Полиция Украинадан оралған саяси белсенді Ермек Нарымбайды әуежайдан ұстап әкетті

3917
Adyrna.kz Telegram
2016 жылдың жазынан бері Украинада тұрып жатқан саяси белсенді Ермек Нарымбайды бүгін, 6 ақпанда таңғы сағат 7-де Киевтен Алматыға ұшып келген сәтте әуежайдың күту залына жеткізбей полиция алып кетті. Оны Алматы қалалық ішкі істер департаментіне әкеткені жайлы құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы "Азаттық" радиосына сілтеме жасап.

Ермек Нарымбайды әуежайдан күтіп алуға барған 50-ге жуық адам, бір сағаттан астам тұрып, қайтты. Олар әуежайдың күту залында Ермек Нарымбайға бостандық талап етіп ұрандатты.

Ермек Нарымбай Қазақстанға оралатынын таяуда, қаңтардың 23-іне әлеуметтік желі арқылы хабарлаған. "Жақында Алматыда боламын. Билікпен пен қоғам арасында диалог болады деп сенемін, ақ ту ұстап барамын. Балаларыммен кездесуге мүмкіндік бола ма, жоқ па, білмеймін" деп жазған.

Кеше, ақпанның 5-і күні Киевтен Алматыға ұшар алдында да әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы тікелей эфирге шығып, бірнеше минуттан соң ұшаққа отыратынын хабарлаған.

51 жастағы Ермек Нарымбай Қазақстанда тұтқындалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ дәл қазір өзін қамау билікке тиімсіз деп санайды.

"Ақорда Қазақстанға өз еркіммен келе жатқан мені абақтыға отырғызу пайдасыз екенін, беделіне зор нұқсан келетінін түсінуге тиіс" дейді ол.

Ол абақтыға қамалған күннің өзінде "ұзақ отырмайтынына" сенімді.

"Егер [түрмеге] отырғызатын болса, ол ұзаққа созылмайды деп сенемін. Қазақстанға мені шығарып салып, сонда қарсы алатын журналистер, блогерлер, көп адам болады, сондықтан мені тыныш қана тұтқындай алмайды. Ұрып-соғу мен азаптауға да толық дайынмын, бірақ ол билікке тиімсіз. Менің даусым сырт жақтан гөрі, әсіресе дәл қазір елдің ішінде салмақтырақ болады» деп жазған Ермек Нарымбай. Ол халыққа үндеуін "түрмеде отырып та жазатынын" айтады.

2015 жылғы қазанда Қазақстан соты азаматтық белсенділер Ермек Нарымбай мен Серікжан Мәмбеталинді Мұрат Телібековтің "Ветер с улицы" кітабының үзіндісін әлеуметтік желіге жариялағаны үшін соттаған. "Алауыздық тудырды" деген айып тағылған Нарымбай үш жылға, Мәмбеталин екі жылға бостандығынан айырылған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар қамаудағы Нарымбай мен Мәмбеталинді "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Кейін екеуі де ісіне "өкінетіні" жайлы хат жариялады. Нарымбай тергеу абақтысында бір айдан астам уақыт аштық жариялап жатты, 2016 жылғы 22 ақпанда сот оны үй қамағына ауыстырған соң белсенді аштығын тоқтатты. Кейін апелляция соты оның жазасын жеңілдетіп, еркіндігін үш жылға шектеуге алмастырған. 2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбай Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға кетіп қалды.

Естеріңізге сала кетейік, Ермек Нарымбай 2010 жылғы 1 мамырда Алматыда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап еткен демократиялық күштер жиынында "Назарбаев, кет!" деп ұрандаған. Сол күні кешке оны полиция ұстап әкетіп, "тәртіп бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамаған. Кейін қамауда отырған белсендіге "сотқа құрмет көрсетпеді" және "полицейлерге қарсыласып, күш көрсетті" деген айыптар тағылды. Алматының Бостандық аудандық соты осы екі айып бойынша 2010 жылғы 26 маусымда Ермек Нарымбайды төрт жылға бостандығынан айырды. 2012 жылғы 25 ақпанда билік рақымшылық жасап оны қамаудан босатқан.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер