Алаш тақырыбын ашып, идеологиялық жұмыстардың динамикасын күшейтеміз! - Ербол Әліқұл

12270
Adyrna.kz Telegram

Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды Алаш арыстары дүниеге келген Қарағанды өңірі бүгінде идеологиялық бетбұрысқа батыл қадам жасап, тың бастамалар мен жобаларды қолға алуда. Облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Ербол Шымкентбайұлы арнайы Adyrna.kz порталының тілшісіне кең көлемде сұхбат беріп, өзіне жүктелген негізгі бағыттар бойынша алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Ербол Шымкентбайұлы, Қарағанды облысы әкімі орынбасары қызметіне келгеніңізге жарты жылдан асты. Қалың көпшілік Қарағанды өңірі “жабық саясатты ұстанады, ашықтық пен жариялылық жоқтың қасы, барлық ақпараттан тыс қалып жатамыз” деп облыстық БАҚ жүйесіне теріс бағасын беріп жатады... Бұл туралы не дейсіз?

- Қарағандыға келгелі бірінші кезекте БАҚ өкілдерімен танысып, іште болып жатқан түсініспеушіліктер туралы хабардар болдым. Барлығын ауызбіршілікке шақырып, ортақ келісімге келулерін сұрадым... Олармен бөлек шығып та сұхбаттастық, дастархан басында да әңгімелестік. Басшылық құрам мен ішкі тәртіпті ретке келтірудеміз. Жақында «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің басшылығына қаламы қарымды журналист Қайрат Әбілданы ұсындық. Араларынан лайық кандидат іздеп жүріп,  халықты ойлайтын, көкейкесті мәселелерді ашық көтеріп, сөздің қадірін білетін «жүрегі үлкен азамат» болсыншы дедік. Әрине, біз ұсынған кандидатқа қарсылық білдіргендер болды. Десе де соңғы шешім өзімізден болып, жаңа басшы тағайындадық. Алдағы уақытта ашықтық пен жариялылық жолға қойылып, өңірдегі БАҚ барынша халыққа жақын болады деген үмітіміз зор.

“Сіздердің бір-бірлеріңізге  қарсы келіп, наразылық білдірулеріңізден тек газет ұтылады. Газеттің абыройына нұқсан келсе, ол барлық әріптестеріңізге кері әсерін әкеледі. Таптырмайтын мамандар болмайды. Сіздерді бақылап отырған адамдар бар. Егер осы қалыпта қала берсеңіздер, біз сіздермен қоштасамыз” деп  ашық айттым. Өзгеріске бет бұрған сияқты.

Сарыарқа ақпаратпен осы бағыт бойынша тиісті жұмыс істеп жатырмыз. Облыстық ішкі саясат басқармасына да “Ашық жұмыс істеңдер, одан тек пайда табасыңдар” деп өз ұстанымымды жеткіздім. «Орталық Қазақстан» мен «Индустриальная Караганда» газеттерінің ұжымымен танысып, жұмыс барысында оларға:

“Біз сіздердің газеттеріңізді күнделікті оқып отырмыз. Бізге ешкім мән бермейді деп ойламаңыздар. Кім, кай журналист не жазғанына дейін біліп отырмыз. Босаңсымай, сараптамалық мақалаларға көшіп, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді ашық жазыңыздар” деп талап қойдым.

Форматы да, сапасы да өзгеріп келе жатыр. Біздің тарапымыздан “мына мәселені жазба, анау проблеманы көтерме, тыныш отырыңдар” деген ешқандай шектеу, цензура жоқ. Жұмыс істеп, нақты нәтиже көрсетсе болды. Біздің қояр бір ғана талабымыз – газет тиражы көтерілуі керек. Тираж көтерілуі үшін оқырмандар  газетті өздері іздеп тауып, өз  қалаулары бойынша алуы керек.  Таза өз еңбектеріңізбен газеттің тиражын көтеріңіздер. Сонымен қатар газеттің электронды форматын да дамытасыздар дедім. Ақпараттық сайт демекші, Life09-ды жақын арада ақпарат агенттігі ретінде бөлек ашамыз. Оған қатысты бөлек жоспарларымыз бар. Жаңадан адамдарды қоямыз. Сараптаманың да, рейтингтің де жоқ екені рас... Бүгінгі ақпараттандыру заманында SMM, интернет ресурс жағына көбірек мән берілуі керек.  Дегенмен жаңадан тағайындалған басшыға үміт артып отырмыз. Жұмыс істесін, нәтиже көрсетсін. Мүмкін сол жұмыстың арқасында сіздерге ұнап кетер. Жастардың көңілінен де шығады деген ой бар. Қазіргі бағыт-бағдарлары жаман емес сияқты...

- Осындай құбылыс қалыпты үрдіске айналғалы қашан… Мысалы, былтыр желтоқсан айында Октябрь ауданы Әлихан Бөкейхан ауданы болып ресми түрде өзгертілген тұста халыққа арналған мерекелік жиын жасырын түрде өтіп, оған тек “қажетті элита өкілдері” шақырылып еді... Халық сыны қашан ескеріледі?

-  Халық сынына толық қосыламын. Керек емес жерде жабылатынымыз бар. Досқа күлкі, дұшпанға таба болмай халыққа керек нәрсені жаппай, бәрін ашық көрсету керек. Күні кеше Қарағандыдағы «Жұлдыздар аллеясында» композитор Сыдық Мұхамеджановқа ескерткіш белгі ашқанда да ыңғайсыз жағдайға қалдық. Залдың тіпті 50 пайызы да толған жоқ. Концерт тегін. 500 шақыру хат жібердік дейді. Әдеттегідей еш жерге жазбаған, ешкімге хабарламаған болса керек.

Әр өткізілетін шара болсын, жаңа өзгерістер болсын барлығын бірінші кезекте жергілікті бұқара халыққа жеткізуіміз тиіс. Өзіңіз айтпақшы, қажетті адамдарды ғана шақырып, тек соларға ғана шақыру билеттерін таратуды доғару керек.

Әрине, бірден дамып кетіп Астана бола алмаспыз. Десе де, біздің өңірдегі идеологияға жауапты мамандарға, БАҚ саласындағы қызметкерлерге сәл де болсын патриоттық сезім жетіспей жатқаны өкінішті. Сыдық Мұхамеджановтың іс-шарасындағыдай адам келмей қалып, ұятты жағдайға түспеуіміз үшін бұл бағыт бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

Жабық саясатты барынша ашамыз. Бұл жерде жасыратын түгі де жоқ қой... Қайта керісінше барлығын халыққа ашып тастап, күнделікті қоғамдық ақпараттан құлақдар етіп, барлық жаңалықпен бөлісіп отырсақ қайта жақсы емес пе...

Алдымызда 25 қазан – Республика күні келе жатыр. Оның ешқандай құпиялығы да жоқ. Осы мерекеге орай үлкен іс-шара ұйымдастырғалы жатырмыз. Іс-шара 22-ші қазан күні сағат 15:30-да С.Сейфуллин атындағы облыстық-академиялық қазақ драма театрында өтеді. Міндетті түрде келіп, қатысыңыздар. Орын бәріне жетеді. Халықпен бірге болып, жақсы бір концерт тамашалайсыздар.

- Тоқаевтың Қарағанды жұртшылығымен кездесуінде де халық өкілдерінің емес мемлекетке жақындығы бар адамдардың қамтылғанын байқадық. Бұл бағыт бойынша қандай шара қолдану ойыңызда бар?

- Айналдырған 500 орындық зал. Бүкіл саланы қамтуымыз керек болды. Адамдарды бөліп-бөліп шақырдық. Енді мен өзім барлық қоғам белсенділерін, журналистерді жеке-жеке тани бермеймін ғой... Өзім қойған талап бойынша білім, денсаулық сақтау, БАҚ, қоғамдық кеңес, өнеркәсіп, ардагерлер, кеншілер... Осы салалар бойынша қоғамда орны бар беделді мүшелерді шақырыңыздар дедім. Осылайша негізгі құрам жиналды, сосын оларды азайтуымыз керек болды, өйткені сыймай кетті. Той болғаннан кейін бір жері қисайып тұрады ғой дейді ғой қазақта. Халық ішінде жүрген біраз зиялыларды елемей калғанымызда болды. Ол жағын байқадым. Орынды сын. Келесі жолы міндетті түрде ескереміз. Әр тізімді сұрыптаудан өткізіп, қадағалап отырамыз.  Қалалық қоғамдық кеңесте орын алған жағдайларды да естідім. Осындай мәселелерді ашық айтып, көтерген дұрыс.

- Өңірдегі білім беру саласына қандай баға бересіз? Аудан, қалалардағы білім ордаларын аралап көрдіңіз бе? Қарағандыда Кеңес Одағы тұсынан қараусыз қалып, сырты жүдеп тұрған  мектептер әлі де бар дейді… Осы мәселелер бойынша қандай шара қолданар едіңіз?

- Қарағанды облысының білім саласында қандай кемшіліктер бар? Тоқталып өтейік. Жалпы материалдық тұрғыда қарасақ, мектептеріміз әбден тозған. 1930-1940 жылдары соғылған апаттық мектептер де, күрделі жөндеуді қажет ететін білім ордалары да баршылық. Қарағанды қаласының өзінде үш ауысымды мектептер бар. Жеке өз басым аралас мектептерге қарсымын. Олар да жеткілікті. Көпшілікті алаңдатып отырған мұндай білім беру мекемелерін жабу мәселесімен шұғылданудамыз. Одан қалса кейбір шалғай ауылдарда керісінше балалардың саны азайып жатыр. Бала саны жетіспейтін мектептерде мұғалімдерді бекерге қинап ұстағанша, мектептерді жауып жатырмыз. Ондай жерлерге дұрыс мұғалім де бармайтынын ескере кеткен жөн. Енді бұл мәселелердің шешілу жолы қандай? Мұндай шалғай жерлерге халық бармайды. Ондай ауылдарға жол да салынбайды. Су да тартылмайды, мектеп те соғылмайды. Білуімше 200 үйден кем болмау керек деген де қағида қабылданған. Енді не істейміз?  Осы мәселені шешуде қолға алған бастамаларымыздың бірі – барлық шалғай ауылдардағы балаларды біріктіріп, үлкендеу потенциалы бар ауылдарға жинап, оқыту. Сол ауылдардағы мектептердің сапасын көтеріп, барынша жағдай жасау. Осы бағыт бойынша негізгі міндеттер атқарылып жатыр. Әсіресе қыс мезгілі кезінде балаларымыз қиналып, мектепке жете алмай қалатын жағдайлар  кездеседі. Сол үшін біз не істедік... Балаларды қауіпсіз тасымалдау мәселесін шештік.

Шалғай аймақтарда тұратын оқушылар мектептеріне аман-есен жетіп, сапалы білім алсын деген мақсатта әкімнің тікелей қолдауымен 27 жаңа, сапалы автобус алдырттық. Құдай қаласа ауыл мен ауыл арасында автобустар еш кедергісіз қатынайтын болады.  «Мұғалім жоқ, бала келмейді. Бала жоқ, мұғалім бармайды» деген күрделі мәселе осылайша өз шешімін табады деген ниеттеміз.

Білім саласында кадр тапшы. Мектептерде екі-үш пәннен сабақ беріп жүрген мұғалімдер де жетерлік. Міне, осындай проблемалар бар. Соның бәрін кім шешеді? Бірінші шалғайдағы ауылдарда мектеп соғамыз ба, жоқ мына Қарағанды қаласында мектеп соғамыз ба? Мына жақты ысырып тастап, ауылды аймақтарда мектептерді көбейтеміз бе? «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» демекші, осының бәріне салыстырмалы түрде анализ жасап, қолға алудамыз. Құр әшейін әңгіме айтсақ, әрине мұндай мәселелер сол күйі шешілмей, жылдар бойы тұра береді. Мұның бәрі қаражатты талап етеді. Бюджеттен тиісті қаражат бөліп, оны тиімді жұмсай білу – саяси менеджердің басты міндеті. Ел басқару - өнердің атасы… Сонымен қатар Қарағанды облысының білім беру деңгейін көпшілік мақтайтынын атап кеткен жөн.

Университеттеріміздегі білім беру қызметі жоғары дәрежеде екені бұрыннан белгілі. Оның басты себебі мынада жатыр. Киелі Қарағанды өңірінен Әлихан Бөкейхан бастаған бір топ ұлт зиялылары шыққан. Кеңес одағы тұсында көптеген ұстаздар өңірдегі ЖОО-ның дамуына өз үлестерін қосқан. Біздің қара домалақтарды сапалы біліммен сусындатып, түлетіп ұшырған. 

Мәдениет саласы да жолға қойылып, классикалық музыканың дамуына үлкен септігін тигізген ұстаздар көп болды. Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі мен Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды симфониялық оркестрінің қалыптасу тарихын кеңінен зерттеп, классикалық туындыларын сүйсіне тыңдадым.  Деңгейлері өте жоғары. Астана мен Алматыдан қалыспайды. Қарағандыда білім беру саласы да, мәдениет саласы да жақсы дамыған.  «Тарихи тұлғаның рөлін ешкім жоққа шығара алмайды» демекші, химия және металлургия саласының іргелі ғалымы Евней Арыстанұлы Бөкетовтің тарихта алар орны ерекше. Қазақстандағы тау-кен ғылымын дамытуға үлесін қосқан академик Әбілқас Сағыновтың да өңірге қосқан еңбегі орасан зор. Бүгінде Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Қарағанды медицина университеті  республикамыздағы іргелі де озық білім ордаларына айналып отыр.

 - Қазақ еліне Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды Алаш арыстарын сыйлаған Қарағанды облысының бүгінгі жәй-күйі бәрімізді де алаңдатады. Алаш арыстары демекші, жылдар бойы жабулы болған Әлихан Бөкейхан қақпағын қайта ашуға табандылық танытып, аянып жатқан жоқсыз. Өзіңіздің қолдауыңызбен республика деңгейінде ұлтымыздың санасын дүр сілкіндірген бірқатар ауқымды тың бастамалардың қолға алынуы болашақта жауапты шешімдер қабылдануына ұйытқы болары сөзсіз. Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар? Бұл шаралар жалғасын таба ма?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев Қарағанды жұртшылығымен кездесуінде «Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғалары шыққан. Қарағанды өңірі – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер» деп атап кеткендей,  қазақтың үш бірдей арысы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келіп, бүгінгі бейбіт өміріміздің басты себепкерлері атанды… Күні бүгінге дейін өңірімізде Алаш тақырыбы белгілі бір себептермен жабық болғаны рас. Баяғы жартас сол жартас болып қалмайтынына уәде беремін.

Бүгінгі күннің өзінде өңірімізде Алаш арыстарын ұлықтау мақсатында бұрын-соңды болмаған іс-шаралар қолға алынып, ғаламат өзгерістер орын алып жатыр.

Бір жыл бұрын халықтың талап-тілегі ескеріліп, Әлихан Бөкейхан ауданы ашылды. Күллі қазақты қуантқан тарихи күнге орай Қарағандыда Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық-академиялық қазақ драма театрында  Қанат Жүнісовтің «Ұлтқа қызмет» атты тарихи драмасы сахналанып, халықтың сана-сезiмi мен рухын биiкке көтерді. Осыдан 5-6 бұрын осы тақырыпты ашық айтамыз деп армандап па едік?  Осы қойылымның арқасында қаншама адам Алаш тарихымен жақын танысып, тың деректерге қанықты.

Биыл өздеріңіздей Алашшыл жастардың ұйымдастыруымен 30-31 мамыр Алаш арыстарын еске алу күніне орай Қарағанды облысында алғаш рет «АРҚА АРЫСТАРЫ» атты екі күндік пресс-тур өтіп, республиканың түкпір-түкпірінен 40-қа жуық БАҚ өкілдері мен белсенді жастар Әлімхан Әбеуұлының  зиратына барып, рухына тағзым етті.

Әлихан Бөкейханның кіндік қаны тамған туған жері Ақтоғай ауданына табан тіреп, Жекежал қыстағын өз көздерімен көріп, ұлт көсемінің ата-бабасы жерленген «Талдыбейіт» қорымына барып, бабалар рухына зиярат етті. Күні кеше 27 қыркүйек – Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бабамыз атылған қаралы күнде өзіңіз бастаған Қарағандының бір топ жастары тыңнан жол салып, ел тарихында тұңғыш рет Ә.Бөкейханның туған жері Жекежал қыстағында «Әлихан әруағына тағзым» атты еске алу шарасын ұйымдастырып, баба рухына құран бағыштап, құрбан шалып, ас берді.

Осындай батыл бастамалардың арқасында жаншылған санамыз сілкініп, тұншыққан рухымыз қайта көтерілетініне сенімім зор. Ең қуантарлық жағдай, бұл бастамаларды көзі ашық, көкірегі ояу жаңа заман жастары көтеріп жатыр.

Ол ненің белгісі? Бұл халықтың көзі ашылып, тарих сахнасына жастардың көтеріліп келе жатқанының белгісі. Біз күні бүгінге дейін өз тарихымызды мүлде білмегеніміз ешкімге жаңалық емес. Қазақтың шынайы тарихын ешкім білмеген. Алашорда дегенді әйтеуір бір жерде естігенбіз. Керек десеңіз, Кеңес үкіметі тұсында Алашорда дегенді «контрреволюционерлер» шығар деп ойлайтын. Сондай тар шеңберде шектеумен өстік, осындай жалған қағидаларды миымызға әбден сіңірді... Алаш арыстарының қалдырып кеткен мол мұрасының бүгінгі күнге дейін әлі тірі екенін және біздің ұлт болып ұйысумызға аса қажет екенін түсінгендейміз. Халық нағыз шынайы тарихпен енді қауышты.

- Шынында өзіңіздің бастамаңызбен Алаш арыстарын ұлықтау мәселесі бойынша бірқатар шаралар легі қолға алынды. Білуімізше, алдағы уақытта Әлихан Бөкейхан ауданындағы Майқұдық мәдениет сарайының алдында Әлихан Бөкейхан бабамызға арналған ескерткіш бой көтермек. Ұлт көсемінің құрметіне арнайы мурал салу да жоспарда бар екен. Әлихан бабамыздың кіндік қаны тамған туған жері - Ақтоғай ауданы, Жекежал қыстағы да туризм ошағы болуға сұранып-ақ тұр… Жалпы, осы бағыттар бойынша алда атқарылатын шараларды халыққа кеңірек айтып берсеңіз.

- Әлбетте Алаш арыстарын ұлықтаймыз деп бір күндік шаралармен шектелмеуіміз керек. Алаш арыстарын дүниеге әкелген киелі Ақтоғай өңірі туризм ошағына айналып, Әлихан Бөкейханның туған жері Жекежал қыстағының маңынан аспанасты музей ашсақ, тіптен қатып кетер еді. Бұл бағыт-бағдарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бағдарламасына кіргізіп, картаға енгізіп, туристік маршрут деп бекітіп, Ақтоғай визит орталығын ашуымыз керек. Осылайша туристік ошақ деп табылып, қаражатқа ілініп кетеді. Осыған жұмыс істейік.

Бүгінгі таңда Ақтоғайға барып-қайтудың өзі үлкен бір қиындық әкеліп отыр. Жол мәселесін шешіп, ол жаққа кез-келген адам кез-келген уақытта жете алатындай мүмкіндік тудыру керек.

Сонымен қатар қазіргі жаңа заманауи технологияларды пайдаланып, ұялы телефонның камерасы арқылы Алаш арыстарына қатысты жедел ақпарат ала алатындай qr код орнатып, «Әлихан Бөкейхан кім?», «Әлімхан Ермеков кім?», «Жақып Ақбаев кім?» сынды сұрақтарға жауап алып, тұлғалық болмыстарын ашсақ қызық қой...  Алаш арыстары жайлы біздің білетінімізге қарағанда білмейтініміз әлі көп. Әрі қарай зерттеу жұмыстарын жүргізе беруіміз керек... Бізге тек бер жағы ғана белгілі. Ресейге арнайы тарихи-этнографиялық экспедиция жіберіп, Петербургтегі Эрмитажды, Мәскеудегі архив құжаттарын көтеру керек. Ашылмаған нәрсе өте көп... Алаш тақырыбы жоғары деңгейде көтерілуі үшін не керек? Ол үшін жүрек, білім, мінез қажет. Халықтың арманы орындалып, Октябрь ауданы Әлихан Бөкейхан ауданы болып өзгертілді.

Міндетті түрде Ұлт көсемінің құрметіне арнайы мурал саламыз. 9 желтоқсанда аудан ашылғанына 1 жыл толады екен. Сол уақытқа дейін үлгеруіміз керек. Алдағы жылдары Әлихан Бөкейхан бабамызға арналған ескерткіш те бой көтереді.

Жаңадан ашылған Әлихан Бөкейхан ауданындағы көшелердің біріне Әлихан Бөкейханның, екіншісіне Ахмет Байтұрсынұлының атын берсек деп жоспарлап отырмын. Бұл қозғалыс жалғасын табады. Осындай идеологиялық жұмыстардың динамикасын күшейту сіз бен біздің басты қызметіміз болуы тиіс. Келісесіз бе?  Әрине әлі күнге дейін «халықты шулатпаңдар, олар үйтіп кетеді, бүйтіп кетеді» деген жалтақтау әлі де бар. Одан да бірте-бірте арыламыз... Революциялық емес, эволюциялық жол әрқашан да тиісті нәтиже беретіні сөзсіз...

- Кешегі қаралы Қаңтар қайталанбауы үшін дәл қазір билік өкілдері халықтың үнін естіп, нақты істердің қасынан табылуы қажет-ақ. Халыққа қаншалықты жақынсыз? 

- Біздің Қарағанды облысында бұрыннан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер жеткілікті. Мұның барлығы да өңір ішінде қалыптасқан «жүйеге» байланысты... Әрине, Қарағандыны осал деп айтуға болмайды. Десе де Қарағандыға осы ашықтық пен жариялылық шынымен жетіспей жатқан сияқты. Ортақ диалогқа келу жағы қиынға соғып тұр. Мүмкін БАҚ қызметкерлері әкімдікке нақты талап қойып, соны орындауға өздері де тікелей атсалысып, бірлесе жұмыс атқаруға бейімделмегені ме... Біреулер мынаны айтады. Екіншілері мынаны айтады дегендей көрініс кең орын алған. Бір ортақ ойға тоқтамай, жан-жаққа тартады. Халық үніне құлақ асамыз. Халық қызметшісі болғандықтан дұрыс шешім қабылдай білуіміз қажет. Өйткені, ол жауапкершілік. Сол жауапкершіліктен қашпай, өз мойнымызға алуымыз тиіс. Мүмкін кейбір шешімдеріміз дұрыс нәтиже бермеуі мүмкін. Бірақ құр бос отыра берсек те болмайды.

Ақымақ адам мен дана адамның қандай айырмашылығы бар? Ақымақ қателік жасайды да, қайталай береді. Ақылды адам өз қателігінен сабақ алады. Дана адам өзгенің қателігінен сабақ алады. Ұрандатпай, барлық мәселелерді ортаға салып, бірлесе шешсек нәтиже шығады. Қазір ұрандататын заман емес.

Жеке өзіме пиардың да қажеті жоқ. Ең бастысы абырой. Жұмысымызға лайық баға беретін халық. Халықтың қолдауы арқылы ғана саналы шешімдерге қол жеткіземіз. Көпірме сөзден гөрі нақты істің қасынан табыла білсек мақсатымыздың орындалғаны... Сондықтан да бұл жерде ұрандатып, қырамыз-жоямыз дегеннен аулақ болған жөн. Популизмнен түк шықпайды. Жүйелі түрде жұмыс істеп, мәселенің анық-қанығын біліп, таразыға салып, күнделікті шешіп отыру бүгінгі күннің басты талабы. Былай тартсаң былай жетпейді, былай тартсаң былай жетпейді... Сол үшін бізге әлеуметтік ашықтық аса қажет. Аға буын, орта буын, жастар болып, тұрақты ақылдасып отырсақ барлық мәселенің шешімін табуға болады. Мысалы: «Жағдай мынандай, қаражатымыз мынау. Неден бастаймыз? Осындай жоспарымыз бар. Қалай қарайсыздар?» деп бір-біріміздің пікірімізді ескеру арқылы ортақ шешімге келеріміз анық. Бүгінгі ақпараттандыру заманында әлеуметтік желі бар. Басқа да ақпарат құралдары бар. Шешімін таппаған мәселелерді сауалға салып отырсақ, ашықтық қалыптасады.

- Мемлекет басшысы “Жаңа Қазақстан” құрамыз деп мәлімдеме жасады. Жалған есеп пен мән-мағынасыз даңғаза шаралардан көңілі қалған халық жаңа кезеңнің басталуын асыға күтіп отыр... Идеологиялық жұмыстарға қатысты қандай жоспарларыңыз бар?

- Облыстық идеологияға жауапты ішкі саясат, мәдениет басқармаларының жұмысын күшейтіп, даңғаза шараларды тоқтатып, халыққа берері мол жаңа бастамаларға басымдық берудемін. Өзгерісті идеяшыл адамдар әкеледі... Жаңа Қазақстанды жаңашыл адамдар құрады. Қарағанды мен Теміртаудың ерекшелігін бәріміз білеміз. Кезінде бұл өңір «Кузница кадров» деген атаққа ие болған. Одан ешкім ешқандай жамандық көрген жоқ. Бірақ соны теріс пайдаланған адамдар да аз емес екен. Әсіресе біздің мынау АрселорМиттал Теміртау сынды алпауыт зауыттарымыз бұқара халықпен жұмыс істеудің орнына өз беттерімен кетіп, ешкімге бағынбайтын жағдайға жетті. Ешкіммен ешқандай жұмыстары жоқ. Қоғаммен араласпайды. Негізінен, олардың да қолында зор мүмкіндіктер болды. Сол мүмкіндікті оңтайлы пайдалану арқылы идеологиялық та, тұрмыстық та талай мәселелерді шешуге болар еді. Идеология демекші, Астананың Қарағандыға жақындығы кері әсерін де, жақсы әсерін де беріп отыр. Астана – жаңа мүмкіндіктер қаласы болғаннан кейін де біздің өңірден шыққан көкірек көзі ашық, өнерге, саясатқа жақын жастары, облыстың дамуына қызмет етіп, шын көмектескісі келетін жаңашыл жас қабілет иелерінің бәрі шайылып сол жаққа кетіп жатыр. Оған өзіңіз де тікелей себепкерсіз. Бұл әрине деңгейіңіздің жоғарлағандығын көрсетеді.

Облысқа деген патриоттығымды тағы да шыңдайын, тағы да көрейін деп сыртта бірен-сараң жүргендердің бәрін осы жаққа тартып жатырмыз. Өз туған жерлеріне қайтып,  бизнестерін осы жерден ашса, ресми саяси платформаларын бастаса оң өзгерістер орын алары сөзсіз.

Қарағандыдан шыққан мықты тұлғаларымыз көп қой... Осы жаққа келгелі біраз достарымды да Қарағандыға шақырып жатырмын.  Алматы, Астанада қызмет етіп «қойшы, Қарағандыда қолдау жоқ» деп жүргендерге «сен бірінші келіп, нақты ұсынысыңды білдірсейші» деп сұхбаттасудамын. Нақты жоспар, мақсаттарыңызбен келсеңіздер қолдаймын дедім. Бірақ, өзімнің де аузым біраз күйді. Жақсылық істесең, жұлқылап жамандайды. Басында бұл қызметке кіріскенімде “қалай болады екен, қолынан не келеді өзі” деп жергілікті Қоғамдық кеңес мүшелері мені сынап, “биліктегілерді қашанғы мақтай береміз, ісімен көрсетсін” деп тиіскен еді. Қазір біраз уақыт өткеннен кейін өздері мойындаған сияқты «Бұл кісі үндемей, өзінің ісін істеп жүрген адам ғой» деген пікірлердіде естіп жатырмын.

Әрине, саясат жүрген жерде сын да қатар жүреді. Мен ешқашан “ойбай, мыналар былай деді, бұларға көрсетемін” деген ойға салынбаймын. Қайта дұрыс, конструктивті сын болса, оны қабылдап, өз қателігімді түзеп, сабақ алуға тырысамын.

Таспен ұрғанды аспен ұрып жүре беретін адаммын. Одан  басым кішірейіп қалмайды. Көбіне әлеуметтік желіде жерден алып, жерге салып сынап жатады. Біраз журналистер тамырымды басып, алыстан бірнәрсе жазуға әрекеттенді. Сол кезде келіңіздер, сөйлесейік. Қандай ұсыныс-ойларыңыз бар, өңірдегі мәселелерді бірге шешейік дедім. Көзбе-көз, бетпе-бет кездесуге келгенде үнсіздік танытып, төрт-бесеуінің тек біреуі ғана кездесуге келді. Оған барлық мән-жайды ашық айтып, түсіндіріп берген едім, көзқарасы өзгергендей болды. Түсінгендеріне рақмет. Жауың болса да, ақылды болсыншы деген екен. Бәрін ақылмен шешу керек... Менің адам тани білу қасиетім де күннен-күнге қосылып келе жатқан сияқты. Офлайн кездесулерді жақсы көремін. Мұны әр жерде айтып жүремін.  Әлеуметтік желі арқылы байланысқа шыққан әрине жақсы, бірақ бетпе-бет кездесудегідей тиісті нәтиже бермейді. Диванда жатып алып, елдің бәрін жамандап, бірнәрсені жазып тастау оңай нәрсе. Сонымен ақша тауып жатқандар да бар секілді. Әшейін жазып қойып, не болады екен дейтін  адамдар да бар... Көреалмайтын топ өкілдері немесе арнайы тапсырыспен істеп отырған адамдар да табылады... Енді олар да адам ғой, пенде ғой...

- Қарағандыда жылдар бойы күрмеуі шешілмей келе жатқан басты мәселелердің бірі - қазақ тілі мәселесі. Мемлекеттік мекемелерден бастап бизнес нысандарына дейін барлық жерде орыс тілінің бәсі биік тұр. Жиналыстардың басым көпшілігі орыс тілінде өтеді. Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе түпкілікті шешімін қашан табады? Бұл жөнінде не айтасыз?

- Тіл мәселесіне келетін болсақ, біз жақын арада бұл мәселеден түбегейлі құтыла алмаймыз... Өте нәзік тақырып. Барлығын терең ойланып шешуіміз керек. Мысалы, Саран, Шахтинск, Абай қалаларын алып қарасаңыз, өзіміздің ана тілімізді алға сүйрейтін мектептер аз. Қазақ тілін жетік білетін мамандар жоқтың қасы.

Ал Ақтоғай, Қарқаралы т.б. қазақи аудандарда қазақ тілі дұрыс жолға қойылған. Ұлттық құндылық, ұлттық тәлім-тәрбие ауылдарымызда жақсы сақталған.

Ол жақтарда керісінше ресми тілде сабақ беретін мұғалімдер аз. Ең өкініштісі, жаппай бәрі қазақ тілінде сөйлеп кетпейтініне  көзіміз жетіп отыр. Әрине қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында бар күш-жігерімізді саламыз. Бұл жұмыс ешқашан тоқтамайды. Ұстаздарымыздың деңгейін көтеру амалын да қарастырып жатырмыз. Қазақ мектептеріндегі білім сапасын көтеру бағытында бірнеше шараларды қолға алдық. Дегенмен, өкінішке қарай, салыстырып қарайтын болсақ, орыс мектептеріндегі білім сапасы қазақ мектептерінен әлдеқайда жоғары...  Бүгінгі таңда жиналыстар қазақша өтіп жатыр. Құжаттарды барынша қазақша дайындатуға тырысып келеміз. Күннен-күнге қазақша мәтіндерді көбейтіп, орысшасын азайтуға барымызды салып жүрміз... Кейде болмай қалады. Дегенмен де нәтиже бар. Осылайша бірте-бірте қазақшаланады. Үйренгісі келмейтіндер де бар.

Енді бұларды қалай тәрбиелейміз? Құжаттарды қазақ тілінде көбейте беру  керек. Олар жан қиналмаса қозғалмайды. Сөйтіп бірте-бірте қазақ тілін меңгеруге мәжбүр болады.

Мысалы, Астана Қарағандыға қарағанда айтарлықтай қазақи қала ғой. Әдемі муралдар салынып жатыр. Сол жақта қолға алынып жатқан осындай идеология жұмыстарын бері қарай тарта беруіміз керек. Муралдың бір артықшылығы – ескерткіш т.б. қарағанда қымбатқа түспейді және өте тиімді көрнекі құрал. Алдағы уақытта мурал салуды есепке алып, жүйелі түрде жолға қоямыз. Мысалы келесі жылға 20 мурал салыңдар деп лот ашып, тақырыбын ойластырсақ, ол да бір оң өзгеріс әкелері анық. Бұл үрдісті жолға қоямыз. Оған дейін Әлихан Бөкейхан бабамызға арнап бір муралды пилоттық жоба ретінде салып тастайық...

- Кейінгі кезде өңір ішінде аты дардай, ісі жұрдай бір-бірін қайталайтын көптеген мекемелер, орталықтар жиі ашылып кетті. Ел қазынасын онды-солды шашқан құрылымдар халыққа пайдасы тиетіндей нәтижелі жұмыс атқарып жатыр деуге келмейді. Мемлекет басшысы монополияға жол жоқ екенін ескертіп, осындай пайдасыз мекемелерді дереу жабу қажеттігін тапсырған болатын. Өз қара бастарының қамын ұлт мүддесінен биік қоятындарға қашан тоқтау саламыз?

- Иә, ойыңызға толық қосыламын. Екі газетті біріктіріп, неменеге медиахолдинг ашты деген пікір жиі айтылады. Бірак оның оң нәтижесі бар екеніне көздеріңіз жетеді деп ойлаймын. Былтыр ғана ашылған Қасым үйінің жұмысы да тоқтап тұр. Қасым үйінде Жазушылардың кабинеті тұр, өздері жоқ... Осы үйді жандандыру үшін идея керек болып жатыр. Алдындары Рухани жаңғыру кеңсесі болған еді, олар да  тарап кетті. Қасым үйін алдағы уақытты міндетті түрде қолға аламыз. Әкімнің тиісті тапсырмасы бар. Ішінде барлық жағдай жасалған. Офис те бар, студия да бар. Жандандыру жұмыстарын қарастырайық. Мүлдем болмай жатса, басқа шешімдер қабылдайтын боламыз.

- Ресей-Украина арасындағы соғыс бәрімізді де алаңдатып отыр. Мобилизациядан қашқан орыстар Қазақстанға жаппай көшуде. Онсыз да орыстанған Қарағанды өңірінің болашағы не болады деп үрейі қашқан өңір тұрғындарына не айтасыз? Қорқуымызға себеп бар ма?

- Менің ойымша, ондай күрделі қауіп төніп тұрған жоқ. Көрші елден келгендер бірінші кезекте шекаралас облыстарға тоқтады. Басым бөлігі әрі қарай Түркияға Дубайға ұшып кетті. Біздің облысымызға  келгендер саны - 4,5 мың адам.1,5 мың ресейлік кетіп қалыпты. Бұл нақты мәлімет. Күнделікті жинап жатқан нақты ақпарат бар.

Біріншіден, 500 мың халық тұратын Қарағандыға 3 мың адам ешқандай қауіп келтіре алмайды.

Үшіншіден, біздің президентіміз айтқандай, қазаққа тән қасиетімізбен оларға нан, су беріп, сосын шығарып саламыз. Кезінде бір Қарағандының өзі қалай қалыптасқанын білесіздер... Ол кездері өзіміздің де жағдайымыз қиын болса да,  өзге ұлттардын азаматтарын қабылдап, бірге өмір сүріп достықта болдық. Бұлар да Қазақстанда мәңгі  қалайын деп жатқан жоқ. Ертең-ақ жағдайлары дұрысталған соң кетіп қалады. Сондықтан да бізге уақытша келуге мәжбүр болған қонақтардан қорқудың қажеті  жоқ деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер