Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ: Байден айтқан соғыстың басталуына бір күн қалды

3262
Adyrna.kz Telegram

Америкалық барлаушылардың болжамына сенсек, Украинада соғыс дәл ертең басталуы керек.

Көптеген әуе компаниялары Украина үстімен ұшпауға шешіп қабылдап, рейстерін доғарып жатыр. Айталық, Голландиялық KLM әуе компаниясы Украинаға авиациялық рейстерін тоқтатты. Украинаның SkyUp чартерлік әуе компаниясы жексенбі күні өзінің Мадейрадан Киевке аттанған ұшағының Молдова астанасына бұрылғанын хабарлады. Украинаның «Украерорух» әуе қозғалысы қауіпсіздігі агенттігі де мәлімдеме жасап, Қара теңіз аспанын «қауіпті аймақ» деп жариялап, ұшақтарға 14-19 ақпан күндері осы теңіздің үстінен ұшудан аулақ болуға кеңес берді.

Киев әскерилері болса тойтарыс беруге сақадай сай.

Президент Владимир Зеленский халқына үндеу жариялап үлгерді. Тіпті Президент Джо Байденмен бір сағатқа жуық сөйлесіп, сенімді қорғаныста екенін жеткізді.

Ал Байден әкімшілігі бүй дейді, Ресей сейсенбі күні Украинаның шығысында жоспарланған әскери жаттығуларды нысанаға алып, соғысқа кірісуі ықтимал. Бірақ бұл нақты ақпар емес.

Байденнің байламынша, Украина шекарасы маңына шоғырланған ресейлік күштердің саны 130 000-нан асып кеткен. Өткен аптада ғана олардың қатары 100 мыңнан аспайтын. Алайда Зеленский Путиннің басқыншылық әрекетке баратынына күмәнмен қарап отыр.

«Ресейге бұл жерде тосын сый жасауға мүмкіндік бермейміз. Біз әлемге көрген жайттарымызды мүмкіндігінше анық етіп баяндауды ойлаймыз», – деді АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан.

Одақтасымыз Ресей тарапы болса Украина маңына және Беларуссияға әскери күштерін орналастырып әлек.

Путин бұрынғысынша Украинаны НАТО-ға кіргізбеуді талап етсе, Батыс бұл талаптарды орындауға үзілді-кесілді қарсы. Әйтеуір көк сары байрақтылар «екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледінің» күйін кешпесе болғаны.

Ресей басылымдарының сөзіне құлақ түрсек, Байден соғысты желеулетіп Ресейге едәуір жақындауға мүдделі көрінеді.

Қысқасы, болмаған істі болды деп, елдің үрейін ұшырмай ертеңгі күнді күтелік!

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер