Маңғыстау облысында 120 домбырашы Абайдың шығармаларын орындады

2509
Adyrna.kz Telegram

ҚР Тұңғыш Президент күні қарсаңында Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 100 оқушысы Маңғыстау облыстық Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада «Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар флешмобын өткізді. Дәстүрлі шарада зияткерлер ұлы ақын Абайдың шығармалары мен халық күйлерін орындады.

Шараның басты мақсаты – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын ұлықтау, бабалар рухына шығармалар арқылы тағзым ету. Сондай-ақ биылғы оқу жылында мектеп қабырғасын аттаған зияткерлік мектептің 120 оқушысының мүмкіндіктерін көрсету, ұлттық тәрбиеге баулу.

- Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектеп қабырғасын аттаған әрбір 7-сынып оқушысы міндетті домбыра үйрену сабағына қатысады. Бүгін өнер көрсеткен балалардың дені қыркүйек айынан бастап қолына алғаш домбыра ұстаған. Оларға арнайы уақыт бөлініп, міндетті сабақ жүргізіледі. Бұл бастамамыз ата-аналар талапынан да қолдау тапқанына қуаныштымыз,- дейді «Қос перне» домбыра үйірмесінің жетекшісі Гүлсім Тәжмағамбетова.

Қала тұрғындарына арналған шара барысында жас домбырашылар алдымен Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін орындаса, кейін «Нәр ағашы», «Кербез сұлу» күйлерін нақышына келтіріп орындады. Флешмобтың екінші бөлімі Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» туындысымен жалғасты.

- Мен домбырада ойнауды қыркүйек айынан үйрене бастадым. Бізге жетекшіміз апта сайын сабақ өткізіп, қолымызды жаттықтырды. Қазақстанның жастары тәуелсіз, еркін елде, жан жақты, білімді, дарынды болып өсіп келе жатқанын көрсететін шараға қатысқаныма қуаныштымын. Бүгінгі шараны теуелсіздікке жеткізген тұлғаларға арнаймыз, - дейді 7-сынып оқушысы Бибінұр Бошман.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер