Қоғамдық құндылықтар жүйесінде түбегейлі өзгеріс керек! - Ерлан Қарин

5605
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Қаңтар оқиғасына қатысты Qazaqstan Ұлттық Телеарнасына берген сұхбатында "Жаңа Қазақстанның” алдағы бағыты, бағдары, келбеті, мазмұны қалай болатынына жете тоқталды. Сонымен қатар "Қасіретті қаңтар" оқиғасына қатысты пікір білдіріп, қоғамдық құндылықтар жүйесінде түбегейлі өзгерістер қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

-  ("Жаңа Қазақстан" ред.) бұл үлкен дискуссияға шақыру, бұл еліміз енді қандай болуы керек деген тақырыпқа әркім, әрбір саналы азамат өз ойларын ортаға салуы керек, талқы жасайық деген үндеу. Яғни біз Қаңтар оқиғасынан кейін тек бір жарым-жартылай шешімдерді қабылдап, жағдайды тұрақтандырып қойып, “Ой болды, осымен болды” деп, тақырыпты жауып қою емес. Президент керісінше бұл оқиғалардан дұрыс қорытынды жасап, не сабақ түюіміз керек, енді еліміз болашақта қандай болуы керек? Неге ұмтылуымыз керек? - деген сұрақтарды ортаға салып, осыған зиялы қауым, сарапшылар, ақпарат құралдарының өкілдерін, жалпы барлық саналы, белсенді азаматтарды осындай тақырыпқа үндеп отыр, - деп пікір білдірді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы бұл тақырып та, бұл үндеу де қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.

- “Жаңа Қазақстан былай болуы керек”, “Жаңа Қазақстанда осылай болу керек” деген түрлі дискуссия басталды. Президент барлығын да толғандыратын тақырыпты таба біліп, осы дискуссияға сол сұрақты қоя білді. Қоғам тарапынан қолдау тапты. Әр түрлі пікірлер айтылып жатыр. Біреулер айтады: “Жаңа Қазақстан дегеніміз бұл демократиялық мемлекет, саяси реформалар жүзеге асырылуы керек”, ал енді біреулер: “Жоқ, біз құқықтық мемлекет болуымыз керек” дейді.  Кеше де біздің дөңгелек үстелде болған дискуссияда: “Біз ажыратуымыз керек. Біз әлеуметтік мемлекетпіз бе, құқықтық мемлекетпіз бе?" т.б. Менің мемлекеттік хатшы ретінде ғана емес сарапшы ретінде пікірім: Дұрыс! Саяси реформаларды жүзеге асыру керек. Экономикалық реформаларды жүзеге асыру керек. Әлеуметтік реформаларды да жүзеге асыру керек. Әкімшілік жүйеде өзгерістер болуы керек. Оны біз қолдаймыз. Ол тақырыптардан біз бас тартып отқан жоқпыз, - дейді Мемлекеттік хатшы.

Ерлан Қарин бізге бұдан бөлек қоғамдық құндылықтар жүйесінде де түбегейлі өзгерістер қажет екеніне жете тоқталды.

- Бірақ, менің жеке өзімнің сарапшы азамат ретіндегі пікірім: Бізге сонымен қатар қоғамдық құндылықтар жүйесінде өзгеріс қажет. Осы оқиғалардан тағы бір шығаратын түйініміз осы болуы керек. Мына соңғы 30 жылдық дамуымызда біз Кеңестік  Советтік кезеңнен кеткендей болдық та, бірақ қазіргі заман қоғамының белгілерін де толық сіңірмедік, дәстүрлі қоғамның ұлттық құндылықтарын да толық игермедік. Яғни бізде барлығы араласып, біз орнықпаған сияқты әсер бар. Біз маргиналды жастар деп жатамыз ғой. Біздің қоғамымыздың өзі бір маргиналды сияқты болды. Бір сатыдан екінші сатыға өтпей қалған сияқты. Біз Кеңестік кезеңнен шыққанмен, бізде нарықтық заманның құндылықтары орныға қойған жоқ.Бір жағынан біз зайырлы мемлекет дейміз, екінші жағынан бізде діни нелерде дамып жатыр. Бір жағынан қазіргі заманғы қоғам құрамыз дейміз, екінші жағынан ұлттық құндылықтарымызды сақтағымыз келеді. Осының арасында бір қарама-қайшылықтар бар. Соны көп адамдар, азаматтар өздері ажырата алмай жатыр. Мына тіл мәселесінде де дискуссия болып жатады. Талаптар қойылып жатады. Басқа да тақырыптар бойынша талаптар, дискуссиялар болып жатады. Бұның бәрі неден? Себебі, қоғамдық құндылықтар жүйесінде бізде бір түбегейлі өзгеріс керек, жаңару керек, - деп мәлімдеді Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер