Тұрсын Жұртбайдың тоғыз қыры

2565
Adyrna.kz Telegram

(Белгілі жазушы-ғалымның өміріндегі ел-жұртқа беймәлімдеу деректер хақында)

Біріншіден, Тұрсын Жұртбай – жаңа астанаға ертерек келіп, оның руханиятына қазығын қағып, сол қазықты діңгекке айналдырған зиялы азаматтың бірі. Алматыда отыз үш жыл, бас қалада жиырма жыл тұрған Тұрсын Жұртбай – қала қазағы мен дала қазағының салиқалы синтезі. Екі ғасырдың тоғысында осында келіп, елорданың өзгеше менталитетін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан адам.

***

Екіншіден, ол елордадағы Отырар кітапханасының негізін қалап, оның алғашқы басшысы болды. Сөйтіп, әлемдік мәдениетте ерекше орны бар тарихи кітапхананың жолын жаңғыртты. Дүние жүзін аралап, атақты Александрия кітапханасына дейін барып қатты. Жалпы, Иммануил Кант, Иоганн Гете, Хорхе Луис Борхес, Иван Бунин, Иван Крылов, Мао Цзедун секілді қалам ұстаған атақты адамдар да жас кезінде кітапханашы болған. Біздің Тұрсекең де сол дәстүрді жалғады.

***

Үшінші. Бала күнінде ұшқыш болуды аңсаған адам көп. Бірақ Антуан де Сент Экзюпери сияқты әрі ұшқыш әрі жазушы болуды қосып армандаған бір-ақ қазақ бар. Ол – Тұрсын Жұртбай. Күндіз көк жүзін шарлап, ұшып-ұшып келіп, кешке жазу үстеліне отырғанды жаны қалады да тұрды. Сол оймен Семейдегі авиация курсының медициналық комиссиясына келген-ді. Дәрігерлер оны жүректен ұстады. Бәлкім, қыз-қырқынға жастай өлең арнап, жүрегіне ертерек салмақ түсіргендікі шығар.

***

Төртіншіден, Тұрсын Жұртбайдың өмірбаян бастауындағы ерекше назар аударатын тұс – оның мектеп бітіре сала Семей облысы Абай ауданындағы «Қызыл ту» совхозының №3 бөлімшесінің бухгалтері болып қызмет атқарғаны. Әйгілі жазушылар О Генри, Герберт Уэллс, Михаил Зощенко, Александр Вертинский алғашқы қызмет карьерасын бухгалтер боп бастағанын ескерсек, он жеті жасында бір ауылдың есеп-қисабын шырқ үйірген Тұрсын Жұртбайдың қарымды қаламгер болып шыққанына таң қалатын дәнеңесі де жоқ. Оны айтасың, күллі әлем пролетарларын аузына қаратқан Карл Маркс пен сән мен тәннің үйлесімін сақтап, жер жүзіне даңқы жайылған әйгілі модельер Пьер Карден де жастау кезінде Тұрсын ағам секілді бухгалтер болып жұмыс істеген. Тек сол мешін жылының қысында алапат жұт болды да, бозбала бухгалтерге бөлімшенің есеп-қисабынан гөрі қырылған малдың санына көбірек көңіл бөлуге тура келді.

***

Бесінші қыры. Мектепте оқып жүргенде қызға арнап өлең жазған ақындар жетіп артылады. Бірақ сол қызды жарты ғасырдан кейін арнайы іздеп барған бір-екі-ақ жазушы бар. Соның бірі – бұрынғының Қорланын көксеген бүгінгінің Естайы – Тұрсын Жұртбай. Тұрсекең махаббат лирикасын жоғарғы класта емес, үшінші-төртінші класта жүргенде-ақ бастап кетті. Класындағы Жаңыл деген қызға арнап, «Қыз Жібек» жырының сарынымен сарнап отырып мынадай өлең жазды:

Аспандап ұшқан алты қаз,
Артым – көктем, алдым – жаз.
Қалқатайға көз салып,
Сол жымиса, болдым мәз.
Сені ешкім мендей сағынбас,
Саған жар мендей табылмас.
Сезімім сергек болса да,
Жүрек бізге бағынбас.
Аспандап ұшқан алты қаз,
Жаңылға сәлем айта бар.
Таба алмасаң ол қызды,
Әуелеп ұшып қайта бар.
Бақытым болшы қолымда,
Жарығым болшы жолымда,
Сен – Жібек, мен – Төлеген,
Өле қалсам оқ тиіп,
Сансызбайым да жоқ соңымда...

Өзінің де, жүрегінің де жалғыздығын осылай аңғартты жас ақын. Өкінішке қарай, топшысы қатаймаған Тұрсын шайырдың өлеңінің өрісі кең, өресі биік болғанымен, жұдырықтай қыз жүректен шыққан жырды онша құлағына қыстыра қойған жоқ.

Біздің кейіпкеріміз көп ұзамай басқа мектепке ауысып кеткен Жаңылмен тура елу жылдан кейін кездесіп, амандық-саулық сұрасыпты. Кездескені бар болсын, арнайы барған алпыс екідегі Тұрсын ағама алпыс үштегі Жаңыл апам жақсылап бір жымиыпты да қойыпты. Бәрібір сол жолы Семей жерінде сезімдердің сәулесі ойнап тұрған көрінеді. Жүрекке әжім түспейді деген осы да. Бірақ бұл жүздесу біздің ағамыздың өзінің жырына да, сөзінің сырына да адал екенін дәлелдейді.

***

Алтыншы. Жасында есепші болғандыкі шығар, өлеңдерінің ұйқастары мен ырғақтарын математикалық дәлдікпен өлшеп-пішіп, көркем кестеледі. Аллитерация мен ассонанстан ауытқымады. Дәлел керек пе? Бала кезімізде жаттаған бірыңғай «с» әрпінен басталатын «Сарғалдағым – сағынышым» деген өлеңін ұсынайық:

Саясы салқын, боз тоғай,
Сыбдыры таныс талдың да,
Салып ек соқпақ із талай,
Сағынып мені қалдың ба?
Самалмен тай боп жарысып,
Сағымды судай кешіп ем,
Сағаңа келдім тағы ұшып,
Сақтаулы шығар несібем.
Серуенде, Тұрсын, серуенде,
Сарғалдақ – туған бесігім.
Сарғайып саған келгенде,
Сайрандап жүрсем, несі мін?

Жетінші қыры. Барлық қаламгер алғашқы өлеңдерін ғана қыз-қырқынға арнайтыны белгілі. Ал Тұрсын Жұртбай аудандық газеттегі әдепкі мақалаларына дейін қызға арнап жазды. Он бес жасындағы ең алғашқы мақаласы «Қыз қиялы қияда» деп аталады. Ақыры қыз бен қиял оны шырқау биікке шығарды.

***

Сегізінші. Тұрсын Жұртбай алдымен бастауыш, содан соң орталау, сосын орта мектепте оқыған. Яғни, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бүгінгі бакалавр, магистратура, докторантура сияқты үш сатылы жолдан өткен. Бұл да оның кейін үш тіл білетін, үш ұмтылып барып ғалым болатын, үш тұғырлы балалардың арасында жайраңдап жүретініне көрінген шығар.

***

Тоғызыншыдан, Қазақстанда өзі жетпіске, ал ғылыми жетекшісінің біреуін тоқсан төртке, екіншісін тоқсан бірге аман-есен жеткізген бір-ақ ғалым бар. Ол – Мекемтас Мырзахметовтен кандидаттық, Серік Қирабаевтан докторлық диссертация қорғаған Тұрсын Жұртбай. Сондықтан бүгін оның шапанының шалғайын қидалап бөлісіп алуға әбден болады.

Ұрпақтарыңызға жетпіске жүгіріп жеткен Тұрсын Жұртбайдың жолын берсін!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер