Сот сарапшылары қаңтар оқиғасына қатысты қанша сараптама тағайындады?

2428
Adyrna.kz Telegram

Қаңтар айының басында елімізде болған қайғылы оқиғалар кезінде соңғы деректерге сәйкес 225 адам қаза тапты. ал олардың өліміне не себеп болғанын анықтау сот сарапшыларына жүктелген. Осыған орай Қазақпарат тілшісі ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары Ілияс Исмаиловты сөзге тартты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

- Ілияс Жұмағалиұлы, қаңтар оқиғаларына байланысты сот-медицина сарапшылары жалпы қандай жұмыс жүргізді? Сол қайғылы кезеңде сарапшылар қалай әрекет етті?

- Ол уақытта ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы аумақтық бөлімшелерінің сот-медицина сарапшыларының жұмысы күшейтілген режимде жүргізілді. Сот-медицина сарапшылары еліміздің заңнамасында көзделген өздерінің қызметтік міндеттерін орындады.

- Қаңтар қасіреті кезінде мәйітханаға жеткізілген адамдардың өліміне не себеп болған. Оқтан немесе басқа да дене жарақатынан мерт болғандар туралы нақты деректер бар ма? Өртенген мүрделер кездесті ме? Бандиттердің, бұзақылардың мүрдесі жеткізілді ме? Оларға және бейбіт тұрғындарға қатысты қанша сот-медицина сараптамасы тағайындалды?

- Сот-сараптама қызметі туралы заңнамаға сәйкес, сот сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу кезінде мәлім болған мәліметтер жария етуге жатпайды. Мұндай мәліметтерді алу үшін өкілетті органдарға жүгінуге кеңес берер едім. Жалпы, мұндай мәліметтерді жария еткені үшін тіпті қылмыстық та жауапкершілік көзделген.

- Онда қаңтар оқиғасына байланысты қанша сот-медицина сараптамасы тағайындалғанға қатысты деректермен бөліссеңіз. Олардың алғашқы нәтижесі қандай?

- Бүгінде қаңтар оқиғасына қатысты 2 мыңнан астам сот-медицина, тауарларды тану, құрылыс, өрт және жарылыс-техникалық, баллистикалық сараптамалар және сараптамалардың өзге де түрлері тағайындалған. Бұл сан күн сайын өзгеріп отырады десем де болады.

- Жалпы, қаза тапқандардың өліміне не себеп болғанын анықтау үшін қанша уақыт кетеді?

- Өлім себебін анықтау барысы жанама зерттеулер кешенін жүргізуді көздейді. Олардың қатарында химиялық-токсикологиялық, биологиялық, сонымен қатар гистологиялық зерттеулер бар. Осынау зерттеулердің нәтижесі өзге де мәліметтермен жинақтала келе сот-медицина сарапшыларының қорытынды әзірлеуі барысында бағалауына жатады. Бұл ретте гистологиялық және химиялық-токсологиялық зерттеулер өндірісінің процесі 20 және 25 тәулікке дейін созылуы мүмкін. Бірақ, сарапшылар өндірісті оның сапасын зиян келтірместен жедел аяқтауға тырысады.

- Ал өңірлерде қандай жұмыс жүргізілді?

- Жоғарыда атап өткенімдей, Сот сараптамасы орталығының барлық өңірдегі аумақтық бөлімшесі күшейтілген режимде жұмыс істеді. Бұған қоса, жаппай тәртіпсіздік фактілері орын алған өңірлерге кадрларды шоғырландыру қажеттігін ескере отырып, аталған облыстарға жіберу үшін сот сарапшыларының жеткілікті резерві жасақталды. Қазірдің өзінде Алматы қаласында сарапшылар штатын күшейту үшін қосымша 26 маман жібердік. Дәл осындай жұмыс Шымкент қаласында, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілді. Бұл өңірлерге де қажетті кадрлық резерв дайындау мәселесі жан-жақты пысықталды. Материалдардың келіп түсуіне орай сарапшылар аталған өңірлерге жіберілетін болады.

- Қандай жағдайда өлімнің себебін анықтау қиындық тудырады?

- Өлім себебін анықтауда қиындық тудыратын жайттар істің нақты жай-жапсарына байланысты. Айталық, улану, күйік шалу және басқалары. Мұндай жағдайда өлімнің себебін анықтау үшін жоғарыда атап өткен зерттеулердің жанама әдістері қолданылады.

Пікірлер