Төлен Тілеубай: Cәтсіздіктен кейінгі #5 түйін

10013
Adyrna.kz Telegram

Әр адам өмірінде түрлі сәтсіздіктерге кездесетені қалыпты жағдай. Алайда сәтсіздікті жау емес, ұстаз деп қабылдаған жөн. Әр сәтсіздік - сәттіліктің бастауы. Әр сәтсіздік - табысқа бастар жол. Бүгінде журналистика саласында аянбай тер төгіп, қазақ баспасөзінің ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген Төлен Тілеубайдың есімі көзі қарақты оқырмандарға етене таныс. Ол – заман талабына сай журналист, «Astana aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы, Қазақстан Журналистер одағының және Бас редакторлар клубы қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

Әлбетте, Төлен Тілеубайға атақ та, абырой да, халықтың ыстық ықыласы мен шын пейілі де оңай келген жоқ. Атағы шыққанға дейін Төлен Тілеубай ауданы 8-10 шаршы метрден аспайтын бір бөлме жатақхана жалдап тұрды. Ұзақ жылдар баспанасыз жүрді. Елордаға алғаш қоныс аударған жылдары кәріс қожайынның ас бөлмесін 3 мың теңгеге жалдап тұрған кездері де болған. Дағдарыстан көз ашпай, таңертең кітапхананың ауласын сыпырып, күндіз газетке мақала жазып, кеш батысымен домбырасын асынып, той-томалақта әнші, асаба болып та еңбектенді. Сол жылдардағы баспананың жоқтығы, жалақының аздығы, туған-туыс, жақын-жуықтан алыс жерде өмір сүрудің қиындығы жанын жабырқатса да, ол ешқашан мойыған емес...

Adyrna.kz ұлттық порталы назарларыңызға Төлен Тілеубайдың сәтсіздіктен кейінгі түйген #5 өмірлік сабағын ұсынады.

1. ТАЛАПТЫҢ МІНІП ТҰЛПАРЫН...(АБАЙ)

Бала күнімде математиканы жақсы көрдім. Әкем есепші болғандықтан түні бойы совхоздың есебін жасап, шот қағып отырушы еді. Мөрдей жазуына, есеп-қисапқа жүйріктігіне қатты қызығатынмын. Сөйтіп, математикаға ден қойдым. Жазда алдағы сыныптың есептерін шығарып, бір дәптерге көшіріп қоямын. Бастауыш сыныпта жоғары сыныптардың есебін оп-оңай шығарып жүрдім. Ашық сабақта тек бестік аламын. Неге екенін білмеймін, орта сыныптарда осы пәннен дәріс берген мұғалімдерім бағаға «сараңдық» танытты. 5-ті, 4-ті 3-ке бағалап, күнделігіме баттитып жазып беретін. Жоғары сыныптарға көшкенде басқа пәндерден 5-ке шығып, математикадан 4-ке әзер ілігіп жүрдім. Бұл да сәтсіздік шығар! Бірақ оған ұнжырғамды түсірмедім. Тек математикаға деген қызығушылығым азайып, әдебиетке бет бұрдым. Шығарма жазуға деген құлшынысым арта түсті. Әдебиетті көбірек оқуға талап қылдым. Осы талабым 6-7 сыныпта оқып жүргенде-ақ журналист болсам деген арманыма қанат бітірді. Сол арманым өмірлік жарық жұлдызыма айналды. Демек, сәтсіздіктің пайдасы бар екен!

2. ӨМІР ДЕГЕНІМІЗ – КҮРЕС

Өмірде адамның тағдырын тәрбие шешеді дегенмен келісемін. Бала күніңде күтуші бағбаның – әке-анаң, ұстазың қалай тәрбиелесе, сол тәрбие тағдырыңа «әмірші» болады. Әкем мен анам бізге: «Ешкімнің ала жібін аттама! Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен!» дегенді ісімен, өнегесімен көрсетті. Содан шығар, өмірдегі қиындықтармен әлі күнге күресіп келемін. Өмірде қуаныш пен қайғы, табыс пен сәтсіздік араласып жүреді. Аллаға шүкір, студенттік шағымнан көрген қуанышым көп. 1999 жылы университетті үздік дипломмен бітірдім. Елде үлкен дағдарыс орнаған еді. Жұмыссыздық жайлады. 1 курстан бастап шығармашылық ортада танылып жүрсем де, екі қолға бір жұмыс таппадым. Қайда барсам, алдымнан сәтсіздік шығатын! Бір досыммен базарға шығып, сауда жасап та көрдік. Қолымнан келмеді. Сөйтіп жүргенде рухани ұстазым, Алашқа есімі мәшһүр әнші-өнертанушы Ерлан Төлеутайдың көмегімен Қарағандыдағы жасөспірімдер кітапханасына аула сыпырушы болып орналастым. Ж. Бектұров атындағы осы кітапхана сол заманда қазақтың өр рухты жастарының бас қосатын негізгі алаңы еді. Алатаңнан тұрып, атшаптырым ғимараттың ауласын тазалаймын. Терге малшынып, екі қолым қарысып қалғанына да қарамаймын. Күндіз кітапханада кітапқа бас қоямын. Жұмыс киіммен жүргенімді көрген таныстарым тосырқай қарайтын. Бірақ... адал еңбектен арланған жоқпын. Ай сайын алатын 5-6 мың теңге жалақыма ауылдағы анама, бауырларыма бір-бір сыйлық, ағаларыма кітап сатып алып, апарып беретінмін. Өмір еңбексіз ештеңе бермейтінін түйсіндім.

Ерінбей еңбек етсең, шыдап егер,

Тікен де гүлге айналып шыға келер! – деп жазыпты Сағди. Сол жылдардағы баспананың жоқтығы, жалақының аздығы, туған-туыс, жақын-жуықтан алыс жерде өмір сүрудің қиындығы жанымды жабырқатса да, кейін шегінген емеспін! Тағдырды тәрбие шешеді дегенім осы. Әкемнің жастайыңнан ынта-ықыласпен, ерік-жігермен еткен еңбегің барлық қиындықтарды жеңеді дегеніне көз жеткіздім. Адал еңбек етпегенге бақыт жоқтығын осылай түйсіндім. Қазірге дейін рахатты жұмыстан тауып жүрмін. Мені осындай адам етіп тәрбиелеген әкеме, анама, ағаларыма, ұстаздарыма өмір бойы қарыздармын!

3. ЕШТЕҢЕ ДЕ ЕРІК-ЖІГЕРСІЗ ІСТЕЛМЕЙДІ

Студенттік шағымда, алғаш еңбекке араласқан кезімде қиыншылықты, сәтсіздікті (бәлкім, бұл сәтсіздік емес шығар) көп көрдім. Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика бөлімінде оқыған жылдары Тәттімбет атындағы музыка колледжінің жатақханасында тұрдым. Оқу ордасын көп жыл басқарған, қазақтың аяулы да бірегей әншісі, марқұм Мейірхан Адамбеков пен Арқаның дарабоз әншісі Жақсыкелді Кемалов ағаларымның қолдауымен алған жатақхананың бір бөлмесі (ауданы 12 ш.м.) маған ерекше ыстық, аяулы болғанын ұмытпаймын. Алғаш еңбек жолымды бастаған «Сана» тәуелсіз газетінде жұмыс істеген кездерімде «Коопердің» (Қазақ экономикалық универсиеті) жатақханасының (ауданы 8 ш.м.) бір бөлмесінде тұрдым. Қарағандыда 7-8 жыл, Астанада 9 жыл үйсіз жүрдім. Жанбағуға ғана жететін жалақыны қанағат тұттым. Бас қалаға алғаш қоныс аударған жылдары кәріс қожайынның ас бөлмесін 3 мың теңгеге жалдап тұрғаным бар. Келген қонағыма кереуетімді беріп, өзім жерге көрпе, киім төсеп жатушы едім. Журналистердің көбі жастық шағында асабалықты кәсіп қылады. Жан достарым мықты әнші, асаба болып, той басқаруды үйрендім. Күндіз газетке мақала жазып, кеш батысымен домбырамды асынып, той-томалаққа жүгіретінмін. Жасыратыны жоқ, күні бойы ашқұрсақ жүріп, тойдың дастарханынан «қарын тойғызып» мәз-мәйрам болатын кездерімді де кейде есіме аламын. Ең бастысы, өмірдегі қиыншылықтарға, сәтсіздіктерге ешқашан мойыған емеспін. Керісінше, олар мені жігерлендіріп, алға жетеледі. Ерік-жігерім кейін іске айналды. Адал еңбекпен, тартыспен келген жақсылықтың құны қымбат екеніне көз жеткіздім.

4. СҮЙІСПЕНШІЛІК БАР ЖЕРДЕ, БЕРІК ОТБАСЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Орыстарда «Любовь приходит и уходит, а кушать хочется всегда» деген қалжың сөз бар. Отбасын құрған екі жастың әу баста махаббат сезімі ғаламат болады. Алайда, өмірде бәрі кинодағыдай я болмаса әдеби шығармадағыдай емес. Көп ұзамай-ақ ыдыс-аяқ сылдырап, ұрыс-керіс басталып жатады. Кейбір шаңырақ тез шайқалып, ортадағы балалар қасірет шегеді. Бұған біз әлеуметтік жағдайды бірінші себеп ретінде көрсетеміз. Меніңше, ерлі-зайыптылар үй болып, отау тіккенше бір-бірінің мінез-құлқын, әдет-әдебін толық біліп алуы тиіс. Бұл кейінірек өзара сүйіспеншілікке апаратын жол. Берік отбасын құруға рухани құштарлық пен екі жастың көзқарасының ұқсастығы көп ықпал етеді. Антон Чеховтың мынадай нақыл сөзі бар: «...сүйіспеншілікпен үйлену ғана қызықты, ал қызға әдемі болғаны үшін ғана үйлену базардан керексіз бұйымды жақсы болғаны үшін ғана сатып алғанмен бірдей». Некелескен жандар әр баласының өмірі мен келешегі үшін жауапты екенін ешқашан естен шығармауы қажет. 16 жылдық жұбайлық өмірде қосағым мені үнемі қолдап келеді. Қарт анамды жас балаша шомылдырып, ақ батасын алды. Ең бастысы, барлық қиыншылықтарды, сәтсіздіктерді менімен бірге көріп, бірге жеңіп келеміз.

5. АДАЛ АРЫҢ – АҚ МАМЫҚ ЖАСТЫҒЫҢ

Өмір бойы бақытты болғың келсе – адал бол! Менің өмірлік ұстанымым, кредом осы! Мен тәуелсіз журналиспін. 20 жылдан асатын кәсіби тәжірибемде үнемі тәуелсіз басылымдарда қызмет еттім. Журналист ретінде қалыптасуым студенттік шағымнан басталды. 1-2 курста оқып жүргенімде мақала, сұхбаттарым, публицистикалық шығармаларым «Қарағанды университеті», «Азия-Транзит», «Шипагер», «Орталық Қазақстан», «Взгляд» газеттерінде жарияланды. Кәсіби еңбек жолым 1999-2001 жылдары Қарағандыда шыққан «Сана» атты тәуелсіз апталықтан бастау алды. Елімізге танымал еркін ойлы, өткір жазатын журналистердің бірі Жұмабике Жүнісова бас редакторым болды. Әр жылдары «Ақжол Қазақстан», «Алтын орда», «Жас қазақ үні», «Жас қазақ» сияқты республикалық тәуелсіз басылымдарда қызмет еттім. Тәуелсіз журналист қараша халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды. Не жазсам да, ойлы оқырманға ақиқатты білу, азат ойды жеткізу құқығын қастер тұттым. Туған ұлтына адал қызмет ету дегенді – таңдаған мамандығыма, өмірлік ұстанымыма адал болу деп түсінемін. Меніңше, кәсібіңе адалдық – ұлтыңа деген адалдық. Әрбір жазған шығармамда ұлттық мінезім, намысым ап-анық көрініп тұрғанын қалаймын. Қолыма қару-қаламымды ұстап ұлттық мұраттарға, елдік мүдделерге қал-қадерімше үлес қосып келемін. Бірақ... осындай қасиеттерім кейде сәтсіздіктерге алып келеді. Бірнеше рет республикалық басылымдарға бас редакторлыққа ұсынылдым. Өтпедім. Бұл да сәтсіздік шығар! Бұған біреуді кінәлаудан аулақпын! Жасыратыны жоқ, қазір басшылық қызметке тағайындаған кезде кәсіби шеберлігіңе, озық тәжірибеңе, қабілет-деңгейіңе қарап емес, тамыр-таныстықпен, рушылдық-жершілдікпен, жоғары жақтың ұсынуымен қояды. Мұндай әділетсіздікке жаным қас! Бірақ «бастық болмадым», «басшылық қызметте жолым ашылмады» деп еш уақытта еңсемді түсірген емеспін. Шындықты, әділдікті, адалдықты қалайтын адамның жолы әрқашан ашық болатынын білемін. Өмірдің әр сәтінде ұсақ-түйектің өзінде шыншыл болуды қалайтын адаммын! Өз басым екіжүзділікті, жарамсақтықты, көлгірсуді өте жек көремін! Өмірдегі арман-мұраттарыма аярлықпен жеткім келмейді!

ӨМІРДЕН ТҮЙГЕНДЕРІМ:

Өмірде қиналған, тарыққан кездеріңді есіңе ала берме, сол күндерің саған не үйреткенін ешқашан ұмытпа.

***

Өзіңнің жарық жұлдызың – Арманыңды бала күніңде кездестіресің, бірақ оған жеткізетін жол алыс һәм ауыр болса да, артқа шегінбе.

***

Адал еңбектің артында бақыт тұрады. Сол бақыттан айрылып қалмауың үшін, өмір бойы тынымсыз еңбек ет.

***

Өмірде кеш болса да білуге тиісті нәрсенің бәрін үйрен.

***

Өзіңнің Құдай берген талантыңды, қабілетіңді үнемі қамшылап отыр.

***

Парсы жазушысы Кабустың мына нақыл сөзін жүрегіңе жазып қой: «Азап шеккің келмес, күншіл болма».

Жоба авторы: Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер