Семей қасіреті ұмытылмайды

3386
Adyrna.kz Telegram

Биыл атом ядролық жарылысына қарсы "Невада-Семей" халықаралық  қозғалысының құрылғанына 32 жыл толып отыр. Осыған орай Семей қаласындағы Абай атындағы орталық кітапханада "Семей ядролық сынақ полигоны туралы заңды іске асырудың проблемалары мен перспективалары" атты халықаралық конференция өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен және онлайн режимде көршілес мемлекеттерден белгілі тұлғалар мен қозғалыс өкілдері, ақын-жазушылар мен ардагерлер қатысты. Шараға ақтөбеліктер де үлес қосты деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Шараны онлайн режимде қоғам қайраткері, "Невада-Семей" қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменов ашып, 1989 жылғы 19 қазанда Халықаралық антиядролық "Невада-Семей" қозғалысы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық жарылыстың 11-ін тоқтатқанын, КСРО әскери-өнеркәсіптік кешені қуатты да айбынды күшке ие болып отырған сол уақытта бұл қаһармандық іс болғанын жеткізді.

Айта кету керек, 1989 жылдың 19 қазанында ТАСС Семей полигонында қуаттылығы 150 килотоннаны құраған кезекті жерасты жарылысы туралы хабарлаған кезде осынау ізгілікті миссияны орындау үшін Олжас Сүлейменов халықтың қалың бұқарасы мен парламенттік дипломатияны кеңінен тарту ұшін зор күш-жігер жұмсады. Қозғалыс Алматыда, Семейде, Сараньда, Қарауылда, Мәскеуде наразылық митингілерін ұйымдастырды. Қарағанды мен Павлодардағы митингілерде КСРО Жоғары Кеңесіне Үндеу қабылданып, Семей ядролық полигонын жабу туралы мәселені шұғыл енгізу талап етілді.

Конференция барысында баяндама жасаған "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысының мүшесі Гүлдана Нұрпейісова қозғалыс өкілдері еліміздің әр өңірінде қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын айтып, Ақтөбе мен Атырау облыстарының жасап жатқан бастамаларын өзгелерге үлгі етті. Сондай-ақ ол биыл күзде халықаралық қозғалыстың құрылғанына 32 жыл толуына орай алда тағы бірқатар шаралар өтетінін айтты.

Жиында семейліктер мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мәселесіне тоқталып, заңға сәйкес алдағы уақытта бұл бағыттағы проблемалардың шешілуін сұрады.

Конференция соңында қала басшылығы қатысушыларға ризашылығын жеткізіп, естелікке кітаптар тарту етті.

— Қазақстан — ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы ел. Сондай-ақ қарапайым халық, билік пен саясаткерлердің ізгі ниетін біріктіруге болатынын әлемге дәлелдеген мемлекет. Қазақстан өзінің бастамасын ең жоғары трибуналарда бірінші болып жеткізді. Бұл үлкен қадам болды. Бүгінгі шарада біз осы жөнінде өз пікірімізді айтып, болашақ ұрпақтың жадында қалатындай бастамаларды жүзеге асыруға тиіс екенімізді түсіндік, — дейді ақтөбелік белсенді жас депутат Азамат Усимбеков.

"Адырна" ұлттық порталы.

 

 

 

 

 

 

Пікірлер