Ахмет Байтұрсынұлының "Оқу құралы" туралы - Әділет АХМЕТҰЛЫ

12627
Adyrna.kz Telegram

Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» атты кітабы 1912 жылдан 1929 жылға дейін көп рет қайталанып басылған еңбектірнің бірі. Атап айтқанда, қазірге дейін қолымыз жеткен деректерге сүйенсек, «Оқу құралы» ілгерінді-кейінді 15 рет басылым көрген. Бұл арада бір сөздің  басын ашып айта кету керек. Біз тек «Оқу құралы» деген атпен ғана жарияланған оқулықты айтып отырмыз. Осы «Оқу құралының» өзі ішінен «бастауыш мектептің бірінші жылдығына арналған оқу құралы», «үлкендерге арналған оқу құралы», «қазақша әліппеге баяншы оқу құралы» қатарлы бірнеше түрден тұрады. Бұдан сырт, «Әліпби – жаңа құрал», «Сауат ашқыш»  деген аттармен жазылған оқу құралдары да бар. Олар туралы біз өз реті келгенде жазатын боламыз.

Төменде біз тек «Оқу құралы» деген атпен он бес рет қайталай  басылған оқулықтардың тізімін көрсетейік:

  • Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алифба. Бірінші кітап. Орынбор. 1912. 40 б.
  • Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліп-биге баяншы. Ташкент.1912. 14 б.
  • Оқу құралы. Қазақстан басқа түркі, фарсы сөздеріне жазылатын әріптерді үйрету үшін һәм оқуға төселу үшін тәртіп етілген. Алифбаға жалғас Екінші кітап. Орынбор. 1913. 52 б.
  • Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алифба. Бірінші жылдық кітап. Екінші басылуы. Орынбор. 1914. 96 б.
  • Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліппе. Бірінші жылдық кітап. Екінші басылуы. Орынбор. 1915. 96 б.
  • Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алифба. Бірінші жылдық кітап. Үшінші басылуы. Орынбор. 1916. 98 б.
  • Оқу құралы. Жаңа жолмен тәртіп етілген қазақша әліп-би. Бірінші кітап. Үлкендер үшін. Семей. Екінші рет басылуы, 120 мың дана. 1921. 30 б.
  • Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліп-би. Бірінші кітап. Орынбор. 1921. 90 б.
  • Оқу құралы: Усул саутыя жолымен тәртіп етілген қазақша әліппеге баяншы. Байтұрсынов А.- Тәшкент : Тип. №1, 1921 .– 10 000 дана.
  • Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алип-би. Бірінші жылдық кітап. Төртінші басылуы. Ташкент. 1922. 95 б.
  • Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліп-би. Орынбор. 1922. 70 б.
  • Оқу құралы. Қазақша әліп-би. Алтыншы басылуы. Орынбор. 1923. 72 б.
  • Оқу құралы (қазақша әліппе). Жетінші басылуы. Орынбор, 1924. 72 б.
  • Оқу құралы. (қазақша әліп-би). Жетінші басылуы. Орынбор. 1925. 72 б.
  • Оқу құралы. ІІІ-IV жылдарда оқылатын кітап. Үшінші басылуы (75 суреті юар). Қызылорда. 1927. 412 б. (Т. Шонановпен бірге).

Міне бұлар «Оқу құралы» деген атпен басылған оқулықтардың тізмі. Осы он бес қайтара басылған «Оқу құралының» әр жылдардағы басылымдарында айтарлықтай айырмашылықтар бар.

  1. 1912 – 1914 жылдар арасында «Оқу құралы» тек бірінші сыныпқа арналған әліппе ретінде таратылып отырды. Бұл жылдары оқулық бірінші, екінші бөлім болып екі бөлек басылды. Бірінші бөліміне «Оқу құралы» (Қазақша алыпба)» деп берілсе, екінші бөлімі «Оқу құралы (қазақтан басқа түрік, араб, парсы сөздеріне жазылатын харыптарды үйрету үшін һәм оқуға төселу үшін тәртіп етілген, әліпбеге жалғас, екінші кітап)» деп беріліп отырған. Яғни осы жылдар арасында бір ғана «Оқу құралының (әліппе)» өзі екі бөлімнен тұратын, шағын екі оқулық есебінде болды.
  2. 1914 жылы Орынборда шыққан «Оқу құралында» бұған дейін екі бөлімнен тұратын екі шағын оқулық біріктіріліп баспадан бір оқулық ретінде шықты. Осы үрдіс 1925 жылға дейін жалғасты. Дегенмен, 1922 жылдан бастап араб, парсы тілдерінен кірген дыбыстарды таңбалайтын әріптерді таныстыратын екінші бөлімді автор барынша ықшамдап берді. Яғни бұған дейін екі бөлімнен тұратын оқулық 90 беттен асып жығылса (1921 жылы 90 бет, 1922 жылғы Тәшкент басылымы 95 бет), 1922 жылғы Орынборда шыққан «Оқу құралынан» бастап, 1923, 1924, 1925 жылдары түгелдей 72 бет болып шыққан. Бұл реттерде кітап авторы шет тілдерінен енген әріптерді таныстыратын отыз бетті түгелдей қысқартып, тек оқулықтың ең соңында «Қазаққа басқа тілден қатысқан сөздер үшін алынбаған дыбыс таңбалары» деп алты әріпті ғана көрсетіп берген. Ал, бұған дейінгі басылымдарда кітап авторы араб, парсыдан енген әріптерді (дыбыстарды) барынша жіңішкелікпен түсіндіріп отырған. Тіпті, араб жазуында көп кездесетін қаракат, сүкін, т.б. ерекшеліктеріне дейін көрнектілендіріп көрсеткен. Осыған қарап, 1922 жылдың соңына қарай Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралдарын (әліпбені)» қазақ балаларына оқытуда араб, парсы дыбыстарын үйретудің қажеті жоқ деп тапқанын мөлшерлеуге болады. Дегенмен, араб пен парсы дыбыстарын (әріптерін), тіпті құран аяттарын қазақша әліпбеге қосып оқыту Ахметке дейін оқулық жазған Нұғыман Манаев, Мұхамметкерім Дибердиев, Қоңыр Қожа, Мұстахим Малдыбаев, т.б. оқулықтарында да кездеседі.

Жоғарыда атап отырғанымыз тек қана бастауыш мектептің бірінші жылдығына арналған «Әліпбе» орнына қолданылған «Оқу құралы». Яғни атап өткеніміздің бәрі ішіндегі азды-көпті өзгешелеліктеріне қарамастан, бұлар бір оқулық саналады.

Оқулықтың аты «Оқу құралы» болғанымен, ішкі мазмұны аталып өткен әліппеге ұқсамайтын мынадай бірнеше «Оқу құралы» да бар.

1) Оқу құралы: Усул саутыя жолымен тәртіп етілген қазақша әліппеге баяншы. Тәшкент : Тип. №1, 1921 .– 10 000 дана.

Ұлт ұстазы бұл қолданбалы материалды оқушыға емес, оқытушыға арнайды. Ғалым өзінің он бес жылдық оқыту тәжрибесі мен он жылдық оқулық жазу тәжрибелерін жинақтай келе, оқытушыларға да осындай көмекші құрал керек екенін аңғарып, «Оқу құралына баяншы» деп осы шағын кітапшасын баспадан шығарған. Автордың «Баяншы», «Тіл жұмсар» деген атпен жарық көрген басқа да көмекші құралдары бар. Олар да оқытушының оқушыға білім беруінде көмекші құрал ретінде жазылған. Аталған кітапар жөніндегі түсінікті сол кітаптар туралы арнайы тоқталған беттерден оқи аласыз.

  • Аты «Оқу құралы» болғанымен, ішкі мазмұны жоғарыдағы «Оқу құралдарына» ұқсамайтын бір оқулық: Оқу құралы. Жаңа жолмен тәртіп етілген қазақша әліп-би. Бірінші кітап. Үлкендер үшін. Семей. Екінші рет басылуы, 120 мың дана. 1921. 30 б.

Отыз беттен тұрса да, аса көп таралыммен (тираж) басылған бұл оқулық сол кездегі заманауи зәруліктен туындағаны белгілі. «Үлкендер үшін бірінші кітап деп аталған» осы оқулықтың да жоғарыда атап өтілген бастауыш мектепке арналғна «Оқу құралынан» өзгешелігі көп. Яғни бұл оқулықта үлкендердің сауатын ашуға сәл жеңілдетілгені байқалады. Ахмет Байтұрсынұлының үлкендердің сауатын ашуға арнаған оқу құралы бұл ғана емес, бірнеше рет басылған «Сауат ашқыш» атты оқулығын да айтуға болады. Әсіресе, 1926 жылы аса көп таралыммен шыққан бұл кітаптың да іші құнарлы мазмұндармен жинақталған. Бұл тұрғыдан 1926 жылғы «Сауат ашқыш» 1921 жылғы үлкендерге арналған «Оқу құралының» біршама кемелді нұсқасы деуге болады. Себебі, тоқсан беттен тұратын көлемді оқулыққа енген мазмұндар да үлкендерге арналған «Оқу құралынан» әлдеқайда кең. «Сауат ашқыш» оқулығы туралы арнайы тақырыпта мәліметтер беріледі.

  • Аталып өткен «Оқу құралдарынан» мүлде бөлек бір оқу құралы 1927 жылы басылып шыққан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлы бірлесіп жазған оқулық:

Оқу құралы. ІІІ-IV жылдарда оқылатын кітап. Үшінші басылуы (75 суреті юар). Қызылорда. 1927. 412 б. (Т. Шонановпен бірге).

1923 жылы жазып бітіріп, сол жылы баспадан шығаруға үлгірмей, ақыры, 1926-1927 жылдары бірнеше рет баспадан шығарған бұл оқулық үшінші, төртінші жылдықтарға арналған. Көлемі аса үлкен, мазмұны бай оқулықтардың бірі.

Осыларды қорыта келгенде, қазірге дейін қолда бар мәлімметтер мен материалдарға сүйенсек, «Оқу құралының» бірінші сыныпқа арнғалған нұсқасы он екі рет басылым көрген болады. Ал, «Үлкендерге арналған оқу құралы» мен «Оқу құралына баяншы» атты көмекші құрал неше рет басылым көргені әрі қарай зерттей түсуді қажет етеді. Ахмет Байтұрсынұлы Телжан Шонанұлымен бірге жазған үшінші-төртінші сыныптарға арнаған көлемді «Оқу құралының» үш ретке дейін басылғаны анық.

Жоғарыда біз қолымыз жеткен материалдарға сүйене отырып, бірмұнша ақпараттарды ғылыми қауымға жеткізуге тырыстық. Дегенмен, біздің қолымыздағы тізімде бар болғанымен, кейбір оқулықтың өзі табылмай отырғаны белгілі. Қазірге дейін он бес рет қайталай басылды деп отырған «Оқу құралдарымыздың» тоғызына қолымыз жетіп отыр. Осы тоғыз басылым арасындағы айырмашылықтарды үлкен жақтан көрсеттік. Оқу құралдарының бірінші жылдықа арналған оқулығы оншақты рет басылып шықса, екінші жылдыққа арналған нұсқасы бірде бір рет кезспеуі толғандыратын жағдай. Ал, автор Т.Шонанұлымен бірге үшінші, төртінші сыныптарға арнап оқу құралын жазғанына қарап отырып, ғалымның екінші сыныпқа да арнаған оқу құралы бар болуы мүмкін ойға келеміз. Ал «Оқу құралдарының» кейбірінің үшінші, төртінші басылымын қоға алғанымызбен, оған дейінгі басылымдарына көз жеткізу қиынға соғып отыр.

Жыл сайын өмір ағысына, заман талабына сай оқу бағдарламаларын да өзгертіп отырған ғалым А.Байтұрсынұлының басқа кесек еңбектерін былай қойғанда, тек «Оқу құралы» деген атпен басылған оқулықтарының өзін хронологиялық тұрғыда тайға таңба басқандай көрсету мүмкін емес. Себебі, біз жіңішкелікпен емес, тек үлкен жақтан қарағанымызда, жоғарыда атап өтілгендей айырмашылықтарға көз жеткіздік. Автор кітаптарының әр жылғы басылымдары турлы сөз айтпас бұрын, бір жылдағы бірнеше басылымының арасында да азды-көпті айырмашылықтар барына көзіміз жетіп отыр. Осыларды ескеріп, аталған оқулықтың ондаған нұсқасын түгелдей әріп санап  салыстырып шығуға тура келеді.

Әділет АХМЕТҰЛЫ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері

Пікірлер