Ораз Сапашев: Қазақ халқын білмейтіндер оны сен арқылы таниды

3816
Adyrna.kz Telegram

Ол Қазақстанның шығыс топырағында туып, Алтай тауының етегінде ер жеткен. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқып, артынша оны көлемді зерттеу еңбегіне арқау қылған. Алатау баурайында білімін одан әрі ұштап, түркі тілдерінің ерекшелігі мен тарихына жан-жақты көз жүгірткен. Қазір жиған-тергенін, көрген білгенін шетел студенттеріне үйретіп, олардың қазақ тілін меңгеруіне ықпал етіп жүр. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Стамбул университеті «Қазіргі түркі тілдері» кафедрасының оқытушысы, Шығыс Қазақстанның тумасы Ораз Сапашев. Стамбулға барғанымызда ондағы ең көне оқу ордасына бас сұғып, қандасымызбен тілдесудің сәті түсті. Оқи отырыңыз.

— Ораз мырза, Түркияға қашан келдіңіз, мұнда немен айналысып жүрсіз?

— Өзім Шығыс Қазақстан өңірінде туып өстім. Сонда Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде білім алдым. Одан соң Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аспирантурасын тәмамдадым. Жетекшім – профессор Алтай Аманжолов. Аспирантура бітірерде жұмысымды көне түркі жазба ескерткіштері бойынша қорғадым. Ғылыми атағымды алған соң Шығыс Қазақстанға, өзім тәлім алған оқу орнына оралдым. Сонда Түркология орталығын аштық. Он жылға жуық сол орталықтың директоры болып қызмет етіп жүріп, Алтайға (Ресей Алтайы, Қытай Алтайы, Моңғол Алтайы) көптеген экспедиция жасадық. Отбасым, екі ұлым бар. Олар да Өскеменде туып өсті. Қазір Алматы қаласында тұрып жатыр.

Ал Түркияға 2015жылдың қыркүйек айында келіп, бір жыл бойы профессор ретінде қызмет еттім. Одан соң Алматыға оралдым. Былтыр шілде айында Стамбул университетінде «Әл-Фараби зерттеу орталығы» ашылғаннан кейін қайта келдім. Қазір «Қазіргі түркі тілдері» кафедрасында доцентпін.

— «Қазіргі түркі тілдері» кафедрасында студенттер көп пе? Олар түркі тілдерінің қайсысын оқиды?

— Стамбул университеті ертеден келе жатқан университет болғандықтан, студенттердің саны да көп. Бір топқа 50 студенттен келеді. Мұнда болашақ түркітанушыларға қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, тува т.б. сияқты көптеген түркі тілдері оқытылады. Осы мамандыққа түскен студенттер 4 жыл ішінде бірнеше түркі тілінің грамматикасымен танысады. Әр тілді 1 жыл көлемінде оқиды.

— Бір жылда тілді қандай деңгейде меңгереді?

— Әрине, Қазақстанға барып тәжірибе алмасса, жақсы үйреніп алады. Бірақ 1 жыл ішінде сайрап кеткен студент жоқ. Біздің Орта Азиядағы түркі тілдері Түркиядағы түрік тіліне қарағанда қиынырақ. Өйткен біздің грамматикамыз — ауырлау.

— Мұнда кирилл қарпінің де әсері бар ма?

— Оның да үлкен әсері бар. Яғни жазу басқа болған соң кедергі болады, кирилл қарпін көп жағдайларда тани алмайды. Егер латын қарпімен жазылып тұрса, түркі сөзі екені бірден көздеріне түседі. Бұл ретте латын қарпінің рөлі айтарлықтай зор.

— Өзіңіз түрік тілін қалай үйрендіңіз?

— Аспирантураға келіп, тәлімгерліктен өткен кезде үйрендім. Салыстырмалы түрде әр замандардағы түркі тілдерінің грамматикасын өткен кезде Түркия түрікшесін қолданамыз.

— Мұндағы студенттер Қазақтанның қай оқу орындарына барып тәжірибе алмаса алады?

— Стамбул универститетінен ҚазҰУ-ға баратын студенттер бұрыннан онша көп емес. Анкарадағы Гази, Анкара, Хаджеттепе университтерінен келгендер көптеп кездеседі. Қазір әл-Фараби орталығын ашқаннан кейін байланысты жандандырып жатырмыз. Жазғы мектепке 20 шақты студентті жіберуді жоспарлап қойдық. Жалпы орталық ашылғалы Қазақстаннан келген білімгерлер саны да біршама артты. Бұл жағынан Қазақстан тарапы белсенді.

Өткенде Ақтөбе қаласының Қ.Жұбанов атындағы университетінен де келді. Негізі келісімшарт жасасқан қазақстандық оқу орындары көп емес.

— Дегенмен түркітанушыларды дайындайтын болғандықтан байланыс қажет сияқты…

— Әрине, қажет. Мұнда сонымен қатар тәуелсіз түркі мемлекеттерінің тілімен қатар сібір тілдері де оқытылады. Жоғалып бара жатқан хакас, шоры, тува сынды сібір түркілерінің тілі бар. Олар тек екі аралық қарым-қатынас орнату үшін ғана емес, Түркиядағы түрікшенің табиғатын жетік тану, білу үшін, салыстырмалы зерттеулер жүргізу үшін де қарастырылады.

— Қазақстанда студенттерге дәріс бердім деп қалдыңыз. Мұнда да мұғалімсіз. Айтыңызшы, екі ел студенттерінің білімге деген, өмірге деген көзқарастарында ұқсастық не айырмашылық қандай?

— Қазақстан мен Түркия түпкі тарихы бір, түбінде бір атаның ұрпақтары болғанымен, ұзақ жылдар бойы екі бөлек жүйеде өмір сүрген мемлекеттер. Сондықтан мінез-құлықтарында, дәстүрінде, оқу жүйесінде айырмашылықтар бар. Студенттердің сабаққа деген, өмірге, дәстүрге, дінге деген көзқарастары тұп-тура қазақтардікіндей болмайды. Қазақстан, өзіңіз білесіз, ұзақ уақыт кеңестік жүйеде болды. Одан бұрын ескі Түркістан дәуірі, Шағатай, Алтын Орда дәуірі кезінен бастап біз бөлек мемлекет болып, өз дәстүріміз қалыптасты.

Басты айырмашылық – біздің студенттердің 90 пайыздан астамы екі тілді. Қазақ және орыс тілінде қатар сөйлейді. Ауыл балалары да бір жыл ішінде орыс тілін меңгеріп алады. Ал мұнда – бір тілді студенттер. Сонау Осман дәуірінен бері тек түрік тілінде сөйлеп келгендіктен, туысқан тілдер болса да – қазақ, өзбек, қырғыз тілдерін меңгеріп кетуі біраз қиындық туғызады. Қазақстаннан келген балалардың бір ерекшелігі – үш ай ішінде түрікшені үйреніп кетеді. Өйткені бұл Ататүрік заманында реформаланған, қолдануға оңайландырылған тіл. Ұқсастықтары – екі елдің студенттері де білімге құштар. Үйренуге, білуге талпыныстары жоғары.

Мұнда да бәрі бірдей діндар, дін жолына түскен дей алмаймын. Біреуді күштеп мұсылман дінін қабылдаттыру, күштеп бет-ауызын бүркеу деген нәрсе жоқ. Мысалы, Қазақстанда қара киінгендер, тұмшаланғандар қатары көбейіп келеді. Бұлардың бәрі саналы түрде деп ойламаймын. Түріктер бұл нәрсеге саналы түрде келеді. Өйткені олар кішкентайынан отбасында діннің жолы, рөлі деген дүниелерді біліп өседі. Сондықтан көзсіз ұрына бермейді.

— Болашақта Қазақстанға ораласыз ба, әлде осындағы қызметіңізді жалғастыра бересіз бе?

— Бірнеше жылдан бері шетелде жұмыс істеп келемін. 2010-2012 жылдар аралығында Америкада қызмет еттім. Түркологияны зерттеп, көптеген елді араладым. Қай елге барсам да өзімді алдымен Қазақстанның, одан соң әл-Фараби университетінің өкілі ретінде танытамын. Ал мұнда қанша уақыт қызмет ететінім –шығармашылыққа, жұмысқа байланысты. Алдымен әл-Фараби мен Стамбул университеті арасындағы қарым-қатынасты жолға қойып, қазақ тілінің насихатын көбейтуіміз керек. Мен қай жерге барсам да қазақ тілін оқытамын. Шетелде жүру, соның ішінде дұрыс жүру, дұрыс сөйлеп, адамгершілікті жоғалтпау – өте жауапты нәрсе. Өйткені қазақ халқын білмейтіндер оны сенің болмысың арқылы елестетіп, сен арқылы таниды. Сондықтан қазақтарды жақсы жағынан көрсетуді мақсат етіп қойдым.

— Отбасыңыздан жырақта жүрген қиын емес пе?

— Жоқ, жиі көрісіп тұрамыз. Олар да келеді, мен де Қазақстанға барып тұрамын. Биыл ұлым колледжді тәмамдайды. Бәлкім осында келіп оқуын жалғастыратын шығар. Жолдасым да әл-Фараби университетінде қызмет етеді. Оның да жауапты міндеттері бар. Оның Қазақстанда, менің осында атқарып жатқан миссиямыз бар.


— Әңгімеңізге рақмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Теңге БЕКМҰРЗАЕВА,

http://7292info.kz  

Пікірлер