Наурызбай қажы кінәсін мойындады. Бас мүфтилікке кім лайық?

8456
Adyrna.kz Telegram

Бас мүфти Наурызбай Өтпенов дінтанушы ғалым Асқар Сабдиннің өзіне және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) қаратып айтқан  сынымен келісетінін мойындады. Ол Асқар Сабдинмен кездесіп, дінтанушының ақыл-кеңесін тыңдауға құштар болып отырғанын жеткізді.

 «Ассаламуғалейкум құрметті Асқар Сабдин мырза! ... Діни саладағы тәжірибелі сарапшы ретінде орынды мәселе көтеріп, ой білдіріпсіз. Жанашырлық ниетпен жеткізген ой-пікіріңіз үшін алғысымды білдіремін. Мен жауапты қызметіме және жеке басыма қатысты орынды айтылған сынды дұрыс қабылдаймын. «Жігітті сын шыңдайды» дегендей, діни мәселеге байланысты кез-келген тұлғамен ашық әңгімелескенді жақсы көремін. Діни саладағы сарапшылармен жиі сұхбаттасып, олардың объективті пікірін тыңдау күнделікті қалыпты жұмысымның біріне айналды. Сізбен де кездесіп, ортақ мәселені талқылап, ұсыныс-пікіріңізді тыңдауға және тиісті шешім қабылдауға дайынмын» деді Наурызбай Өтпенов.

Рас па, өтірік пе, ол жағы белгісіз, Бас мүфти дінтанушы Асқар Сабдинмен кездесіп әңгімелесуге құштар болып жүріпті, бірақ оған Сабдин оң қабақ танытай қоймаған. «Тіпті, осыған дейін өз бастамам бойынша бірнеше рет Сізбен кездесуге тырыстым. Алайда алдын ала жоспарланып, өзіңізбен келіскен кездесу Сіздің шешіміңізге байланысты өтпей қалды. Мен ашық диалогқа әрқашан дайын екенімді тағы да жеткіземін. Көп уақыт созбай жақын күндері Сізбен кездесіп, көрсетілген мәселелерді талқылауға шақырамын» деді Бас мүфти.

Бас мүфтидің мына сөзіне қарасақ, дінтанушы Асқар Сабдин Наурызбай Өтпеновтың мүбәрек жүзін көруге құштар емес. Онымен мәмілелі әңгіме өрбіте алмайтынын дінтанушы түсінетін секілді.

Асқар Сабдиннің ҚМДБ және Бас мүфтиге қатысты сыны мен ұстанымы анық. Оның айтуынша, діни саладағы келеңсіздікке ҚМДБ тікелей жауапты. Себебі, Қазақстан зайырлы мемлекет, наным-сенім мәселесіне мемлекеттің атқарушы органы,яғни  үкімет араласа алмайды, дін мен мемлекет ісі бөленген.

Дін саласына ҚМДБ монополия ұстап отыр. Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері діни радикалдар отыздан астам теракт жасап, бейкүнә азаматтардың өмірін жалмады. Секталар мен ислами радикалдардың елімізде қаптап кетуіне ҚМДБ тосқауыл бола алмай отыр. Қазақстанда бірнеше мың мешіт бар, оның бәрін ҚМДБ-ның қарамағында. Дегенмен, молдалар мен имамдар ортағасырлық түсініктен шыға алмайды, заман талабына сай уағыз жүргізе алмай келеді. Мұның бәрі сауатсыздықтан келіп шығады. Соның кесірінен Қазақстандағы мұсылман жамағатын діни радикалдар жырымдап тартып алып, оларды сыртқы күштердің саяси ойынына пайдаланып жатыр. Жүздеген қазақстандық мұсылман Ирак пен Сирия, Ауғанстан мен Вазиристан жеріндегі соғысқа барып мерт болды. Ауғанстан билігін «Талибан» террорлық ұйым басып алған тұста Қазақстанға діни радикализмнің қаупі тіпті күшейіп кетті. ҚМДБ мынау түрімен тәліптердің солтүстік бағытта қарай жүргізетін діни идеологиялық экпансиясына қарсы тұра алатындай қауқары жоқ.

Халық айтса, қалт айтпайды – «Балық басынан шіриді» деген сөз бар. Дінтанушы А.Сабдин ҚМДБ-дағы реформаны «дін басынан» бастау керектігін айтып келеді. Оның айтуынша,  Бас мүфти қызметі «діни лауазымға» айналып кеткен. Оны жоғарыдан тағайындалған директор деп атауға болады. Сондықтан Бас мүфтидің мұсылман жамағаты алдында беделі жоқ, жұрт оған сауатсыз көп молданың бірі деп қарайды.

А.Сабдиннің ойынша, Бас мүфтидің мұсылмандар алдында беделі болу үшін оны шариғатта көрсетілгендей «діни құзырет» деңгейіне көтеру керек. Бас мүфтиге қойылатын талап, критерийі ҚМДБ-ның жарғысында жазылған. Дегенмен, Наурызбай Өтпенов Бас мүфти лауазымына қойылатын талапқа сай болмай тұр. Тіпті, ол араб тілін жетік білмейді, шетелде өткен конференцияда Бас мүфти журналистердің сұрағына арабша мыңқылдап дұрыс жауап бере алмады.

Дінтанушы Асқар Сабдиннің айтуынша, Бас мүфти болсын, басқа жоғарғы лауазымды имамдар болсын, оларға берілген жалған атақ діни лауазым иесінің беделін көтере алмайды.  «Мынандай деңгейдегі “ислам ғұламасы” - исламтану докторы, құрметті профессор, “Құрмет орденінің” иегері, “мүфти” деген атақтарымен не істейді? Кімді алдамақшы? Шетелдік журналистердің репортажына дайындалған түрі мынау болса?!» деп ашынды дінтанушы.

Араб, ағылшын, орыс және қазақ тілін жетік меңгерген Асқар Сабдин ҚМДБ имамдары мен Бас мүфтидің  Құран, фиқһ, ақида, шариғат мәселесіне де терең бойлай алмайтынын сынады.

Асқар Сабдиннің айтуынша,  оның Наурызбай Өтпеновтың жеке басына қатысты қоятын кінәсі жоқ. Ол Бас мүфтидің ҚМДБ жарғысына сай сайланғанын, ислам діні мәселін жетік меңгергенін қалайды. «Сондықтан, діни ең жоғары лауазымдағы тұлғадан сарапшылар алдында Құран, фиқһ, ақида пәндері бойынша бірнеше классикалық кітаптарды оқуын сұраймын!» деді Асқар Сабдин.

Асқар Сабдиннің ҚМДБ мен Бас мүфтиге қаратып айтқан сына өте өзекті. ҚМДБ-ны ішінен кеміріп жатқан құрттай бұл проблема Наурызбай қажы айтқандай Бас мүфти мен дінтанушының кездесіп сөйлесуі арқылы шешіле салатын мәселе емес. Бұл Бас мүфтидің өзіне жүйелі әрі әділ сын айтқан дінтанушыны алдаусыратып қоюды көздейтін қулығы ғана. Ал Асқар Сабдин Бас мүфти өзінің құзіреттілік деңгейін жұрт алдында дәлелдеуін талап етіп отыр.

Сырттан діни радикалдардың саяси идеологиялық экспансиясы, экстремизм мен терроризм қаупі төніп тұрған мынау шақта діни салаға монополия ұстап отырған ҚМДБ-да түбегейлі реформа жасау керек. «Онсыз ешқандай діни радикалды экспансияға қарсы тұра алмаймыз! Жастарымызға біз бағыт бермесек, жүздеген әлемдік жамағаттар оларға бағыт береді. Солардың дағуат пәтуәларының нәтижелерін 2011-2016 жылдары көрдік. Беті аулақ, Құдай елімізді сақтасын!» деді Асқар Сабдин.

 

Дінтанушы Асқар Сабдиннің айтуы жөн. Дегенмен, ҚМДБ ішінде түбегейлі реформа жасауға пейілді адам жоқ секілді. Сауатты, дін мәселесін жетік білетін ғұламаларды мүфтият молдалары түртпектеп, ҚМДБ-ның құрылымдық жүйесінен шетке ысырып тастады. Соның кесірін, зардабын халық тартып жатыр. ҚМДБ төрағасын сайлау көзді жұмып шар тастайтын тағайындау тәріздес болып кетті. Бас мүфтиге сайланатын лауазым иесінің құзіреттілік қадыр-қасиеті жылдан-жылға нашарлап барады. Міне, енді арабша жаза алмау былай тұрсын, дұрыстап сөйлей алмайтын, діни әдебиеттерді шатып-пұтып қате оқитын, діннің философиясын түсіндіре алмайтын адам дін саласын басқаратын заманға тап болдық.

Әрине, «ауызды қу шөппен сүртіп», түңіліп кетуге болмас. Проблема шаш етектен екені рас. Дегенмен, оны шешудің жолын қарастыруы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, заман талабына сай мүфти бола алатын екі кісінің атын атауға тура келеді. Оның бірі – Асқар Сабдин, екіншісі – Мұртаза Бұлұтай. Екеуі де араб, қазақ, ағылшын тілдеріне жетік, бұдан басқа да бірнеше тіл біледі. Екеуі де Құранды, шариғат, фикһ, ақида мәселесін, діни әдебиеттерді саралап оқыған, экономика, менеджмент, саясаттану, гуманитарлық ғылымдарды меңгерген білімдар кісілер. Міне, осындай, жан-жақты адам дін саласын басқару тиіс. Сонда ғана халқымызды сырттан келетін діни радикалдардан, экстремистік-терроршыл күштердің ықпалынан құтқара аламыз.

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

"Демос" ҚБ төрағасы

 

(Автордың көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді)

Пікірлер