Күрежолға нұқсан келтірген жүк көліктеріне айыппұл салынды

1789
Adyrna.kz Telegram

Ауыр жүк көліктерінің жолға тигізіп отырған зияны қандай? Бұл туралы үнемі айтылып та, жазылып та жатыр. Соған қарамастан әлі тәртіпке бағынар емес. Осы ретте Алматы облысының әр өңірінде жүк көліктеріндегі мөлшерден тыс салмаққа тексеріс жүргізілді.

Алматы облыстық көлікті бақылау инспекциясының мамандары Нұрасыл Ертаев, Берік Үйсембаев және "Жол активтері" ұлттық сапа орталығы Алматы облыстық филиалының өкілдері "Алматы – Қорғас" автожолының Төңкеріс ауылының маңында күрежолдан өткен ауыр жүк көліктерін тексеріп, бақылауға алды.

- Облыстық көлікті бақылау инспекциясымен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Түске дейінгі уақыт аралығында жүк тиеген 5 автокөлік тексерілді. Ауыр жүк көлігінің екеуі рұқсат етілген осьтік жүктемеден асып кеткендіктен сол жерде хаттама толтырылды. Сондай-ақ, автокөлікпен тасымалдау талаптары мен ережелерінің бұзылуына жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деді  ұлттық сапа орталығының жол инженері Сұңғат Жолдас.

Автожолдың сапасы күн тәртібінен түскен емес. БАҚ өкілдері, блогерлер, халықтық бақылаушылар, тіпті, қоғамдағы әрбір азамат жол сапасына елең етпей қоймайды. Мысалы, ардагер журналист, халықтық бақылаушы Мәулетхан Барсағазыұлы былай дейді:

- Жетісу өңіріне жыл басынан бері 530 мыңнан аса турист келді, бұл былтырғымен салыстырғанда 25 пайызға көбейген деп қуанышымызбен бөлісіп жатырмыз. Әрине, жақсы. Осы сырттан келушілер де, өз еліміздің жолаушылары да жолмен қатынайды. Бәріміз жолаушымыз. Жолдардың жақсы болғанын қалаймыз. Облысымызда жол салынып, жыл сайын жақсарып жатыр. Алайда ауыр жүк көліктері жол сапасына нұқсан келтіруде. Бұл бағытта да қаншама жұмыс жасалып отыр, соған қарамастан ауыр жүкті тасымалдаушы көліктің иелері заң талаптарын орындамай отырғаны қынжылтады.

 

Пікірлер