Ислам және діни әралуандылықты қабылдау

2458
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі мұсылман әлеміндегі дағдарыс, өзара келіспеушіліктер мен қақтығыстар діни плюрализмді дұрыс түсінбеуден шығып отыр. Мысалы, мұсылмандардың бестен бірі (оның ішінде ең көп көрсеткіш, мысырлықтардың 44%-ы) сопылық жолды ұстанатындарды мұсылман деп санамайды. Мұндай көзқарастар Исламның бейбіт таралуына өзіндік үлестерін қосқан тасаууф (сопылық) ақиқаттарын білмегендіктен болады. Сондай-ақ, мұсылмандардың төрттен бірі шиіттерді мұсылмандар санатына қоспайды (оның ішінде ең көп көрсеткіш – 52% Мысырда; The World’s Muslims: Unity and Diversity, Pew Research Center, August 2012 http://www.pewforum.org/…/the-worlds-muslims-unity-and-div…/). Бұл жағдай соңғы жылдары Сүннетті ұстанатындар басым елдерде (әсіресе Мысырда, Пәкістанда, Алжирде) «сәлафилік» және радикалды тәкфирилік түсініктердің тарауынан туындап отыр.
Шиіттердің ең көп шоғырланған үш еліндегі (яғни, Әзірбайжан, Ирак және Ливандағы) жауап берушілердің 6%-дан азы ғана шиіттерді мұсылман ретінде жақтырмайтындығы айқындалды (The World’s Muslims: Unity and Diversity, Pew Research Center, August 2012http://www.pewforum.org/…/the-worlds-muslims-unity-and-div…/). Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижесі мұсылман үмбетінің өз ішінде плюрализмге қатысты ауызбірліктің жоқтығын көрсетеді.
Мұсылмандардың өзге дін өкілдеріне деген қатынасына келер болсақ, оны «жұмаққа кім кіреді?» деген сауал арқылы анықтауға болады. Жұмаққа кіріп құтылуға байланысты теологиялық доктриналар барлық діндерде маңызды орынға ие. Соңғы жылдары Батыс елдері тұрғындары арасында мұсылмандарды фанатик, қатыгез және тәкаппар деп санайтын көзқарас артып келеді. Ол да негізсіз емес сияқты.
2013 жылы «Әлемдегі мұсылмандар: дін, саясат және қоғам» тақырыбында жүргізілген Пью сауалнамасының (Pew Survey) мәліметіне сүйенер болсақ, басқа дін өкілдерінің жұмаққа кіре алатындығына жалпы алғанда мұсылмандардың тек 18%-ы ғана сенетінін көреміз. Пәкістан, Мысыр, Ирак және Малайзия мұсылмандарының 90%-ы «тек Ислам діні арқылы жұмақтың мәңгілік өміріне баруға болатынына» сенеді. Бірақ, Босния, Қазақстан, Камерун, Чад және Мозамбик сияқты елдерде өмір сүретін мұсылмандардың 40%-ы, ал АҚШ мұсылмандарының 56%-ы болса, «басқа да діндер арқылы жұмаққа кіре алады» деп санайды екен (The World’s Muslims: Religion, Politics and Society, Pew Research Center, April 2013 http://www.pewforum.org/…/the-worlds-muslims-religion-poli…/).
Мұсылмандардың көп шоғырланған елдеріндегі кейбір таяз ой-өрістер мен көзқарастар сол елдердің басшылығын да, қарапайым азаматтарын да шынайы түрде алаңдатуы қажет. Әл-Ғазали және Ибн Араби сияқты ғұламалардың «тек мұсылмандар ғана құтылады, жұмаққа кіреді деп, Алланың мейірімін таяз мағынада түсіну дұрыс болмаса керек» деген тұжырымдамаларын еске алған жөн.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне енгізілген кейбір толықтырулар азаматтардың діни сезімдерімен қатар, атеистік сенімдері мен сезімдерін балағаттауға мүмкіндік бермейді (Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 2-бөлімінің 490-бабы). Тәкфіршілдерді айтпағанда, қазіргі қарапайым діндарлардың өздері құлшылық-ғибадаттарын өтемейтіндерді «күпірлікпен» кінәлайтыны бой көрсетіп келеді. Бұл жағдай адамның ар-ождан бостандығы туралы зайырлы заңнамамен қатар, бейбіт қатар өмір сүруді атымен де, затымен де айғақтайтын исламның рухына да, «әркімді болмысына сай» бауырмалдықпен қабылдайтын қазақтың дәстүрлі діни дүниетанымына да қайшы келеді.


Бақытжан САТЕРШИНОВ,

дінтанушы,

ФБ-дағы парақшасынан

Пікірлер