Орал қандай қала?

3570
Adyrna.kz Telegram

Жолжазба

Ұшақтың текпешегінен түсе бере жолаушыларды үлкен автобус күтіп тұрды. Опыр-топыр түсіп, сыйғанымызша мініп алдық. 20-30 метрден кейін автобус тоқтап, есігін айқара ашты. Бәріміз қайтадан түсіп қалдық. Автобус кері бұрылып, қол созым жерде тұрған ұшақтағы басқа жолаушыларды алып келуге қайтадан кетті. Құдай біледі, егер ұшақтағылар бері қарай жаяу аяңдаса, біз автобустан түсіп болғанша олар да келіп үлгерер еді. Мейлі ғой, бұл да бір тәртіп шығар…

Аэропорт іші әрі тар, әрі сонау өткен заманнан қалған жөндеуімен тұр екен. Егер қазақстандық немесе шетелдік режиссерлар алда-жалда кешегі совет уақыты туралы кино түсіретін болса, осы әуежай сол заманның келбетін айна-қатесіз жеткізетіні анық. Әбден ескірген, сұрқай. Есігі ашылып-жабылған сайын шиқ-шиқ етеді. Ғимарат тар болғандықтан шығар, сапарға шығатын жолаушылар ұшақты жертөледе күтіп отыруға мәжбүр. Оның жалғыз есіктен басқа күн сәулесі түсетін бір тесігі жоқ. Құдай өзі кешірсін, құдды бір сыртта жау ұшақтары төбеден бомба жаудырып, сол сойқаннан бас сауғалап жер астында жасырынып отырған соғыс адамдарына ұқсайсың…

Бұрын-соңды бұл қалаға жолым түспеген еді, Нұрсұлтан әуежайынан аспандап алып-ұшқан көңілімді Оралдың әуежайы осылайша су сепкендей басып тастады. Қанша дегенмен әуежай қаланың басты қақпасының бірі ғой. «Қандай қала болды екен, адамдары қандай, шаһардың қандай ерекшелігі бар?» деп, ескі қаланы бір көруге құмартып келген адамның алдынан сонау совет заманын еске түсіретін аэропорт шыққанда, осыған тұңғыш президенттің аты берілгенде жарқырап тұрар ма еді деп еріксіз ойлайсың.

Дегенмен де оралдықтар ер көңілді жандар екен. Анау аэропорттан кейін еңсем түсіп, дүниенің бәрі сұрқай тартып келе жатқанда таксист жігіттердің адал қызметі көңілімді бір көтеріп тастады. «Тұрақты жұмыс жоқ. Кедейдің тірлігінде не қызық болсын…» – деп таксист жігіт қалаға жеткенше әңгімесін бастады. Парадокс.  Әлемдегі ең бай кеніштердің бірі, Қарашығанақтың дәл іргесіндегі ел жұмыстың жоқтығы мен кедейшіліктің кебін айтады. Айна арқылы артқы орындықтағы маған бір қарап қойып, таксист сөзін сабақтап келеді.

«Оралда жұмыс табу өте қиын. Мұнай мен газ саласына қолы жеткендер ғана тұрады. Көбісі Ресейге жаққа барып жұмыс істейді. Ресей қалалары бізге жақын ғой. Олар да халық көп болғаннан кейін бе, бізге қарағанда шаруалары мықты… Негізі, Оралда үлкен өндіріс жоқ. Ашылып жатқан кәсіпорындар да өте аз. Амал жоқ, осылай такси айдап, жолаушы тасып нәпақа табамыз, болмаса жаздың күндері құрылысқа жалданып, маусымдық жұмыс істейміз. Әйтеуір, күн көрудің амалы ғой. Облысты қанша бай десе де, шекесі шылқып, байлығы тасып жатқан халықты көрмедім. Бәрі қарапайым тіршілік кешіп жатыр. Біздің облыстың тағы бір проблемасы – жол. Әсіресе аудандарға жолың түссе тіптен қиналасың. Бөкейордасы ауданына баратын жарты жолдың көбісі асфальт деген не екенін білмейді. Жауынды-шашынды көктем-күздерде жолдың ми-батпағы шығып, көліктердің жүруі тіптен қиындайды».

Оралға бірінші мәрте келіп отырғанымды білген жігіт ағасы әр қонақүйге жетелеп апарып, өзі алға түсіп, тіркеуші қыздарға «бұл кісі алыстан келе жатыр екен, дұрыстау орын тауып беріңдер» деп аңқылдап, екі-үшеуіне бас сұғып жүріп, ақырында «Орал» қонақүйінен орын алдық. Әрине, орын табыла кеткеніне қуандым. Әйтпесе алдында біз кірген «Құрмет», тағы да басқа қонақүйлерде мүлдем орын жоқ болды. Соған қарағанда Оралға сырт жақтан қонақтар көп келетін сияқты. «Орал» қонақүйінің бағасы салыстыра айтқанда арзан екен. Бірақ мұнда да совет заманынан қалған көріністер жетіп жатыр… Жалпы алғанда, жергілікті тұрғындар өте мәдениетті, сыпайы, қонақжай. Көшеде жол сұрасаң, ынты-шынтысымен түсіндіріп береді. Ескі ғимарат болса да, қонақүйдің қызмет көрсету сапасы өте жоғары екен.

Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының бес: Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор және өзіміздің Ақтөбе облысымен шектесіп жатыр ғой. Бәлкім, Ресеймен ауылы аралас, қойы қоралас жатқандықтан болар, бұл өңірде мемлекеттік тілге қарағанда орыс тілінің мерейі үстем бе деп қалдым. Әйтеуір, осы қалада болған үш күнде көше, кафе-асханаларда, қонақүйде қаншама жергілікті адамдармен тілдестім, барлығы ресми тілге жүйрік, өзің бас болып қазақша сөйлемесең, ә дегеннен орыс тілінде сайрай жөнеледі екен. Әйтпесе облыс халқының саны 2016 жылдың 1 қаңтарына 636,9 мың адамды құраса, соның 74,29 пайызы (интернеттен алынды) қазақ ұлтының өкілдері. Облыс халқының тең жартысына жуығы, яғни 317,2 мың адам немесе барлық халық санының 49,8 пайызы қалалық жерлерде тұрады.

Яғни Батыс Қазақстан облысы халқының төрттен бірін ғана өзге ұлттың өкілдері құрап отырса да, мемлекеттік тілдің мәртебесі әлі де өз деңгейінде емес. Бәлкім, осы мақала жарық көргеннен кейін осы облыстағы тіл басқармасының басшылары «міне, біздің облыста қазақ тілінің көрсеткіші мынандай, қағаз-құжаттарымыздың қазақша тілдегі көрсеткіші мынандай» деп дау айтуы да мүмкін. Бірақ мен өзім көрген, өзім куә болған жайттарды ғана айтып отырмын. Облыс халқының 75 пайызы қазақ болса да, әлі күнге екі аудан орысша аталады. Казталов және Зеленов аудандары. Жай ғана мысал ретінде алар болсақ, өзім жақсы білетін Жамбыл облысы халқының 72,55 пайызы (интернеттен алынды) қазақ ұлтынан тұрады екен. Яғни пайызға шаққанда Жамбылға қарағанда Батыс Қазақстан облысында қазақтар көп тұрады. Бірақ екі облыстағы қазақ тілінің жағдайы мүлдем екі түрлі.

Орал қаласын қақ жарып өтетін ең үлкен даңғылдың бірі – Дружба көшесін қазақшалап Достық деп ауыстырып, кейіннен азшылықтағы өзге ұлттардың да үлесін ерекше ескерген болуы керек, қазір бұл көше «Достық – Дружба» деп, қос атауды иемденіп тұр. Көше бойына ілінген тақтайшаларда дәл осылай жазылған. Бұл не қылған жалпақшешейлік екенін түсінбедім. Бұл жерде мен батысқазақстандық бауырларымды жерден алып, жерге салып отырғаным жоқ. «Балық басынан шіриді» деген, негізі, облыс басшыларының өзі қазақ тілінің қанат жаюына аса ықыласты емес сияқты. Орал қаласында жүрген кезімде жолдауды талқылауға байланысты облыс әкімдігі алқасының мәжілісі өтті. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өзі төрағалық еткен бұл жиында мінбеге көтерілгендердің 90 пайызы орыс тілінде баяндама жасады. Тіпті арасында ағылшынша сөйлегендер де болды. Облыс әкімінің өзі әр сөйлеушіге сөз берген сайын екі тілде хабарлап отырды. Егер облыс басшысының өзі мейлінше ана тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілді өзгелерге үлгі етпесе, мемлекеттік тілді билік тілі жасамаса, қарапайым халық қазақ тілінің қадірін, құдіретін, айбарын қаншалықты сезінеді?

Орал – қабырғасы ағаштан өрілген ескі үйлері көп қала ғана емес, әдемі ескерткіштерімен де ерекше көзге түсетін шаһар. Абай, Құрманғазы, Дина, Сырым Датұлы, Жұбан Молдағалиев, Жаһанша Досмұхамедов, Қадыр Мырза Әлі және тағы басқа да алыптардың ескерткіштері өте сәтті шыққан. Тұрған жерлері де керемет. Қаланың көркін ашып тұр. Бірақ осынау алыптардың арасынан Чапаевтың да ескерткіші «мен мұндамын» дегендей сығалайды. Совет Одағы әлпештеген коммунист батырлардың бірі Фрунзе есімімен аталатын көше де әлгі Достық-Дружба даңғылын кесіп өтіп, ұзынынан көсіліп жатыр.

Облыс орталығының іргесінде үлкен кент жатыр. Алғаш атауын естігенде «Жаңылыс естіп тұрған болармын, мүмкін, атауы «Қашаған» болар» деп ойлағаным рас. Жоқ, «Зачаган» екен. Шаған өзенінің бойында орналасқандықтан, осылай орысша аталып кетіпті.

Осы кенттегі №30 мектепте Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың есептік кездесуі өтті. Қала әкімінің кездесуі деген аты  болмаса, негізгі есепті Зачаган кентінің әкімі Әділбек Қадыров берді. Қала әкімі сөз сөйлеп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берумен шектелді. Негізі, жергілікті газеттердегі хабарландыруларда «19 қаңтар күні сағат 17:00-де Орал қаласының әкімі есеп береді» деп жазылғандай еді. «Сонда есепті неге қала әкімі бермеді?» деген сұрақты, әрине, ешкім қоймады.

Мектепте өткеннен болар, екі әкімнің есебінде мұғалімдер аяқтарынан тік тұрып қызмет етті. Келген адамдардан қай мекемеден немесе қай көшенің тұрғыны екенін ақырын сұрап, жиын өтетін екінші қабатқа сілтеп отырды.

Жиынға сәл ертерек барып, алдыңғы қатарлардың біріне отыра кеткен едім, өңкей мұғалімдердің ортасына жайғасып алыппын. Олардың мәжбүрлі түрде келгендері ә дегеннен-ақ байқалып қалды. Өйткені «Көздеріне бір көріндік қой, енді қайта берсек болар ма екен? Жиналыс тезірек бітсе екен» деп, өзара әңгіме айтып, бұл   залға амалсыз келгендерін сездіріп, егер адам көбейіп бара жатса тезірек сытылып кетуге шақ отырды. Әкімді күнде көре бермейміз, осы сәтте жағдайымызды айтып қалайық деп талпынған мұғалімді көрмедім.

Залдағы орындар ақырындап тола бастады. Әркім қалаған орнына жайғасып жатқандай көрінгенімен, алдыңғы қатарға ешкім аяқ баспады. Бірақ бұл орындар жиын басталар шақта бас сұққан үлкен кісілерге бұйырды.  Ел аяғы басылған сәтте қала әкімі  Мұрат Мұқаевтың төбесі де көрінді. Әкім кең залға кіре салысымен алдыңға қатардағы үлкен кісілермен құрақ ұша амандасып, жағдайларын сұрап, микрофонды ала салып, жиынды бастап кетті. Бастағаны сол – кент әкіміне сөз берді. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, кент әкімі Әділбек Жәнібекұлы өткен жылғы есептік кездесуінде «келесі есебімде қазақша баяндама жасаймын» деп уәде берген екен. Уәдесінде қаншалықты  тұрғаны бұл жолы анық байқалды. Баяндамасындағы қазақша жолдарды қиналыңқырап болса да, әйтеуір, оқып шықты. Бірақ мемлекеттік тілде еркін сөйлей алмайтыны бәрібір білініп тұр. Кент әкімінің ежіктеп қазақшалағаны мемлекеттік тілге деген құрметі, әлде басқасы ма, қала әкімі мен жергілікті тұрғындар бұл мәселеге көңіл аудармады.

Кент әкімінің іш пыстыратын ұзақ-сонар баяндамасынан кейін жәшіктегі хаттар оқылып, қалың ұйқыға кетіп бара жатқан халықты сергітіп тастады. Сосын барып қана залдан сұрақтар қойылды. Міне, сол кезде әкімдік қызметкерлері микрофонды ең алдымен алдыңғы қатарда отырған ақсақалдарға берумен болды. Шынын айту керек, олардың кейбірі микрофонға ұмтылған да жоқ. Яғни сөйлеуге анау айтқандай құлықтары болмаған сияқты. Қала әкімі «Ал, енді залдағылар сұрақ қойсын…» деуі мұң екен, залдағы халық қозғалақтап, арасынан бірнешеуі микрофонға ұмтыла берді. Бірақ әкімдіктегілер «сіз сөйлеңізші» дегендей микрофонды белгілі бір ақсақалдарға ұзатумен болды. Қала әкімі бұл көріністі көріп тұрса да, көрмегендей кейіп танытты. Ал микрофонды тықпалап, зорлықпен ұстатқан ақсақалдар не айтсын?

Бір таңғалғаным, үлкендердің өздері де орысшаға зуылдап тұр. Былайша айтқанда, микрофон ұстағандарда қазақша сөйлемедім-ау дегендей қысылу, имену болған жоқ. Соған қарағанда мұндай жиындар бұрыннан орыс тілінде өтіп жүрсе керек. Әрине, үлкендердің ішінде бірді-екілі мәселе көтергендері де болды. Бірақ сөздерінің соңы «кент әкімінің есебін қанағаттанарлық деп бағалауларыңызды өтінемін» деумен аяқталып жатты.

Шағын ғана болса да, Зачаганның мәселесі шаш етектен. Газ бағасын төлеудегі қиындықтар, кей көшелерде жарық жоқ, барының өзі өлімсіреп жанады, жол нашар, кейбірінде асфальт төселмеген, мәдениет үйі салынса, жастар арасында бұзақылық өршіп барады, қалаға қатынаудың қиындықтары… Халықты еркін сөйлетсе, айтатын тақырып аз емес екен.

Айтпақшы, жергілікті газеттердің бірінен Орал қаласындағы Депо көпірінің құрылысы биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айларында аяқталып, пайдалануға берілетіні туралы ақпаратты оқып қалдым. Негізі, 2017 жылдың наурыз айында басталған бұл құрылыс екі жылға жоспарланып, 2019 жылы аяқталуы тиіс еді. Былтыр әлеуметтік желіде осы көпір үлкен шу болған-ды. Қоғамдық белсенді Айболат Бөкенов 2,3 млрд теңгеге жобаланған көпір құрылысына бұрын қолданылған, яғни шірігі бар құбырларды пайдаланып жатқанын айтып дабыл көтерген-ді. Тіпті әлеуметтік желілерге осы сөздерін айғақтайтын видеолар да салды. Осы сапарымда Айболатпен де сөйлестім. Ол мәселені тіптен арыдан бастайды.

– Бұл даудың басы өзімнің екі ауылдасымнан басталды, – дейді бізбен әңгімесінде Айболат Бөкенов. –  Осы көпір құрылысында жұмыс істеп жүрген екі жігіт жалақыларының тым аздығын айтып келді. Содан құрылыс басшыларына жолығып, мән-жайды анықтадым. Сөйтсе, олар «қайта құрылысшы жігіттер бізге қарыз, біз оларды оқыттық, қолдарына куәлік бердік» дейді. Иә, шынында, оларға «дәнекерлеуші, кірпіш қалаушы» деген сияқты куәлік берген. Бірақ ол жігіттер бұл кәсіп бойынша мүлдем оқымапты. Сонда куәлікті қайдан алған? Осыны анықтамақ болып бір топ журналисті ертіп, құрылыс басына бардым. Бірақ күзетшілер «арнайы құрылыс киімдерің жоқ, бастарыңа кірпіш құлап кетсе, кім жауап береді?» деп алаңға жолатпай қойды. Дегенмен алған бетімнен қайтпай, бұрышты айнала бере темір қақпадан өзім секіріп түстім. Сөйтсем, біз түгіл, құрылысшылардың өздерінде де арнайы киімдер жоқ, үй киімімен, аяғындағы жеңіл сүйретпемен бетонды күрекпен шайқап, барлық жұмысты қолмен атқарып жатыр. Әлеуметтік желіге бұл сөздерімді дәлелдейтін де видеолар салдым. Бірақ селт еткен басшылар болмады.

Әлеуметтік желілерде қандай видео тұрса да, қоғамдық белсенді Айболат Бөкеновтің айтқандарын дәлелдеу тым қиын. Құрылыс басшылары әртүрлі себеп айтуы мүмкін. Жеме-жемге келгенде өздерін ақтап алары сөзсіз. Бірақ осы жайттар себеп болды ма, әлде ел ішінде әртүрлі әңгіменің көбейіп бара жатқаны себеп болды ма, әйтеуір, Депо көпірінің биыл пайдалануға берілетіні туралы ақпарат оралдықтарды қатты қуантып тастады.

Әрине, Батыс Қазақстан облысы көштің ең соңында қалған өлермен өңір емес. Өзіне тән тіршілігі бар. Болашағы, дамуы бар деп сипатталатын аймақтардың бірі. Дегенмен де Орал өңірі құдай берген кені мен газының арқасында қорасы қойға, шарасы майға толған бақуатты аймақтың бірі деп айтуға бола ма? Алыстағы ауылын, шалғайдағы қыстауын көрмей, облыс орталығында жүрген үш-төрт күнгі сапарымда, шыны керек, осы сұраққа жауап таба алмадым…


Оралхан ДӘУІТ

zhasalash.kz

Пікірлер