Аронның үзеңгілесі Мұратбек Есенғазы бостандықта

2816
Adyrna.kz Telegram

Мұратбек Есенғазының қысқаша тарихын айта кетейік:

Мұратбектің атасы Алмас Омаров қыпшақ руынан. Кешегі Алашорда үкіметінің басты идеологы, Ахмет Байтұрсыновтың сенімді серіктерінің бірі болған. 1918 жылы Алаш үкіметінің құрамында Лениннің қабылдауында бірге болады.

1919 жылы Торғай Алаш уәлаятының милиция бөлімінің бастығы болып тұрғанда қызылдармен соғысып, мерт болады.

Совет үкіметі орнағаннан кейін әлбетте, Алмас Омаровтың балалары, тума-туыстары көп жапа шекті.

Мұратбек бала кезінен атасының ерлік істерін елдегі аузы дуалы қарттардан естіп өскені белгілі. Мектепті жақсы бітірген соң жалпыға бірдей әскери міндетін өткереді де ҚазМУ-дың химия факультетіне оқуға түседі. 4 курста оқып жүргенде, әйгілі Желтоқсан көтерілісіне қатысып, курстастарымен бірге алаңға барғандары үшін тергеуге алынған еді.

1990 жылы Арон Атабек және Рашид Нүтүшевтер құрған "Алаш" ұлттық демократиялық партияның белсенді мүшесі болды. Білімді, сөзге шешендігімен көзге түсті. Өзі құралпы жастарды ертіп келді.

Оның "Алаш" партиясына келуінің бір себебін жоғарыда айтқан атасы Алмас Омаровқа байланысты болатын.

"Алаш" партиясы бірден радикалдық бағытта болды. Басқа құрылған партия мен қозғалыстар совет үкіметінің құрамында "конфедерация" деп жүргенде алаштықтар Совет Одағының құрамынан шығып кетуді басты мақсат санады.

1990 жылдың 13 қаңтарында қазіргі Сац атындағы балалар театрының ғимаратында, сол кездегі 1-хатшы Назарбаев Алматы қаласының жастарымен алғашқы ашық кездесуін өткізді.

Одан кейін ондай кездесулер болған емес. Сол жиында Арон Атабекті тұңғыш көрдік. Ол кезде Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды Назарбаев "хулигандар, ұлттар арасына жік салушылар,норкамандар, бұзылғандар" деп дүние жүзіне миллиондап тарайтын "Дружба народов" журналы, басқа да ірі басылымдар арқылы жар салып қойған еді.

Ешкім білмейтін жас ғалым жігіт Арон Атабек көпшіліктің алдында "Желтоқсанда қаза болған қазақ батырларын бір минут үнсіз еске алайық" деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Назарбаев амалсыз орнынан көтерілуге мәжбүр болды.

Арты белгілі, Аронды қудалау басталды. Ерен ер Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Ол жақта да тыныш жүрмей "Алаш и Казахская нация" деген кітапшасын 100 000 тиражбен шығарып, Қазақстанға таратылды. Милициялар талай рет тартып та алды.

Жалынды күрескер, қиындықтан қайтпайтын, қара нардай қайсар Арон Атабек үлкен тиражбен "ХАК" газетін шығара бастады. Кәрішал Асанов сияқты шыншыл жазушылардың Назарбаевқа қатысты мақалалары шыға бастағасын, қазақ билігі ресей билігімен ауыз жаласып, Арон Атабекті Мәскеуден ұрлап әкетуге әрекет жасады. Мәскеулік "не формалдар" араласып, арам ойлары жүзеге аспай қалды.

Назарбаев тарапынан қатал қысымға душар болған Алаш партиясының жүмыстары әрине, тұралап қалуы да заңды еді. Оның үстіне мешітке шабуыл жасады деген жала айыппен Қазақстандағы белсенді Алаштықтар бір жыл түрмеге отырғызылды. Жетекшісі Арон Атабек қуғындалып шетке кетсе, партия белсенділері түгелдей түрмеге отырғызылса, партия жұмысы қайдан жүрсін?!

Алаштықтардың үлкен жеңісі - толық шынайы тәуелсіздік талап етті.

Сол жолда қайсарлық, табандылық көрсете алды. Назарбаев өзінің менмендігін жеңіп, Арон Атабек сияқты күрескер, мемлекетшіл азаматтарды жанына алғанда, қазіргідей масқара күйге түспеген болар еді. Өзінің жағымпаз айналасы қолдан "тірі Құдай" жасап, жеме-жемге келгенде сатып отыр.

Бұл тақырыпқа кейін кеңірек ораламыз!

Қазір белсенді МҰРАТБЕК ЕСЕНҒАЗЫ туралы ғой әңгімеміз!

Алаштықтардың тағы бір жеңісі, сол уақыттан бірге күресіп келе жатқан қыз-жігіттердің бір үйдің баласындай тату-тәтті, бауырдай араласып, бір-біріне көмектесіп, үлкенді ағалап, кішіні інілеп тұратын кішіпейілдігінде. 15 жылын назарбаев концлагерінде өткізіп, құр сүлдесі шыққан, бірақ рухы сынбаған қатепті қара нар Арон Атабекті де іздеген осы қарапайым алаштықтар болатын.

Олар өздеріне жарнама жасамайды. "Оң қолыңның бергенін, сол қолың көрмесін" деген принципті ұстанады. Аронның қасында соңғы демі біткенше бірге болды.

Енді, Мұратбекке қайта оралайық!

Қаңтардың басында ержүрек қала, Жаңаөзеннен бастау алған толқулар бүкіл Қазақияны дүр сілкіндірген еді.

Алматыда да бұл шерулер бейбіт түрде басталған болатын.

Жастар 3 қаңтарда жаңаөзендіктерге қолдау көрсету мақсатында алаңға шығып жүрді.

Сол күні Арон Атабектің 40 күндік асына жиналған қауым да алаңға барып, жастарға қолдау көрсетпек ниетпен Дулати көшесі бойымен төмен түсіп келе жатқанда арнайы жасақтың шабуылына ұшырады.

15-20 адам қамауға алынып, сол күні түнгі сағат 4-те онлайн арқылы өткен сот біраз жастарға 15 сөткіге жабу үкімін шығарды.

Мұратбек Есенғазыны да 15 сөткіге қамады.

5 қаңтарда кешкі сағат 17:00 уақыт шамасында түрме вертухайлары аяқ астынан шешім шығарып "политзаключённыйлар на выход"- деп бәрін босатып жібереді.

Мұратбек алаңға келіп, өртенген әкімшілік ғимараттарын көріп, іші қан жылап, қатты қамығып, жедел қарекетке көшеді.

1986-ның Желтоқсан қырғынын көрген ол арты жақсылыққа апармайтынын түсініп, айналасына бейбіт шеруге шыққандарды жинап, бейбіт шеру болсын, арандатушыларға ермеңдер, мүліктердің бәрі өзіміздікі, айналамызды таза ұстайық деп үндеу тастайды. Олардың бәрі видеоға жазылып қалған.

6 қаңтарда бейбіт шеруге қарсы келе жатқан әскери топтың алдынан шығып полковникке шерушілердің бейбіт екенін түсіндіріп береді. 6 еркек, бір әйел адам 7 жан жандарын шүберекке түйіп барыпты. Полковник қазақ жігіті екен "кеше арандатушылар бізге оқ атты.

Бүгін көріп тұрмын... үлкен адамдар екенсіздер, шерулеріңізді жалғастыра беріңіздер. Арандатушыларды араларыңызға кіргізбеңіздер! Егер де менің жанымдағы серіктеріме оқ тиетін болса, қарап тұрмаймын ғой. Ондай жағдайда ренжімейсіздер. Оның үстіне әкем де қарапайым қарусыз халыққа оқ атпа... деген” депті де "біз қазір кетеміз. Басқалар келіп атып жатса, былай қарай қашыңдар!" деп, Байсейітова көшесін меңзейді. Арандатушылар 6-қаңтар да алаңға келмеген. Олар қан-қасаптың боларын алдын-ала біліп отырған. 5 қаңтарда алаңға қару әкеліп үлестіргендер өздері тайып тұрады.

Мұратбек Есенғазылар жастарды қырып алмау мақсатында өздерінің бастарын қауіп-қатерге тігіп, қаншама адамның өмірін сақтап қала алды. Бұның бәрі кейін айтылады.

Қала басшылары белсенді азаматтар мен қоян-қолтық қимылдар жасағанда қырғынның алдын алуға болар еді.

Байбек аузын толтырып айтатын “нұр-отан" партиясының мүшелері, Алматыдан сайланды деген жепутаттар қайда болды? Елдің басына ауыр күндер туғанда елімен бірге болмаған масылдардан не үміт, не қайыр болмақ!?

Тоқаев Назарбаевтың қателерін қайталамауы тиіс. Шұғыл түрде жағымпаздардан арылуы керек.

Бір сатқан адам екінші ретте сататынын түсіну керек.

 П.С. М.Есенғазының адвокаты Ғалым Нүрпейісов өте кішіпейіл жігіт екен.

Мұратбек босап шығуына өзінің үлесін қосқан Абзал Құспан ініме де алғысымыз зор!

Кеше түрмедегі адамдармен кештің бір уағына шейін кездесулерінен соң телефон арқылы сөйлесіп едім. Қатты шаршап тұрғанын көріп қатты аядым.

Жаралылардың жағдайын көру, зарлаған аналардың дауысын есту оңай болып па? Бір күн прокуратура алдында көргеніміздің өзі бізге ауыр тиді.

Қазір Абзал Құспандарға нақты деректермен қолдау көрсету керек.

Болар елдің баласы болуға жазсын.

 Аманкелді Жұмашұлы

Пікірлер