанатты творчестволық қиял-таланттық серігі" [3, 13],- деп, сонымен қоса ақынға тән қасиет деп интуицияны айтады. Демек, Аристотель мен А. Байтұрсынұлының айтып отырғаны бір нәрсе. Ақын өзінің қиялымен, нәзік сезімімен сезінеді, түйсігімен түсінеді де, болашақты басқаша тұрғыда көреді, армандайды. Ақын арқалы болады дегені сол, «мен мұны өзім айтпадым, менің аузыма Құдай салды» дейтін ақындар да көп.

Өнер-білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды;

Айшылық алыс жерлерден

Көзіңді ашып жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды,- деп ХІХ ғасырдың соңында Ы. Алтынсарының (Ы.Алтынсарин) жырлағаны да әншейін дүние емес.

Ғылыми және теориялық тұрғыдан келгенде «Әдебиет танытқышты» Аристотельдің «Поэтикасымен» негіздес еңбек деп айтуымызға әбден болады. Сол себепті де болар, А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышын» өздеріне ғылыми тірек етіп, қазақ әдебиеттану ғылымында қазақ ғалымдары түрлі еңбектер жазып шыққандығы белгілі. Соның бірі және бірегейі, кез-келген қазақ филологиясында білім алушы студенттерің жата-жастана оқитын З.Қабдоловтың «Сөз өнері» кітабы. «Сөз өнері» – «Әдебиет танытқыштың» негізінде жазылған, бірақ ғылыми тұрғыдан жан-жақты толықтырылған теориялық еңбек. Екі еңбектің де түп негізінде Аристотельдің «Поэтикасы» тұр. Сондықтан да, бұл екі еңбектің сырт көзге қатты ұқсас болып көрінуі – заңды құбылыс.

З. Қабдолов «Сөз өнері туралы сөз» деген алғашқы тарауында А. Байтұрсыновша «өнер деген не?», «өнердің түрлері қандай?» деген сұрақтар төңірегінде жауап іздейді: "Өнердің түрі көп емес пе: бейнелеу өнері (живопись), мүсін өнері (скульптура), сәулет өнері (архитектура) т.б. Ал әдебиет қандай өнер? Әдебиет – сөз өнері" [3, 9-10], - дейді де, "... ана тіліміздегі әдебиет деген сөздің түп төркіні арапша атаудан шыққанын – сөз, асыл сөз деген мағынасы бар... Ендеше, «тіл – әдебиеттің бас мүшесі», «сөз – шығарманың негізгі материалы» екенін дәлелдеп жатудың тіпті де қажеті жоқ" [3, 200],- деп, әдебиеттің негізгі мүшесі – сөз екеніне жауап береді. Бір қызығы, А. Байтұрсынұлы да ең әуелі өнердің түрлеріне тоқталып: "Көрнек өнері бес тарау болады. Бірінші – сәулет өнері (европаша – архитектура), екінші – сымбат өнері (европаша – скульптура), үшінші – кескін өнері (орысша – живопись), төртінші – әуез өнері (европаша – музыка), бесінші – сөз өнері (европаша – литература)" [1, 7],- дейді де, "Сөз өнеріне жұмсалатын зат – сөз. Сөз шумағы тіл деп аталады. Сөз өнеріне жұмсалатын сөз шумағы да тіл я лұғат деп аталады" [1, 11],- деп ол да әдебиеттің негізі – сөз дегенге тоқталады.

А.Байтұрсынұлы қазақ тіл білімі терминологиясының негізін қалаған, термин жасаудың барлық параметрлерінің үлгісін көрсеткен. «Әдебиет танытқышы» тұнып тұрған жаңа термин сөздер. Баса көңіл аударатын нәрсе,

кейбір терминдердің бүгінде кездеспейтіндігі немесе өзгеше тұлғада келетіндігі. Бұл сұраққа А. Байтұрсынұлының YI томдық жинағының алтыншы томында академик Р. Сыздық «Ахмет Байтұрсынұлы және терминология мәселелері» атты мақаласында былай деп жауап береді: "... мұның себебін Ахаң жасаған терминдердің ақаулығынан емес, өзге факторлардан іздеу керек. Ол факторлардың бірі – кейбір категориялық жіктеулердің Ахаңда басқашалау болып, бұл күнде ықшамдалып не толықтырылып саралана түскендігінде" [2, 214],- дейді. Сонымен қатар, бұл еңбек А. Байтұрсынұлының қазақтың түсінігіне сай етіп, терминдерге қазақша атау бергендігімен ерекшеленеді. Соның ішінде троптарға (құбылту) тоқталып өтсек.

Құбылтуды (З.Қ) А. Байтұрсынұлы тіл көрнекілігі деп алады. Сол троптарды жазғанда З. Қабдолов А. Байтұрсынұлының жасаған термин-атауларымен келісе отырып анықтама береді.

З. Қабдолов "...жансыз табиғат құбылысы кәдімгі тірі кісінің қылығымен ауыстырыла суреттелсе, құбылтудың мұндай түрі – кейіптеу... Абайдың Лермонтовтан аударған «Теректің сыйы» деген өлеңіндегі бейнелеу тәсілі – түп-түгел кейіптеу" [3, 232],- десе, А. Байтұрсынұлы: "Жансыз нәрсені жанды нәрсенің күйіне түсіріп айту" [1, 30],- деп ол да Абайдың Лермонтовтан аударған «Теректің сыйы» өлеңін мысалға алады. Бұл, З. Қабдоловтың А. Байтұрсынұлы пікірімен келіскендігі. Келесі троп – алмастыру. З. Қабдолов: "Алмастыру, яки метонимия – өзара шектес заттар мен себептес құбылыстардың өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану" [3, 236], - десе, А. Байтұрсынұлы: "... арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту" [1, 29],- деген. Бұл да екеуінің пікірлес болғандығы. Келесі троптар гипербола мен литота. А. Байтұрсынұлы: "Бір нәрсені өте асырып, я өте кемітіп айту – әсірелеу болады" [1, 35],- деп екі тропты біреу етіп жинақтаса, З. Қабдолов: "Троптың бір түрі – ұлғайту, яки гипербола (гр. hyperbole үлкейтілген, қомақты); тағы бір түрі – кішірейту, яки литота (гр. litotes – қарапайым, қораш)" [3, 239], - деп екеуін екі бөлек қарастырады. Бұдан біз аса бір өзгешеліктің жоқ екенін көруімізге болады. Келесі троп – синекдоха. З. Қабдолов: "Мегзеу (синекдоха) – алмастырудың бір түрі – бүтіннің орнына бөлшекті немесе керісінше, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше қолдану" [3, 237],- десе, А. Байтұрсынұлы мезгеу деп атайды да: "...бір ұғым орнына екінші ұғым айтылуы" [1, 37],- деп түсіндіреді. Жәй атауында сәл-пәл өзгешелік болғанымен, бұны да пікірлес деп айтуымызға болады. Келесі троп – метафора. З. Қабдолов: "... ауыстыру, яки метафора – сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай түсу үшін, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау" [3, 230],- десе, А. Байтұрсынұлы: "Көріктеу – бір нәрсені көптен айырып, көзге көбірек түсерлік етіп айтқымыз келгенде ол нәрсенің атына айқын көрсеткендей сөз қосып айтамыз",- дейді. Мұнда да бұл пікірді З. Қабдолов А. Байтұрсынұлынан алған деп айтуымызға болады. Ал,

енді кейбір жерлерінде өзгешеліктер де кездеседі. Мысалы З. Қабдолов аллегория (пернелеу) мен символды (астарлау) екі ұғым деп қарастырса, А. Байтұрсынұлы екеуін бір ұғым яғни, бернелеу деп қарастырады. З. Қабдолов: "... астарлау, яки символ – бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір нәрсеге, не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу, ойды да ашық айтпай, тартымды тұспалмен түсіндіру" [3, 235],- деп Қ. Аманжоловтың:

Қабағын түйіп құз тас тұр,

Төңірегіне парық сап, - деген өлеңін келтіреді. Ал, "пернелеу, яки аллегория – мұнда әшейін ұғым қалпында тұрған дерексіз нәрселер кәдімгідей көзге көрінер деректі нәрсеге ауыстырылады" [3, 234],- деп А. Тоқмағамбетовтың:

- Ей, қораз, шақырасың ерте-кеш жоқ,-

Дегенде қораз айтты:

Сенде де ес жоқ, - деген өлеңін мысалға келтіреді. Яғни, символ – затқа жан бітіру немесе дерексізді деректіге айналдыру, аллегория – жан-жануарды сөйлету деп ұққанымыз дұрыс. Ал, А. Байтұрсынұлы: "Бір нәрсенің, көбіне адамның мінезін, құлқын, ғамалын екінші нәрсенің мысалында көрсетіп айту – бернелеу болады. Бейнелеу ұлғайғанда бернелеуге айналып кетеді" [1, 31], - деп мынадай мысалдар келтіреді:

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көгі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым,- деп бірінші мысалын және Ы. Алтынсарының (Ы. Алтынсарин) «Иттің достығы» деген мысал өлеңін, ондағы екі иттің сөздерін келтіреді. Ал, З. Қабдоловта мұның біріншісі символ болса, екіншісі аллегория (жан-жануарды сөйлету) болған. Әрине, бұл жерде аса үлкен айырмашылық жоқ деп те айтуымызға болады. Осы жерде символ кейде А. Байтұрсынұлының бейнелеуіне де ұқсап кетеді: "Бір нәрседе болмайтын күйді, екінші нәрседе болатын күйді көрсететін сөзбен айту бейнелеу болады" [1, 27] ,- дейді де,

Бидайлар басы толық иіліп тұр,

Дән берген қожасына сыйынып тұр, - деп «қырық мысалды» мысалға келтіреді.

А. Байтұрсынұлы тек қана троптарды жасап, оларға ғана атау берген жоқ, ол қазақ терминологиясының негізін салды. Оны, «Әдебиет танытқышы» арқылы барлығымыз да білеміз. Біз жоғарыдағы З.Қабдоловтың «Сөз өнерінің» бір тарауын А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышымен» салыстырып өттік. З. Қабдолов өз зерттеу еңбегін жазуда «Әдебиет танытқышты» өзіне жол көрсететін бағдаршам ретінде пайдаланғанын да біліп түсіндік. Әрине, ішінде толықтырулар арқылы келген өзгешеліктер де мол. Себебі, «Әдебиет танытқышты» А. Байтұрсынұлы қазақтың ғылымы дамымаған ХХ ғасырдың басында жазып, қазақ әдебиетінің теориясының негізін салса, З. Қабдолов «Сөз өнерін» ХХ ғасырдың соңында жазып, А. Байтұрсынұлы салған қазақ әдебиеті теориясына біршама толықтырулар енгізіп, қазақ әдебиеті теориясына өзіндік үлкен үлесін қосты. Бұл – анық дүние.

Десек те қазақ әдебиеті теориясын зерттеген ғалымдар Е. Ысмайыловтың, Қ. Жұмалиевтің, Р. Нұрғалидың еңбектерін жинақтап салыстыра келе, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі деген тоқтамға келеміз. Ия, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде жазылған А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Бұл – ақиқат!


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. – Алматы: «Атамұра», 2003. – 208бет.

2. Байтұрсынұлы Ахмет. Алты томдық шығармалар жинағы. Мақалалар, хаттар, А.Байтұрсынұлы туралы құжаттар мен материалдар. – Алматы: «Ел шежіре», 2013, Т.YI. – 384б.

3. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 1976, – 373 бет.

4. А.И.Доватур, Ф.Х.Кессиди. Аристотель. Сочинения. Поэтика. – Москва: издательство «Мысль», 1984, – 830с.

5. Қамзабекұлы Д. Алаш арқауы (зерттеу мақалалар). – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» баспасы, – 2017. – 408 бет.

6. Қайырбек К. Алаш білімпаздарының ұлттық оқулық даярлаудағы ұстанымы. «Алаш автономиясы – ұлттық тәуелсіздіктің негізі» атты Алаш ұлттық-демократиялық парламенттік республикасының 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми–тәжірибелік конференция материалдарының жинағы. – Түркістан, 2017. – 190 б.7. Ісімақова А.С.Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы»және бүгінг іәдебиеттану. «Ахмет Байтұрсынұлы» республикалық І ғылыми-теориялық конференция материалдары. 2006 жыл, 30-31 наурыз.Астана: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасы, 2006. 354 бет.


Әсем ӨСКЕН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,

филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы, 1-курс магистранты

Пікірлер