«Исламмен емес, радикализммен күрес»

2575
Adyrna.kz Telegram
Мектепке кіргізбеген соң қайтып бара жатқан оқушылар. (Көрнекі сурет

Талдықорған қалалық білім бөлімі бірнеше мектепте жиналыс өткізіп, баласы хиджаб киетін ата-аналарға «оқушылар орамалдарын бір аптаның ішінде шешсін» деп ескерткен. Азаттық тілшісі сөйлескен ата-аналардың кейбірі жиналыс кезінде комиссия тарапынан агрессия байқағанын жеткізсе, кейбірі «қыздарымызға қысым жасалған болуы мүмкін» дейді. Комиссия өкілі мен мектеп әкімшілігі мұны жоққа шығарады.

Гүлмира Құсайынованың қызы Талдықорғандағы 12-мектепте оқиды. Қызы орамалды сегіз жасынан бері тағады. Анасының сөзінше, «хиджаб кию мәселесі былтыр ескерту ретінде ғана сирек қозғалғанымен, биыл мектепке орамалмен келмеу талабы агрессивті сипатта жиі айтыла бастаған». Ол ақпанның басында мектеп әкімшілігі өзін «жиналысқа» деп шақырып алғанын айтады.

«ТЕРГЕУДЕН ШЫҚҚАНДАЙ БОЛДЫМ»

- Мектепке барсам, комиссия келіпті. Сонда балалары хиджаб киетін 15 шақты ата-ана жүр екен. Әрқайсымызды жеке-жеке қабылдады. Комиссия құрамынан 5-6 адамды ғана танымадым, қалғандары мектеп ұжымынан болды. Жалғыз өзіммен кем дегенде 40 минуттай сөйлесті, - дейді Гүлмира.

Оның сөзінше, әңгімелесу кезінде комиссия өкілдері «кемсітетін сұрақтар» қойған.

- Бүкіл мектеп дирекциясының, психолог пен теологтың көзінше күйеуімнің жалақысын сұрады. «Алатын жәрдемақыңыз қанша?», «Неге әлі өз үйіңіз жоқ?» дегендей сұрақтар қойды. Мешітте ғана қиылған некемізді айтып ем, «Не сұмдық ол? Не үлгі бересіңдер?» деді. «Мен жауап беруге міндеттімін бе?» деп едім, «Иә, міндеттісіз, себебі мен қамқоршылық органынанмын» деді. Арасында ұрысып шығып кеткен ата-аналар да болды, - дейді ол.

Мектепке кіріп бара жатқан хиджабты оқушылар. (Көрнекі сурет).
Мектепке кіріп бара жатқан хиджабты оқушылар. (Көрнекі сурет).

Гүлмира 7-сыныпта оқитын қызына жиналыстан соң мектептің оралмалға қатысты талабын естіртіп, өзінің ойын білмек болып сөйлескенін жеткізді. Өзінің айтуынша, «Мүмкін шеше саларсың?» деп сұрағанда қызы «өз құқым бар ғой, шешпеймін» деп жауап берген. Ата-ана жиналыстан соң қызымен өзінің рұқсатынсыз мектеп әкімшілігі хиджабқа қатысты жеке сөйлескенін айтады.

- Директор орамалмен келсе, айыппұл салынатынын ескертіп, «шешпесеңдер, Араб әмірліктеріне барып, сонда өмір сүріңдер» депті. Қызым сыныпқа қайта кірген соң, қолы дірілдеп тұрғанын айтты. Артынан мен барып, директорға әңгімені диктофонға жазатынымды ескерттім де, «неге «кетіңдер» деп айтасыз?» дедім. Директор бұлай дегенін жоққа шығарды, - дейді ол.

Талдықорғандағы 12-мектеп директоры Татьяна Андриянованың сөзінше, оқушылармен сөйлесу кезінде ешбір агрессия болмаған. Оның сөзінше, әке-шешелері хиджабты шешуге қатысты талапқа «мұндай ата-аналарға тән әдеттегідей реакция білдірген».

- Ата-аналар бұл мәселе өздеріне қатысты екенін білетінін, бірақ Қазақстан заңдарына сай шешімге келмейтіндерін айтты, - дейді Татьяна Андриянова.

Ал «комиссияның жеке басқа қатысты сұрақтарды жария түрде қойғанына» ата-аналардың наразы болып жатқанын жеткізген Азаттық тілшісінің сұрағына мектеп директоры «жиналысқа қатысқанымен, өзінің ондай сұрақтар қоймағанын» айтып, «бұл сауал бойынша облыстық білім департаментіне хабарласу керек» деді.

«ТӘРБИЕЛЕГЕНДЕ МАҚСАТЫМ СОЛ БОЛДЫ»

Азаттық сөйлескен басқа ата-аналар «қыздарының қауіпсіздігі үшін» балалары оқитын мектепті атамауды сұрады. Олардың комиссия өткізген жиналыстан қалған әсері Гүлмира Құсайынованың сипаттауына ұқсас – «комиссия әр ата-анамен жеке сөйлескен», көбі «тергеуден шыққандай әсер алған» және «мұның заңсыз екенін айтып, әңгімелесуге кіруден бас тартқан» ата-аналар бар.

Мерхаба Кебебаеваның қызы бастауыш сыныпта оқиды. Оның айтуынша, комиссияның өзі танымайтын өкілдері «тас дәуірінде өмір сүресіңдер ме?» деп сөккен.

- Дауыс көтеріп сөйлесті. «Әркім өз жұмысын орындасын, біз сіздердің қол астыларыңыздағы адамдар емеспіз ғой» деген соң, агрессия аздап басылғандай болды. Бірақ өздерін басым көрсеткісі келгені сезіліп тұрды, - дейді ол.

Бізге комиссия «сіздер санасына құйып жатырсыздар, олардың өз ойы жоқ» дейді. Кез келген ата-ана нені дұрыс деп тапса, балаларына соны сіңіреді. Ата-ананың беріп жатқан тәрбиесі қоғамға зиянын тигізбесе болды ғой

Анасы комиссия талабына «қызымның өзі төрт жыл бұрын қалап таққан орамалын қысым жасап шештіре алмаймын, бұл қаншалықты қиын екенін сіздер түсінбейсіздер» деп жауап бергенін айтады.

- «Мектепке хиджаб киіп келмеу туралы бұйрық конституцияға қарсы боп тұр ғой» деп, «баланың білім алу құқығы мен дін бостандығы туралы жазылғанын» айтқан едік, комиссия «өз құқықтарыңды білесіңдер, бірақ міндеттеріңді орындамайсыңдар» деп жауап берді, - дейді ол.

Азаттық тілшісінің «Орамалды шешу туралы талапты балаңыз қалай қабылдады?» деген сұрағына Мерхаба қызының «онда мектепке бармай-ақ қоямын» дегенін, сол талапты естіген соң «мектептен қорқақтап, сабаққа ынтасы жоғалғанын» айтты.

Талдықорғандық және бір ата-ана - Айнұр Дәуітованың қыздары бесінші, жетінші, сегізінші сыныптарда оқиды. Оның айтуынша, үшеуі де хиджабты «көшеге орамалсыз шығуға ұяламыз» деп «кішкентай кездерінде өз еріктерімен» киген. Анасы комиссияның ескертуіне қатысты «қыздарыммен сөйлесемін, өздері «шешпейміз» десе, оларды барынша қорғаймын» деді.

- Мен олардың шешпейтінін білемін. Өйткені тәрбиелегенде мақсатым сол болды. Бізге комиссия «сіздер санасына құйып жатырсыздар, олардың өз ойы жоқ» дейді. Кез келген ата-ана нені дұрыс деп тапса, балаларына соны сіңіреді. Ата-ананың беріп жатқан тәрбиесі қоғамға зиянын тигізбесе болды ғой, - дейді ол.

Мамандығы этномузыкатанушы Айнұр «қыздарына қазақы дәстүрді кішкентайынан сіңіруге тырысқанын» айтты.

Азаттық сөйлескен ата-аналардың сөзінше, комиссия жиналысынан соң Талдықорған мектептеріндегі орамалды оқушылардың аналары құқықтарын қорғау үшін біріге бастаған. Олардың кейбірі «мектеп директорынан хиджабты шешу туралы жазбаша бұйрық талап етіп, арыз жазатындарын» айтса, басқалары «жергілікті имамдардан көмек сұрап барған».

«ҚАЗАҚСТАН ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІ ЕМЕС»

Талдықорған қаласы білім бөлімінің бас маманы Күлзина Есенқызы ата-аналар шағымданғандай агрессия болмағанын, комиссия олармен тек әңгімелескенін жеткізді. Ол Білім және ғылым министрлігі 2016 жылғы қаңтардың 14-інде шығарған 26-бұйрыққа сай оқушыларға хиджабтарын шешу туралы талап қойылып жатқанын айтады.

Ақтөбе сияқты ешбір түсіндіру жұмысын жүргізбей, (мектеп) есігін жауып, бірден тоқтатсақ мақұл екен. Талдықорған қаласындағы барлық маманды жинап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.

- Бұл талаптың күші тек мектеп ішінде, сондықтан оқушылар сабақтан шыққан соң орамалды қайта тағуына болады. Мүфтият болуы керек дей ме? Тап бір ислам мемлекетінде өмір сүретін секілді. Саналары төмен, көздері қараңғы, ислам туралы алып отырған мәліметтері де өте төмен. Заңның 13-пунктінде «дін атрибуттары болмайды» деп жазылған, - дейді әкімдік өкілі.​

Оның сөзінше, «хиджабты шешуге қатысты ескерту болатыны жайлы ата-аналарға алдын ала көрсетілген, олар қолдарын қойып, заңмен танысқан».

- Ақтөбе сияқты ешбір түсіндіру жұмысын жүргізбей, (мектеп) есігін жауып, бірден тоқтатсақ мақұл екен. Талдықорған қаласындағы барлық маманды жинап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бір апта уақыт берілді, - дейді Күлзина Есенқызы.

Маман оқушылар хиджабын шешуі үшін ата-аналар балаларына мұны дұрыс түсіндіруі керек деп есептейді.

- Осы күнге дейін орамалын шештірген төрт ата-ананың басқалардан айырмашылығы бар ма? Екі мыңға жуық бала оқитын басқа мектептерде бірде-бір бала хиджаб кимейді. Жұма сайын мешітке мыңдаған адам кіреді. Олардың бәрі балаларына хиджаб кигізіп қойып па? Логика қайда? - дейді әкімдік өкілі.

Азаттық жиналыс өткізген комиссия құрамына кімдер кіргені мен «әңгімелесу» қанша мектепте болғаны жайлы Талдықорған қаласының білім бөліміне сұрау салды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Жандос Жолдыхановтың жазуынша, балалары хиджаб киетін ата-аналармен «топтық және жеке түсіндіру түріндегі кездесу-әңгімелесу» қаланың он мектебінде өткен. Жауапта комиссия құрамына Алматы облыстық білім басқармасы, қалалық прокуратура, дін саласындағы мәселелерді оңалту және кеңесшілік қызмет бөлімі, қалалық білім бөлімі, қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті мен мектеп әкімшілігі өкілдері кіргені жазылған. Ол Талдықорған мектептерінде оқитын 29 қыз баланың хиджаб киетінін жеткізді. Азаттықтың «ата-аналар «қыздарыңыздың орамалын шешіңіздер» деген талапты қалай қабылдады?» деген сұрағына білім бөлімі «реакция әр түрлі болды: «мешітте имам олай айтқан жоқ», «Қытайда заң қатал болған соң, осында көшіп келіп едік», «Заңнан Құран жоғары», «Өз заңгерімізден сұраймыз», «Жеке шешім қабылдау құқығымыз бар, солай шештік» деп жауап бергенін айтты.

«БИЛІКТІҢ ӨЗ ҚАТЕСІМЕН КҮРЕСІ»

Азаттық сөйлескен сарапшылар мектеп ішінде хиджаб киюге тыйым салуды қолдағанымен, орамалды шешу талабын әр түрлі бағалайды. Бірі мұны «нақты бір діни топқа қарсы күрес» десе, басқасы «ислам заңдарына қайшы шешім» деп есептейді.

Дінтанушы Досай Кенжетай «мемлекет хиджаб секілді діни атрибутриканы агрессивті сипатта киіп жүргендердің жолын кесіп жатыр» деп пайымдайды.

Дінтанушы Досай Кенжетай.
Дінтанушы Досай Кенжетай.

- Мектепте орамал киюге тыйым - исламға қарсы шабуыл емес, мемлекеттің қауіпсіздік мәселесіне қатысты шаралары. Біздің қоғамға салафи-уахабилер еніп кеткен. Енді билік өзі жіберіп алған құбылысын өз қолымен тоқтатуға кірісті, - дейді ол.

Маманның айтуынша, кейбір радикализмге бейім исламдық діни ағымдар Қазақстанға 1993 жылдары ептеп кіріп, 2008 жылдан бастап тарай бастаған.

- Сол он жылда бұл бағыт негативті қырларын көрсетті. Хиджаб дауы болып жатқан аймақтарда осы бағыттағы ата-аналар көп. Олар заңның ықпалын сезсе, есі кірер, - деді дінтанушы Азаттыққа.

«ПАРЫЗҒА ТЫЙЫМ САЛУ ДҰРЫС ЕМЕС»

Азаттық сөйлескен және бір маман – теолог Қайрат Құрманбаев «хиджаб қоғамда лезде дау тудыратын өте нәзік тақырыпқа айналғанына» сілтеп, бастапқыда пікір білдіруге ықыласты болмады. Бірақ ол «хиджабқа тыйым салу ислам қағидаларына қайшы екенін» айтып, «мектептегі тыйымдарды радикалдық топтармен күресу амалы» деп санайтынын жеткізді.

- Қазір Қазақстанда танымдық-ғылымдық діндарлану емес, соқыр сенім мен жетекке еру, «діннің талаптарын орындаймыз» деп шектен шығу секілді эмоционалдық діндарлану процесі жүріп жатыр. Олардың кейбірі дәстүрді жоққа шығарды. Мемлекетте соларға қарсы «дәстүрлі ислам» түсінігі де осыдан пайда болды, - дейді ол.

Маманның сөзінше, "ислам парыз еткен нәрсеге тыйым салу дұрыс емес әрі мұндай біржақты әрекет радикалды топтардың мемлекетке өшпенділігін, зайырлы жүйеге көзқарасын асқындырады, сондықтан мемлекет мұны шешудің балама жолдарын табуы керек.

Балиғатқа жетіп, хиджаб киген соң көбі қайта шешпейді. Я мектепке мүлдем бармайды, я көшіп кетеді. Бұл біздің демографиямызға да сын,

- Барлығы бір ауыздан қабылдаған діни парызды жоққа шығарудан сақ болулары керек. Ол – қауіпті. Мұсылмандар астыртын қимылдарын бастауы мүмкін. «Мемлекет құқымызды шектеді» деп [шетке] көшеді я халықтан кегін ала бастайды, - дейді маман.

Исламтанушы «халықтың аз ғана бөлігі хиджаб киетінін» ескертеді.

- Басым жұрттың тыныштығы мен мүддесі тұрғанда, мемлекет орамалмен көшеде жүруге болмаса жұмыс орнында тағуға емес, тыйымды тек мектеп шеңберіне салып, мәселені осылай шешіп отырғанына шүкір айтуымыз керек, - дейді ол.

Азаттық тілшісі экстремизмнің алдын алу саласында кадрларды қайта даярлау институтының директоры қызметін қоса атқаратын маманнан «Орамал таққан оқушылар енді не істеуі мүмкін?» деп сұрады. Сарапшы «Қазақстанның батысында мектеп ішінде орамал тағуға тыйым салынған соң балаларын Түркия мен Қырғызстанға оқуға жіберіп жатқандар я өздері шетелге көшіп кетіп жатқан отбасылар барын» айтты.

- Балиғатқа жетіп, хиджаб киген соң көбі қайта шешпейді. Я мектепке мүлдем бармайды, я көшіп кетеді. Бұл біздің демографиямызға да сын, - дейді маман.

Биылғы хиджаб дауы Ақтөбе облысында қыркүйекте 200-ге тарта орамалды оқушыны мектепке кіргізбеген соң басталған. Ақпанның 3-індегі дерек бойынша, Ақтөбе облысында 177 оқушы "орамал дауына" байланысты мектепке бара алмай отыр. Олардың арасында қыздарын Ресейге оқытуға бекінгендер де бар. Дау басталғалы онға жуық ата-ана мектеп әкімшілігін сотқа берген: шағымданушылардың алды жеңіліп, кейбірі айыппұл төлеуге міндеттеліп жатыр.


azattyq.org

Пікірлер