Техникалық және кәсіптік білім беру саласы – мемлекеттің экономикалық дамуының маңызды сегменті

1410
Adyrna.kz Telegram

Қостанай облысы жастарының 34 колледжде сапалы кәсіптік білім алуға, сұраныстағы мамандыққа ие болуға мүмкіндігі бар. Жаңа оқу жылында колледждерде 22 мыңнан астам адам білім алуда.

28-қыркүйекте ҚР білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов Қостанай жоғары политехникалық колледжіне барып қайтты.

Қостанай жоғары политехникалық колледжі 2019 жылы «Talap» КЕАҚ рейтингісінде 1 орынға ие болды, рейтингте көшбасшылық орынды ұстап отыр.

Қазақстан Республикасының «Жас маман» жобасы материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға және қазіргі еңбек нарығында сұраныстағы мамандарды даярлау тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Осы мақсаттар үшін шамамен 3 млрд.теңге бағытталды.

«Жас маман» жобасы бойынша Қостанай жоғары политехникалық колледжінде 10 зертхана мен оқу-өндірістік шеберханалар үшін жетекші әлемдік брендтердің заманауи оқу жабдығы сатып алынды.

Сапар барысында білім министрі Асхат Қанатұлы Аймағабетовке «Электрмен жабдықтау» және «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі» мамандықтары бойынша инновациялық жабдықпен жабдықталған зертханалар мен шеберханалар көрсетілді.

Қостанай жоғары политехникалық колледжі облыста ең бірінші болып дуальды негізде мамандарды даярлауды бастады. «Баян-сұлу», «СарыарқаАвтопром», «Қостанай автомеханикалық зауыты», «АгромашХолдинг» сияқты өңірдегі ірі кәсіпорындар колледждің әлеуметтік серіктестері болды. Бұл колледж бен өндірістің өзара іс-қимылының үлгісі болып табылады.

2015 жылдан бастап колледж WorldSkills кәсіби шеберлік конкурсын аймақта және республикада дамытуға белсенді ат салысады, Құзыреттіліктер орталығы жұмыс істейді. 

Құзыреттіліктер орталығы «Серіктестік алаңы» жобасы аясында облыс колледждерінің оқушыларын дайындау үшін жаңа зертханалар мен шеберханалардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, желілік өзара оқыту жүйесін іске асырады.

Колледжде мобильді робототехника бойынша курстар өткізу, ІТ-құзыреттіліктер бойынша жобалау қызметін жетілдіру үшін ІТ-орталық құрылған.

Асхат Аймағамбетов тегін кәсіптік және техникалық білім алу, WorldSkills халықаралық стандарттарын қолдану және жастар арасында жұмысшы мамандықтарын танымал ету маңыздылығын атап өтті.

Пікірлер