Нарынқолда Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші ашылды

4932
Adyrna.kz Telegram

Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай  оның туған жерінде еңселі ескерткіш ашылды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мерейтойлық шараларға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақытгүл Айдарова, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, Парламент депутаттары, ел зиялылары және аудан жұртшылығы қатысқан.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ескерткішті дайындауға облыстық бюджеттен 61,1 млн теңге жұмсалған. Жұмысты мердігер ұйым «Тайқазан» ЖШС атқарды. Ескерткіш қоладан құйылған, тұғыры граниттен дайындалған. Жалпы ескерткіштің биіктігі – 8,2 м, авторы – сәулетші А.Рүстембеков, мүсіншісі – Қ.Кәкімов. Ескерткіш орнатылған орталық саябақтағы алаңды абаттандыруға зор мән берілген. Осы мақсатқа өңір бюджетінен 70,1 млн теңге қарастырылып, аумақ көгалдандырылған, суару жүйесі жүргізілді, жарық шамдары орнатылып, шағын сәулеттік формалар қойылды.

Салтанатты шараға қатысқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев:

«Мұқағали - жырдың асыл қазынасы. Ол - өткен мен жаңаның арасын жалғаған алтын көпір. Елбасы мен Президенттің бастамасымен ақынның ғасырлық тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізуге ұсыныстар дайындалуда. Бүгінгі той құтты болсын. Халқымыздың рухы Мұқағали жырларындай таза, Хантәңіріндей асқақ, Көлсайдай көрікті болсын», - дей келе, жиналғандарға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып берді.

Бұдан соң ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі Атагелді Күлтегін Мұқағалидың қазақтың ғана емес, тұтас түркі әлемінің, адамзаттың ақыны екенін тілге тиек етіп, тойдың рухани маңызын ерекше атап өтті.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер