«Көріктім менің»

2750
Adyrna.kz Telegram

Немесе бір әннің тарихы

(21 жасқа дейін)

"Жетем деп жүріп қалады екен жете алмай,
Ақ адал жандар арманына асыққан"
Тұрсын Жұмаш

Рас сөз.... Адалдың арманына жеткені жоқ.
Ақындықтың бір шарты, бәлкім басты шарты – қарапайым өмір шындығын көркем әрі нұсқа жеткізу. Жүрекке жеткен жыр – поэзия, жетпегені– емес. Тұрсын ақын жүрек қылын шертетін шәйірлердің санатынан еді. Тек, өмірден ерте кетті. Оның таңғы шықтай мөлдір жырлары оқырманға әлі жетпей жатқандай.

Қазақта ақын көп қой. Бірақ жан әлемі ақ жауыннан соң жадырап ашылған көк аспандай мөлдір ақын сирек. Әдетте мұндай ақындар көп жасамайды, қолға үйретуге көнбейтін киіктің лағы сияқты – құсадан ерте өліп қалады.

Олар мына жалғанға сыймай өтеді. Тұрсын да тіршілікке үйлесе алмай кеткен ақын еді. Тұрсын ақынның арамыздан кеткеніне ширек ғасырдан асып барады. Ақынның сөзіне жазылған осынау әнді шығарғаныма да 20 жылдан асыпты. Сейілдің шығармашылығына арналған "Таң самалы" атты мына музыкалық фильмді Бурабай мен Балқантауда сосын Сейілдің туған ауылы – Қызылтауда түсірген едім. Бұған да он бес жыл толыпты. Сырғып өтіп жатқан уақыт, зулаған өмір...

Осындайда Қарағандыдағы қамсыз күндерім еске түседі. Қарағанды вокзалының кафесінде Азамат Шоқшин екеуміз ұзақ отырушы едік. Азаматқа бүгінгі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы Граждан деп ат қойған еді бір заманда. Мен өзім "Шоқтығы биік Шоқшин" деймін әлі күнге дейін.

Пойыздар ерсілі-қарсылы ағылып жатады. Шоқшин Тұрсынды жатқа біледі. "Өлең оқы!" – деймін Азаматқа.. Азамат алдынданы ащы арақты аузына құя салады да:

Мына мені,
бір күн еске түсіріп,
Жылайсыңдар тағдырымды түсініп.
Бұл фәниден шындық іздеп жүргенде,
Алып кетті қанатына құс іліп.

Алып ұшып
кетті мені Ол биікке –
Ақ періштем, қалай қисын күйікке.
Құдайменен бірге жүрген жақсы ғой,
Жаным сені, үлгермедім сүйіп те...–

деп бір қояды. Екеуміз тағы бір алып қоямыз. "Оқы", – деймін. Ол мүдірмейді:

Ұқпайды анық, мені ешкім ұқпайды анық,
Кетсем бе екен мөп-мөлдір шыққа айналып.
Кереметпін деп жүрген ақындардың.,
Дірілдетіп тізесін жыққан байлық.

Ал сен өзің алтын көрсең шыдайсың ба,
Шыдайтындай кім едің, Құдайсың ба?!
Сенің шарап ішкенің кімге дәрі,
Өлесің ғой бір күні құлайсың да.

Өлсем өлем, өлмесем Қасым қайда,
Түседі еске Төлеген осындайда.
Жер үстінде жүрмін бе, жүрсем егер,
Туған туыс қайда жүр, досым қайда?

Ұзақ үнсіздік иектейді .Тек пойыздардың тоқтаусыз салған зікірі үзілмейді.Кейде тоқтап тұрған паровоздар тап бір адам құсап күрсінеді...

1992 жылы "Орталық Қазақстан" гзетінен бір өлеңін кездейсоқ оқып қалған марқұм Есенғали Раушанов Тұрсынға хат жазыпты. "Бірақ Тұрсын жауап жазбады.. Жұматайға ұқсай ма, қалай өзі, – дедім де қойдым", – дейді Есенғали аға

Мен ащы арақты қырлы стақандарға орталап құямын. "Оқы", – деймін. Шоқтығы биік Шоқшин – бала бүркіт секілді – аянбайды:

Жаныма жақын осы ақын – дала,
Жанымды қайдан ұқсын қатын-бала.
Сен жылап қаласың-ау,, қалғып кетсем,
Сен жылап қаласың-ау, ақылды ана.

Жаныма жақын, осы, маған дала,
Жанымдай жақсы көрем, жамандама.
Түсімде Мұқағали күбір етті,
Дүбір жақын дегені ол, алаңдама.

Шоқшин екеуміз үнсіз қағысып, тартып жіберісеміз.
Талай ақынның өлең оқығанын көрдім, бірақ Шоқшиндай оқыған ешкімді көрген емеспін. Оның өлең оқығаны Шәкен Аймановтың "Жиырма бесті" салғанындай еді.
Астанаға қарай кезекті пойыз қозғалып бара жатады. Алматыға бара жатқан пойыз екі иінінен ауыр демалып, пысылдап тоқтап тұрады. Вокзалда бір-бірін күтіп алған, шығарып салып жүрген беймаза жандар. "Оқы", – деймін. Масаң тартқан Шоқшин Голливудтың ұлы актерлері сияқты:

Ауырады жүрегім... таза білем...
Жылдарының болды ма, мазағы кем.
Өлім деген немене, Өмір жақсы,
Өмір жақсы осындай азабымен.

Өмір жақсы, өйткені Күн бар мұнда,
Ажал оғын атады кім дарынға...
...Дүр етіп ұшып кетті көгершіндер,
Қарғаларды үркітіп тұрғанымда.

Тұрсынның бұл өлеңі де тигіш мылтықтың оғындай кеудемізді тағы бір көктей өтеді. Өткені сол емес пе, менің алдымдағы ортадан төмен түскен бөтелке, қырлы стақандар бұлдыр тартады. Еріксіз буалдыр тартқан екі көзіңді сүртпекке салфетқа апара жатқаныңда Шоқшин "Құй!", – дейді әмірлі үнмен қанды төбелестерден бұзылған мұрны сол жақ бетіне қарай одан сайын қисая түсіп.
"Тұрсын ақыннның аруағы шат болсын!", – дейді ол аяусыз төбелес іздері қалған тыртық-тыртық дидары түнеріп. Енді өлеңді "Оқы", – демей-ақ бастай береді:

Кетіп барам Балқантауға асығып,
Құт-ұямнан құпиямды жасырып.
Ұнатамын тауда жалғыз жүргенді,
Жүрегімнің ауырғаны басылып.

Жақсы көрем, таңның тыныш атқанын,
Өлеңім ғой таудан іздеп тапқаным.
О, Жаратқан, сезбейді ғой дейсің бе,
Өмірімнің өтіп бара жатқанын...

Пойыздар да өмір сияқты – зулап өтіп жатады. Терезенің алдынан пойыздан қалып бара жатқан жолаушы аяқ киімі тарпылдап жүгіріп өтіп кетеді.Түнгі перронда жауын жауар алдындағы жынды жел ойнақ салады.
"Құй!", – дейді Шоқшин есіне Тұрсын түсіп:

Балқантаудың басына отырамын мен шығып,
Кетіп қалды Жұматай, ғайып болды Кеңшілік.
Алты Алаштың асылын алар едім көтеріп,
Құдай өзі жіберсе құдіретті емші ғып.

Мен олардың барлығын қара жерге тұрғызып
Алатаудан әлемге жетер еді бір қызық...
Қуат алып тауымның тамырынан тараған,
Алабұртып көңілім, тұла бойым тұр қызып.

Қырық жастан асқанда кетті көбі тоқтамай,
Жүрегіне ақынның қадалады оқ қалай?
Жер бетінен таба алмай, кеңістіктен іздедім
Рухтары осында –
Ал өздері жоқ қалай?

– Өзі қырыққа да жетпеді, – дейді Шоқшин Тұрсынға, реніштіі үнмен. – Құй, – дейді сосын. Тартып жіберісеміз. Шоқшин тауықтың күйіп піскен санын ауыр төбелестен сынған тұмсығына апарады.

Қазіргі ақындар арақ ішпейді, ораза ұстайды. Ораза ұстаған ақыннан сүйкімсізді көргенім жоқ. Бұлар Мұхаметтің ақындарды жек көргенін біле ме екен?
Арақ – өлеңге уыт береді, "Ішкіш деп жүр ғой бізді... ", – деп Мұқағали айтпақшы ол заманның мәй құмар ақындарының поэзиясына саф сипаттылық, риясыздық тән. Расында да XX ғасырымыздың поэзиясы мөлдірлігімен, кіршіксіздігімен ден қойдырады. Мағжан бастаған бұл толқын, Қасым, Ғафу, Сырбай, Жұбандарға ұласып, Жұмекен, Мұқағали,, Қадыр, Тұманбай, Жұматай Кеңшілік, Сағи, Жарасқан; Тұрсындарға жалғасады.. Керісінше – ішпейтін ақындардың өлеңдерінде дәм жоқ, тату жоқ десек артық айтпағанымыз.. Ал "Өмірім шарап ішіп өтсін деймін" (Омар Хаям) ұстанымын ұстанған шәйірлердің өлеңдері әркез таңғы шықтай тап таза, тұп-тұнық – мөлдіреп тұрады. .Өйткені олар жүрегін кірлетпей таза арақпен жуып өткен жандар. Таза арақта – ақиқат бар.

Кейде маған көшпелілер поэзиясы қымыздан жаралғандай көрінеді. "Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі бар" дейді мұны қазақ. Ал шығыстың шайырларынан шараптың буы теуіп тұрады. Омар Хаямның ғазалдарынан даңқты шәйірдің мәйханаларда ерекше тылсым хәл кешкені сезіледі, Хафизде де солай. Тіпті бәзбіреулерінің рубайларынан апиын жұпары аңқи ма, қалай?

Ал мына орыс өлеңі сөз жоқ, араққа суарылған поэзия. Орыс поэзиясына ұлттық сипат берген Есениннің күнделігінен "Мало ели, много пили" (Аз жеп, көп іштік) дегенін оқығаным есімде. Еуропа ақындарының өлеңінің күші – шотланд вискиінде, француз коньягында болса керек.

Ащы заһар бойын алған Шоқшин оқыған Тұрсын жырлары талып естіледі:

Селт етпейді-ау қу көңілім мұң басқан,
Жарық дүние – мөлдір шыны кір басқан...
Жымыңдаған бір жұлдызың болайын,
Мені өзіңе алып кетші түнгі асқан.

Өткен өмір есімде жоқ... Тағы ұшып,
Жылайыншы періштемен табысып.
О, Жер-ана, кешір мені, қыл-қыбыр –
Болмады ғой жүрегіме жабысып...

Жүрегімде сақтау үшін қалпымда,
Қызықпадым күміске де алтынға.
Жолдан таймау қиын екен, соны ұғып – Ұшып барам
Жылуы жоқ жарқылға...

Екеумізде ішуге хал қалмағандай. Әйтсе де ырымын жасаймыз. Сыртта жауын құйып кеткен. "Қайтайық, – деймін мен Шоқшинға ұядай жылы кафеде түн лртасына шейін кешкен хәлден арыла алмай... Шоқшин де рахат кешкен хәлін қимайды:

Қызықтырмай барады түк те мені,
Жұлдыздар қара аспанның нүктелері.
Ертең, мүмкін сенімен хабарласам,
Бүгін үйге қайтпаймын, күтпе мені...

Тұрсынның бұл өлеңін бармен де түсінеді. Үнсіз әкеп бір шөлмек ашып құйып кетеді. Қағып саламыз.

Түнгі вокзалды тітіретіп жүк пайызы өтіп бара жатады салдыр-гүллір етіп.. Сырттағы суық жаңбырдан, сарғайып түсіп жатқан жапырақтардан күздің келгені сезіледі. Бұзық жүзді Шоқшин атом сүңгіру қайығында үш жыл қызмет еткенде алған радиациядан шашы түскен маңдайы кафе шамының әлсіз сәулесіне шағылысып Тұрсынды тоқтамай оқи береді:

Күз келіпті... Мен қалай байқамағам?
Қиын болып барады қайта маған.
Жапырақтар – жүректің көшірмесі,
Сайтанның көшірмесі – сайқал адам.

Жаз қалдырып кетеді күзге несін,
Сен мені іздеп бұл жерге жүз келесің.
Сағыныш бар өсімдік әлемінде,
Мен ‐ сондамын, мені ешкім іздемесін...

Өлең баптаған кәйіп хәлді қиа алмаған Шоқшин кафеде қала береді. Таңертең басталатын күйкі тірліктен айылымды жиған мен кеудем дертііп үйге қайтамын сүмбіленің суық жаңбыры иінімнен өтіп...

Ерсілі-қарсылы зуылдаған пойыздардың салдыр-гүлдір даусы бірте-бірте алыстай түседі.

....Осындай күннің ертеңінде кешкен шерлі хәлден "Көріктім әні" туды. Кейіпкері бір әдемі ару еді...
Алты ішекті гитараны адамша сөйлеткен Сейіл әнші сол күні үстінен түсіп үйреніп еді....

Ержан ТӨЛЕУТАЙ

Пікірлер