4 жылда 1000 мектеп салып үлгереміз бе?

6673
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда 2500 орындық мектептердің типтік жобасы әзірленіп жатыр.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VІ отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін елімізде 1000 жаңа мектеп салу үшін заман талабына сай типтік жобалар әзірлеуді тапсырған болатын. ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова осы тапсырманың орындалу барысы қандай сатыда екенін айтып берді.

Әуелі мектепке типтік жоба не үшін қажет деген сауал туындауы мүмкін. Білім стандарты оқулық мазмұны мен педагогикалық технологиялардан бөлек мектеп ғимаратына қойылатын талаптарды да айқындайды. Бибігүл Асылованың айтуынша, осы талаптар осыдан 15 жыл бұрын жаңартылған екен.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қазір қолданыста 300, 600, 900 және 1200 орынға арналған мектептердің типтік жобалары бар. Бұл жобалар 2007 жылы, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы басталған тұста жасалған. Одан бері білім саласына қойылатын талап әлдеқайда биіктеп кетті. Мемлекет басшысының заманауи типтік жобалар керек дегені осыдан.

«Мысалы, жыл соңына дейін 3 BINOM мектебі қолданысқа беріледі. Тіпті олардың өзінен қазір Ресейде бас тарта бастады. Өйткені экологиялық, энергия үнемдеу талаптары қосылып жатыр. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті 2500 орынға арналған мектепердің типтік жобасын дайындап жатыр. Өйткені республикалық маңызы бар Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында мектеп құрылысына жарамды жер телімін табу қиындап барады. Сондықтан бар жерге мейлінше ауқымды мектептер салу тиімдірек», - дейді ведомство өкілі.

Бибігүл Асылова қолданыстағы типтік жобаның нақты кемшіліктеріне де тоқталды. Қазір қолданыста жүрген типтік жобалар бойынша жабдықтауға жұмсалатын қаржы жоба құнының 8-10 пайызын ғана қамтиды. Мысалы, мектептің жобалық құны 2 млрд теңге болса, жабдықтауға 160 млн теңге ғана жұмсалады деген сөз.

«160 млн теңге неге жетеді? Қарапайым ағаш тақталар, 10-15 мың теңге тұратын, бір жылдан кейін жарамсыз болып қалатын парталар, минималды асхана құрылғылары, киім ілетін бөлме. 160 млн теңгеге 1000 орындық мектепті осыдан артық жабдықтай алмайсың. Соның салдарынан әкімдіктер қаржылық мүмкіндігіне қарай пән кабинеттерін жыл сайын біртіндеп жабдықтауға мәжбүр. Яғни, құрылыс кезінде жобаға енбегенімен, жабдықтауға кететін қаражат бәрі бір бюджеттен бөлініп жатыр. Бірақ қаншалықты кешігіп бөлінетіні бюджет саясатына байланысты. Ал балалар бюджет саясатының кесірінен лайықты білім алмай қалмауы керек. Типтік жобаларды қайта қарау осы тұрғыдан да өзекті», - дейді вице-министр.

Типтік жоба дегенде ойға бірден қаржылық смета келуі заңдылық шығар. Өйткені сыйымдылығы бірдей мектептің құны бір облыстың өзінде әр түрлі құбылып жататынын көріп жүрміз. Вице-министр мұның себебін мынадай фактормен байланыстырды. Әр әкім мектеп құрылысын жоспарлаған кезде инженерлік торап тартып қалуға тырысады. Соның негізінде ішкі инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік туады. Салдарынан мектеп құны аспандап шыға келеді. Ал министрлік үшін ең маңыздысы оқушыға мектеп жайлы болуы шарт. Мұғалімдердің қолында сапалы білім беруге қажет құрал мен жабдықтың бәрі болуы керек. Бейнебақылау жүйесі, өрт қауіпсіздігінің дабыл жүйесі, ғимарат ішінде дәретхана болуы міндетті. Әрине мұның бәріне қаражат кетеді.

«Кейінгі 2 жылда BINOM мектептерінің қымбатқа түсіп жатқаны туралы сын көп айтылды. Оларда жабдықтау құнының 30 пайызы сметаға бірден салынады. Яғни, пән кабинеттері, сыныптар дайын күйінде тапсырылады. Сондықтан біз мектептердің заманауи қажеттіліктермен толық жабдылғанын қолдаймыз.», - дейді министрдің орынбасары.

Дегенмен, типтік жоба құрылыс құнын қолдан қымбаттатуға кедергі бола алады. Министрлік өкілі оған нақты мысал келтірді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша Ақмола және Алматы облыстары мектеп салу жобаларын ұсынғанда тым қымбат екенін анықталады. Министрліктің кеңесімен, ведомствоаралық комиссияның кеңесі бойынша ақыры әкімдіктер ол жобалардан бас тартқан.

2025 жылға дейін 1000 мектеп салып бітіру мүмкін бе? Вице-министрдің айтуынша, әбден мүмкін.

«Биылдың өзінде соның 230-дан астамын пайдалануға береміз. Біз нақты жоспар жасадық. Ол жоспарды бүкіл әкімдіктер мақұлдаған. Мысалы, Нұр-Сұлтанды алсақ, 2022 жылы 25 мың балаға арнап 11 мектеп салу керек. Дәл осылай әр өңір, әр қала бойынша нақты жоспар жасалды», - деді ол.

Бибігүл Асылованың сөзіне қарағанда, 2025 жылға дейін республика бойынша 1 млн 240 мың оқушыға арнап салынатын 1080 мектептің 656-сы бюджет есебінен, 101-і мемлекет-жеке меншік әріптестігі есебінен, 251-і жеке меншік есебінен бой көтереді. Қалған 72 мектеп шағын елді мекендерде модульдік жоба бойынша салынады. Модульдік жобаның басты артықшылығы метал қаңқадан құралатын болғандықтан, қалаған кезіңде басқа орынға көшіруге ыңғайлы. Ал аяқ астынан бала саны артып жатса, қосымша орын жалғау да оңай көрінеді.

1991 жылдан бері Қазақстанда 1917 мектеп салынған екен. Бұған дейінгі 30 жылдың ішінде 2000-ға жуық мектеп салынса, енді 5 жылда 1000-нан астам мектеп салу межесі қойылып отыр.

«Аталған 1917 мектептің бәрі дерлік бюджет есебінен салынған болатын. Қазір жеке сектор да атсалыса бастады. Біз оны қолдаймыз. Жеке меншік мектептердің көп болғаны олардың өз арасындағы бәсекені ғана қыздырмайды, мемлекеттік мектептерді де бәсекеге қабілетті болуға итермелейді», - деп түйіндеді министрдің орынбасары.

Түйіндесек, Ұлттық кеңесте талқыланып, өмірге жол тартқан тағы бір үлкен жоба жан-жақты зерделеніп жатыр. Ұлттық кеңес пен Білім және ғылым министрлігінің қанаттаса жұмыс істеуінің арқасында 15 жылдан бері жаңартылмаған типтік жобалар заман талабына сай өзгермек. Мұны да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ел болашағына қосқан үлесі деп бағалауға болады.

Есжан БОТАҚАРА,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер