Қазақ балалар ғылымының жетістіктері

2173
Adyrna.kz Telegram

Ғылымы жоқ елдің ғұмыры жоқ. Себебі ғылымсыз алға адымдау мүмкін емес. Биыл елімізде ғылым саласын дамытуға 160 млрд теңге қаржы бөлініпті. Жаман емес, жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл әлі де аз. Алысты айтпай-ақ көрші Өзбек елінің ғылымдағы жетістігі бізге үлгі. Күні кеше қатерлі ісік ауруын емдеуге көмектесетін дәрі ойлап тауыпты. Әйтпесе, аты жаман ауруды емдеуге ұмтылып жатқан әлем алпауыттарының өзі мұндай нәтиже көрсете алған жоқ. Өзбек ағайын ғылымда жоғары жетістікке қалай қол жеткізіп отыр? Кешегі обсерватория салғызған Ұлықбектің ұрпақтары ғой десек, қателесеміз. Бұл бір күнде бола қалған дүние емес. Қаншама жылдар бойы ғылым саласына деген ықыластың көрінісі. Жас ұрпақты жастайынан ғылымға баулудың айқын дәлелі. Бірақ бұл жерден қазақ ғылымы кенжелеп тұр деген ой тумауы тиіс. Әсілі, ондай емес. Қазақ ғылымына деген көзқарас Жаңа Қазақстанда жаңаша сипат алуда. Әсіресе, қазақ балалар ғылымы ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге толы.

Мәселен, бүгін Қарағандылық оқушылар әлемде тапшы құрылғы ойлап тапты. Ол қандай дерсіз... Жас дарындар жүрек ауруларын алдын ала анықтап, емдеуге арналған құрылғы жасап шығарған. Небәрі 9-сынып оқитын Алдияр Нақып пен Алпамыс Исабековтың мақсаттары айқын, қадамдары нық. Екеуі осыған дейін жүздеген жобаға қатысып үлгеріпті. Бұған не дейсіз?! Ал құрылғыға келер болсақ, ол ең алдымен тері астына және қан тамырлары арқылы жүрекке орнатылатын көрінеді. Содан кейін ауруды бірден анықтап, іске кіріседі екен. Электрлік импульстар жіберу арқылы емдеу сатысына көшеді. Жүрек бұлшықеттерінің жұмысын тежеу не тездету арқылы жүрек ауруларының алдын алады. Міне, жетістік. Қарапайым мектеп оқушыларының ғылымдағы асуы, бағындырған белесі. Ал енді ақтөбелік оқушы Арман Жалғасбаев «ақылды бетперде» ойлап тауыпты. Шыны керек, бұл бетперденің қажеттілігі короновирус өршіген сәтте қатты сезілді. Арманның айтуынша, бетперде ауадан зиянды заттарды анықтағанда адамға сигнал береді. Сөйтіп, адамды ауасы ластанған аймақтан аулақ болуға шақырады. Бетперде ауаны сүзгілеп, құрамында зиянды заттар бар-жоқтығын анықтап, таза ауаны ғана өткізеді екен. Бетперде екі қабаттан тұрады. Екінші қабаты ауадағы зиянды заттарды ұстап қалуға көмектеседі. Елімізде ауаның ластануынан жапа шегіп жатқан адамдар көп екенін ескерсек, бетперде тек қана коронавирустан қорғап қана қоймайды. Ауаның ластануынан пайда болатын аурулардың да алдын ала алады. Таза ауамен тыныстауға мүмкіндік береді. Түтіні төбемізде тұратын тіршіліктің тазаруына сеп болады. Ойымызды тағы бір оқушының өнертабысымен түйіндей кетсек.

Кентаулық, 5-сынып оқитын Ақниет Елемесованың қазақ дәстүрін роботтар арқылы әлемге танытсам деген асқақ арманы бар және ұлттық өнерді техника саласымен ұштастырсам дейді. Бұл арманына әсте-әсте қол созып келеді. Ойлап қараңыз 5-сынып оқушысы осындай ойлау деңгейінде. Қалай таң қалмаймыз?! Ол роботтарға қазақтың «Қара жорға» биін билетіп жүр. Алда басқаларын да сынап көрмек. Айталық, «Арқан тарту», «Көкпар», «Теңге алу» сынды ұлттық ойындарды роботтарға үйрететін ойы бар. Биші роботын жақында Наурыз мерекесінде таныстырған. Айта берсең таусылмайды: «Ақылды протездер», Аяқ-қолдары әр түрлі адамдарға арналған робот табан», «Бүкірлікпен күресетін» құрылғылар т.б. Мұның барлығы қазақ балалар ғылымының жемісі. Саланы дамытуға жасалынып жатқан әрекеттердің нәтижесі деуге болады. Осындай жетістіктерді көріп, көзің қуанып, ішің жылиды. Осылай жалғастыра берсек, қазақ ғылымы алдағы 20-30 жылдықта адам сенбестей дәрежеге қол жеткізері анық.

Пікірлер