Балаларды қорғайтын заң нормасын енгізу керек

782
Adyrna.kz Telegram

Буллинг қоғамға қауіп төндіре бастады. Осылай деп мәжілістің жалпы отырысында Нұрлан Нығматуллин мәлімдеді. Жиында депутаттар мен мемлекеттік орган өкілдері балалардың құқықтарын қорғауға қатысты пікір алмасып, заң жобасын жан-жақты талқылады.

Мәжіліс төрағасы депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасында балалардың тұрғын үй және отбасылық жағдайда мүдделерін қорғауға, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу мәселелері қарастырылғанын атап өтті.

Балалардың құқығын қорғау – қоғамның ортақ міндеті. Мәжілістің жалпы отырысында осылай деп мәлімдеген Нұрлан Нығматуллин депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасында балалардың тұрғын үй және отбасылық жағдайда мүдделерін қорғауға, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу мәселелері қарастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, буллинг пен кибербуллинг қоғамда қатты алаңдаушылық тудырып отыр. Балаларды осы қауіптен қорғайтын нақты нормалар қажет.

Нұрлан Нығматуллин, ҚР Парламентінің мәжіліс төрағасы: «Шынымен буллинг және кибербуллинг деген бұл бүгін өте қауіпті нәрсе болып бара жатыр. Ол балалардың психологиясын бұзатын суицидке алып баратын жол. Жаңа айтып кеткендей, балалардың, әсіресе мектеп балаларының буллинг және кибербуллингтен қорғайтын нақты нормаларымызды енгізуміз керек ешкімге қарамай. Аналар айтып жатыр, мыналар айтып жатыр. Бұл балалардың болашағы, балалардың өмірі. Оны ұмытпауымыз керек».

Мәжілісте балалардың жағдайын жақсартуға арналған заң қаралды. Мәжіліс депутаты Динара Зәкиеваның айтуынша, заң жобасында білім беру мекемелерінің педагогикалық құрамы мен қызметкерлері көмекке мұқтаж балаға уақытылы көмек көрсету жөніндегі әдіснамамен, сондай-ақ балаларға жәбірлеудің белгілерін түсіндіретін және бір-біріне құрметпен қарауға баулитын бағдарламалармен қамтамасыз етілетіндей жәбірлеудің алдын алудың тетіктері көрсетіледі. Бұл түзету 3 млн-нан астам оқушының жағдайы мен өмірін жақсартуға бағытталған.

Динара Закиева, Мәжіліс депутаты: «Қазақстан қоғамы үшін тағы бір өзекті мәселе – балалар мен жасөсірімдер арасындағы суицид. Статистика бойынша 2021 жылғы 6 айда елде аяқталған 105 суицид дерегі және 193 суицид әрекеті тіркелген. Бұл ретте бірқатар өңірде суицид көрсеткішінің өсуі байқалады: Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары. Бұл – өте қорқынышты көрсеткіш. Осыған байланысты заң жобасында бұл мәселені шешу үшін орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің жұмысын үйлестіру тетіктерін реттеу ұсынылады».

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл заң жобасы қазіргі қоғамға қажетті көптеген мәселелерді, әсіресе, балалардың құқығын қорғау жолындағы проблемаларды шешуге тиіс. Онда жазылған нормалар, соның ішінде интернетте азаматтарды, әсіресе, балаларды осындай буллинг және кибербуллинг сияқты құбылыстардан қорғауы керек.

Бұл нормалар заман талабы екенін айтқан мәжіліс төрағасы айтулы заң жобасы Мемлекет басшысының азаматтарды ғаламтор арқылы қысым көрсетуден заң деңгейінде қорғау жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталғанын айтты.

Әлихан Файзханов

Пікірлер