Сәтбаевты дүрліктірген оқиға: 5 жасар қызды зорлағандар жазасын жеңілдетуді сұрады

2825
Adyrna.kz Telegram

Сәтбаев қаласында бес жасар қызды зорлау ісі бойынша сотталғандар сот шешімін өзгертуді сұрап, аппеляциялық шағым түсірді. Ерлі-зайыптылар үкімді жеңілдетуін өтінеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қарағанды облыстық сотына Сәтбаевта бес жасар қыз баланы қорлау ісі бойынша сотталған ерлі-зайыптылардан үкімді жеңілдету туралы аппеляциялық шағымдар келіп түсті.

- Сотталғандар аппеляцияға берді. Алайда сот жабық процесті қарау сатысында түсініктеме бере алмайды», - деп түсіндірді Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс жыныстық қолсұғушылыққа қатысты болғандықтан, тыңдау жабық режимде өтеді.

- Процесс жабық өтуіне байланысты сот істі қарау кезінде пікір білдіре алмайды, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. Іс қорытындысы бойынша қабылданған шешім туралы ақпарат жарияланады.

Еске сала кетейік, былтыр 24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында ауыр қылмыс жасалды. Қалалық полиция бөліміне бес жасар қыздың әкесі арызданып, баласының жоғалғанын хабарлады. Осыдан кейін іздеу шаралары басталды. Жергілікті полицияның жеке құрамы тартылды. Жүздеген ерікті де қызды іздеуге шықты. Нәтижесінде 5 жасар бала көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінен табылған болатын.

Іске байланысты алқабилер соты ерлі-зайыптыны Қылмыстық кодекстің 121-бабы ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері"), 120-бабы ("Зорлау") және 106-бабы ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") бойынша кінәлі деп таныды.

Ер адамның мас күйінде қылмыс жасауы жағдайы ауырлату ретінде тіркелді. Сотталушыға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның жұбайына қылмыстардың жиынтығы бойынша педагогикалық лауазымды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Айта кетейік, былтыр 6 қазанда Қарағанды қаласының тергеу изоляторында үшінші күдіктінің өлі денесі табылды. Ол өз-өзіне қол салды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер