Жастарға өнеге

2738
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде еліміздің мәдени мұрасын, сондай-ақ, музейде орналасқан құнды жәдігерлерді насихаттап, жастардың білімін шыңдауды, студенттердің шығармашылық қабылеттерін анықтап, өзара бір-біріне танытуға ықпал жасауды мақсат тұтқан «Дана» студенттер клубы осыдан бір жыл бұрын құрылған еді. Осы уақыт аралығында «Дана» музейлік білім беру жобасы аясында бірқатар іс шаралар өткізіліп, оларға Елорданың жоғары оқу орындарының студенттері қатысып келеді.

«Дана» студенттер клубы өмірі мен еңбек жолы үлгі тұтарлық тұлғалар мен жас ұрпақтың арасын жалғаушы алтын көпір секілді. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басып келе жатқан студенттер мен оқушылар өздері кездескен тұлғалардан өсиет тыңдап, алдағы өміріне сәйкес насихат алады. Сондай, кездесулердің бірі – белгілі архитектор, суретші, талант иесі Сәкен Нарыновпен кездесу кеші болды.

Әлемнің ең атақты 20 мүсіншісі тізіміне енген шебердің «Қазақ халқының этникалық бағыттары» тақырыбында жан-жақты өрбіген зерделі әңгімесі мен ойлы пікірлері жүрекке жетіп жатты. Кездесу барысы мүсіншінің музей экспозициясында орналасқан «Уақыт пен кеңістікте» көрмесін тамашалаумен жалғасты. Аталмыш студенттер клубында үлкен буынды ағалармен қатар шығармашыл жастармен де кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Сол жалынды жастардың бірі, талант иесі, жас әнші, композитор Асқар Әшіммен кездесу өткізілді.

Асқар өз шығармашылығы жайлы әңгіме қозғап, ана тілінде, сондай ақ өзге  де тілдердегі әндерін жоғары шеберлікпен орындап, кездесуге қатысқан жастардың алғысына бөленді. Жанды дауыста орындаған әндері гитара және кахон аспаптарымен сүйемелденді.

Тыңдарман студенттер қауымы  жан-жақты сұрақтар қойып, бірігіп ән шырқап, кездесудің одан әрі қызықты болып жалғасуына атсалысты.

Жиналған жастар қауымы ерекше кездесуден әдемі күй кешті.


nationalmuseum.kz

Пікірлер