Ауыз су нысандарының құрылысын жеделдетуді тапсырды

1089
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке биылғы жылдың алты айында атқарылған жұмыстар туралы есепті қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков тапсырды. Басқарма басшысы берген ақпаратқа сәйкес, биылғы жылы басқарма тарапынан 93 жоба іске асырылуда. Оның ішінде ауыз су бойынша – 14, кәріз жүйесі – 13, электр энергиясы – 20, табиғи газбен қамту – 18, жылу жүйелері – 3 және инженерлік инфрақұрылым бойынша – 25 нысанның құрылыстары қолға алынған.

Биылғы жылы ауыз суды кестемен тұтынуға мәжбүр 5 тұрғын алап пен шағын аудандардың екеуінде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілсе, су тасымалдап ішетін 7 елді мекеннің тұрғындары орталықтандырылған су жүйелерімен қамтылмақ. Магистралды жүйелер бойынша 3 нысанның құрылысы басталған. Ішкі орамдық су жүйелерінің құрылысы 11 шағын ауданда жүргізіліп отыр. Құрсай шағын ауданын қамтитын ауыз су нысанының құрылысы 2022 жылы аяқталмақ. Қала тұрғындарын ауыз сумен қамту мәселесін жіті қараған қала әкімі Мұрат Әйтенов магистралды жүйелер ең басты арна екендігін еске салып, оның құрылыстарын ішкі орамдық жүйелерден бұрын аяқтау керектігін міндеттеді.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІ ЖАҢАРТУ КЕЗЕК КҮТТЕРМЕЙТІН МӘСЕЛЕ

Басқарма басшысы берген мәліметке сәйкес, тұрғындарды электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша биыл 18 жоба қолға алынып, іске асырылуда. Оның ішінде 15 тұрғын алап пен шағын ауданда  электр жүйелерін жаңарту жұмыстары көзделіп, 3 қосалқы станцияның құрылыстарын жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде биыл 21 мыңнан астам адам тұтынатын электр қуатының сапасы артады. Табиғи газбен қамту бойынша 7 жобаның құрылысы қарқынды түрде атқарылуда. Оның ішінде 2 магистралды жүйелер мен бес шағын ауданды газбен қамту жұмыстары атқарылып отыр. Оған қосымша 12 жобаның құрылысы 2022 жылға өтпелі.

ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР 700-ДЕН АСТАМ КӨШЕГЕ ЖАРЫҚШАМДАР ОРНАТЫЛАДЫ

Қала көшелерін абаттандыру мәселесінде көшелерге электр жарығын орнату жоспарланған. Қазіргі таңда қаладағы әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 220 көшесіне ғана жарықшамдар орнатылған. Биыл 324 көшеге жарықшамдар орнату, ескі жарықшамдарды ауыстыру жұмыстарын атқару көзделген. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 104 көше бойынша іскерлік орта өкілдерімен келісімшарттар түзілген. Қазіргі таңда бұл жұмыстар 31 көшеде атқарылған.

 

АВТ. ӘЙГЕРІМ

 

Пікірлер