Ақтөбе облысында 19 мыңға жуық мұғалім қызмет етіп жүр

1920
Adyrna.kz Telegram

Жаңа оқу жылында Ақтөбе облысында 418 мектепте 18 906 мұғалім еңбек етіп, 167 мың оқушы білім алуда. Ұстаздардың 762-сі  — жас маман. Биыл облыс бойынша 8 205 оқушы мектеп түлегі атанды. Ал жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 18 784 бүлдіршін қабылданды.

Ұстаздар мерейі

Сенбі күні ақтөбеліктер халықаралық Ұстаздар күнін атап өтті. Мерекеге орай "Өнер" орталығында "Ұстаз. Ұлылық. Ұлағат" атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова білім саласының қызметкерлерін өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің атынан құттықтап, олардың жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестерін, үлкен жауапкершілікті және құрметке лайықты еңбектерін айшықтап айтып өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусізова білім саласындағы жетістіктері үшін 3 педагогке "Ы.Алтынсарин", 1 педагогке "Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері", ардагер 2 ұстазға "Еңбек ардагері" төсбелгілерін тақса, облыстың 22 ұстазына аймақ басшысының Алғыс хаттары мен арнайы сертификатын табыстады. Сонымен қатар 3 мұғалімді "Ақтөбе облысының құрметті ұстазы" және 5 мұғалімді "Ақтөбе облысының үздік педагогі" атақтарымен марапаттады.

Ең жас "Үздік педагог"

Ақтөбе қаласындағы "Нұр Ақтөбе" ықшам ауданындағы №60 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі  Әбен Талғат 29 қыркүйек күні Қостанай қаласында өткен Қазақстан Республикасының үздік педагогтерін марапаттау рәсімінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтің қолынан «Үздік педагог — 2021» атағын және 2 917 000 теңге көлеміндегі сертификат алды.

Информатика пәнінің мұғалімі әрі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Әбен Талғат  С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқып, екі жоғары білім алған. Жас маман «Болашақ» колледжінде, №23 орта мектепте жұмыс істеген.

2014-2016 жылдары «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша магистратурада оқып, техника ғылымдарының магистрі атанды. 2018 жылы №60 орта мектебіне информатика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Жалынды жас ұжымдағы әріптестерімен етене араласып, көптеген істерге ұйытқы болып, өзін жақсы қырынан көрсете білді. Жас маман өз шығармашылығын дамытып, елімізде қолға алынған «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» жобасын жүзеге асыруда бейнетаныстырылым да түсіріп үлгерді. Оның бұл жұмысын көпшілік жылы қабылдады.

Әрдайым ұжымдастары мен шәкірттеріне үлгі болып жүрген жас та болса, үздік атанған маман алда да талай белестерді бағындырады деп сенеміз.

Раильдің жетістігі

Қазір білім ордаларында ер мұғалімдердің саны аз. Шәкіртке біліммен қатар жан-жақты тәрбие беріп жүрген ер азаматтардың жөні қашан да бөлек. Сондай ұстаздардың бірі — Мәртөк ауданы Родниковка орта мектебінің мұғалімі Раиль Абилов.

"Өмір жолымда  саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы, жан-жақты, сыни ойлай алатын, заман талабына сай, өз Отанының болашағы үшін кірпіш боп қалана білетін азамат пен азаматшаларды білім берудегі озық тәжірибелермен оқытып, білім беру — менің мақсатым"- дейді Раиль Абилов.

Раиль  Абилов өз сабақтарында заманауи жаңа технологияларды қолданып дәріс беріп келеді.  Қазіргі заманауи технологиялар 3 D модельдеу, роботтарды түрлі деңгейде программалауды шәкірттеріне үйрете отырып жұмыс жасайды. Заман талабына сай үш тілде сабақ жүргізеді.

Раиль — облыстық информатика мұғалімдері арасында өткен пәндік олимпиадаларының жеңімпазы (1-орын), облыс бойынша «Үздік информатик мұғалім» номинациясының иегері. "Білім беру үрдісінде робототехника, бағдарламалау" атты 3D технологиясын қолдануды дамытудағы облыстық жобалар байқауында  щығармашылығы мен кәсіби жетістігін жоғары деңгейде көрсетіп,  жеңімпаз атанды.(1-дәрежелі диплом). Облыстық «Ғаламторда бағдарламалау» атты әдістемелік жинақтың авторы. Оқушылары аудандық, облыстық республикалық  байқаулардың жүлдегерлері.

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

"Адырна" ұлттық порталы.

 

 

 

Пікірлер