Алматы трагедиясы һәм жазықсыз құрбандар - Оралбай Мергенбайұлы

2961
Adyrna.kz Telegram

Қаңтар айындағы қайғылы оқиғалардан кейін әлеуметтік желілерде тәртіпсіздіктер мен тонау фактілерін, сондай-ақ терроризм мен мемлекеттік төңкеріс қимылдарын теріске шығару әрекеті байқала бастады. Ел азаматтарының қоғамдық санасын бақылауға алу үшін ақпараттық күрес жүргізуге тура келді. Жағдайдың ушығып кеткені соншалық, тонау әрекетін дұрысқа шығарып, жақтағандар да табылып жатты. Тіпті, көп адамның болмысынан ұят ұғымы кемігендей көрінді.

Теріс пиғылдылар бейбіт шеруге шыққан халықты арандатып, арты қантөгіс қырғынға ұласты. Жазықсыз жандар жапа шекті.

«Бастапқы кезде, мен айтып өткендей, бейбіт наразылық болды. Кейін Алматы қаласында саяси митинг өткізілді. Содан соң шибөрідей қаптаған қарулы содырлар қалаға үш бағыттан бас салды. Басында олар өздерін бейбіт демонстранттар ретінде көрсетіп, құқықтық тәртіпті сақтаушы күштерді, тіпті қала тұрғындарын шатастырды. Ал содан кейін «Алматы трагедиясы» деген атау алып, тарихқа енетін оқиға болды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде бұлғақтан халық та, билік те ес жиып үлгере қойған жоқ.

Бейбіт шерудің шырқы бұзылған сәт және жаппай тәртіпсіздіктер

Сипаты өзгерген шеру: Бейбіт шеруді пайдаланған содырлар тобы бүлік шығарып, жағдай күрделене түсті. Қызметтік көліктерді өртеп, мүліктерді ұрлай бастады. Стратегиялық маңызды нысандарды басып алуға талпынып, бейбіт тұрғындар мен полиция қызметкерлерін аямады. Ал әлеуметтік жағдайдың дұрысталуын талап еткен бейбіт шерушілердің қаланың бұлай тас-талқанын шығармайтыны бесенеден белгілі болатын.

Тонау: «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ»

Дүрбелеңді пайдаланған бүлікшілер мен ұры-қарылар иесіз қалған дүкендер мен банкоматтарға шабуыл жасады. Ықтимал қылмыскерлер қару-жарақ дүкенін тонап, азаматтық соғыс жолына түсті. Қара және қызыл күртешеленген топтар өз жолында бәрін қиратты.

Мемлекеттік төңкеріс және терроризм
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 20 мың террорист туралы айтқан сөздері қоғамда үлкен резонанс тудырды:

«Сондықтан бандиттер саны аз болғанын айтып, бұл жағдайды мысқылға айналдыру жөнсіз деп ойлаймын. Шын мәнінде олар толқын-толқынмен жүрді, оларға бұйрық беріліп отырғаны түсінікті жағдай», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Расында баршаға белгілі болған жайды тізіп шығудың қажеті шамалы. Өйткені билікті күшпен басып алуға әрекеттену мен күш қолданып бейбіт тұрғындарға қасақана зорлық-зомбылық көрсету кешірілмейтін қылмыс!

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер