Дін мен отарлау саясатының ұқсас белгілері

4149
Adyrna.kz Telegram

Кеңес үкіметі отарлау саясаты мен әсіре діншілдіктің бірнеше ұқсас белгілерін анықтадық. Бұл жалпы жаһандық отарлау жүйелерінің саяси-идеологиялық, мәдени-экономикалық жаулап алу әдістері бір-бірінен алшақ емес деген сөз.

Біріншіден, дін таратушылар да, Кеңес үкіметі де қазақ тарихын жоққа шығарып, тарихты өздерінен бастауға тырысып бақты. Әлихан Бөкейхан 1913 жылы «Қазақ» газетіне жазған «Қазақ тарихы» деген мақаласында «Қазақ ішінде һəр үйдің отағасы, һəр ауылдың ақсақалы тұрған бір шежіре, бұрынғы өткен-кеткеннен естіген білгені болса, кейінгі жастарға соның бəрін айтып отырады. Бірақ ел ішінде жүрген шала моллалар, тарихтың не екенін білмеген надан қожалар тарих десе екі құлағы тік тұрады. «Тəйірі, тарих неге керек?! Ол не айтады дейсін; əншейін ертегі, өтірік қой! Құдайдың бұйрығы емес, Мұхаммедтің сөзі емес, оны оқу-білу не керек!» деп аңқау елге арамзалығын қылып, тарихтан жұрттың көңілін суытады» деп молдалардың ұлт тарихына деген теріс пиғылын жазады. Әлі күнге шала молдалар осы бағытта жұмыс істеп келеді. Ал Кеңес үкіметі қазақтардың адам болуы орыстарға қосылғаннан басталды десе, діншілдер «адасқан ата-бабамызды арабтар дін үйретіп тура жолға түсірді» деп сендіреді. Кеңес үкіметі компартия тарихын зерттеуге көңіл бөлсе, жазу білер молдалар шежірені арабтардан (Адам ата, Нұх пайғамбар, Аннас сахаба ж.т.б.) бастатады. Ақырында өз көне түрік тарихына «дінсіз, жабайы кезең» деп жек көрушілік тудырады.

Екіншіден, отарлаушылар бүкіл мәдениетті өздерінен бастап, өздерін жоғары қою арқылы қол астындағы халықты кемсітіп, өз ұлтынан, ұлттық дәстүрі мен төл мәдениетінен жерітеді. Мысалы, Кеңес үкіметі қазақ салт-дәстүрлерін «ескіліктің қалдығы» деп атап, айдар тақса, діншілдер «шамандықтың сарқыты» деп ұлттық ерекшелікті жоюға тырысады. Есесіне, діншілдер арабтардың салт-дәстүрлерін қазаққа сіңіруге тырысады. Арабияда ыстық күн бастан өтіп, құм құлақ, ауыз, көзге шашырайтын себепті тұмшалануға мәжбүр. Құм балақты былғайтын себепті, оны қысқарту керек. Бұл жердің, табиғаттың ерекшелігіне байланысты ғасырлардан ғасырларға қалыптасқан дәстүрі. Осы күні қазақтың көптеген дәстүрлерін «ширк», «мәкүрік» деп жоққа шығарушылар саны артып келеді.

Үшіншіден, екі тарап та қазақ тілін жойып, өз тілінің үстемдігін жүзеге асыруға ұмтылды. Мұхамеджан Тынышбайұлы «Жат сөздер тілімізге екі жақтан кіріп жатыр. Бірі – араб, парсы сөздері, молдаға оқығандар, екіншісі –орысша оқығандардың еуропалық сөздері» деп бұл мәселені осыдан бір ғасыр көтерген екен. Ресей империясы, Кеңес үкіметі орысша есім қойып, орысша сөйлеген түрік халықтарының өкілдерін ғана қызметте көтеріп, көтермелеп, әртүрлі жолмен ынталандырып, өз тілінде сөйлегендерді жабайы, надан ретінде насихаттады. Ресейдегі туыс халықтардың жағдайы әлі күнге солай. Қазақ дер кезінде Тәуелсіздікке қол жеткізбегенде біздің жағдайымыз әлдеқайда қиын болар еді. Ал діншілдер «Құран түскен араб тілі – қасиетті тіл. Сол тілде жасалған мінәжаттың сауабы мол» деп араб тілін үгіттеп бағады. Тіпті өзге тілде мінәжат етуге тыйым салынатындығын қайтесіз? Күннен күнге тіліміз арабша кірме сөздермен шұбарланып барады. Тіпті отаршыл Ресейдің түрік халықтарына Иван, Петр деген есімді құжатқа жаздырып, орыстандырғаны тәрізді діншілдердің арабша есімдерді ютуб каналдарында ашық насихаттап, арабтандыруға ұмтылуы қалыпты жағдайға айналып барады. Тіпті 2017 жылы Қазақстанда ең көп қойылған араб есімдері ресми түрде мәлімденді.

Төртіншіден, отарлаушы елдер қол астындағы жұртты жұмыс күші ретінде экономикалық мүддеге пайдалануы заңдылық. Кеңес үкіметі Қазақстанды мал шаруашылығы мен аграрлық сала бойынша қара жұмысқа жегілетін ел ретінде пайдалануға тырысты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласынан Қостанайға зауыттар жеткізгенімен, соғыс біте сала зауыттарды қайта көшіріп әкетеді. Қазақстанды тек шикізат өңдіруші ретінде пайдаланып, бүкіл жер асты байлығын тегін алып халықты қанап бақты. Ал діншілдер үнемі насихаттайтын һиджабтар, діни киімдер, тіс тазалайтын мисуах ағашы (уағыз тыңдау барысында міндетті түрде тіс тазалау құпталады), иіссулар, араб шәйі, құрма жемісі, тәспі, жайнамаз тәрізді діни бұйымдар, қажылық ж.т.б. араб елінің экономикасын дамытуға қызмет етерін қазақтар түсінуге талпынбайды да. Мәселен, ағзаға пайдасынан бөлек, қасиетті діни сипатын айтқанда, о дүниедегі сауаптарды санамалап бергенде олардан әлдеқайда сапалы, пайдалы дүниелер өтпей қалады. Алғашқы халифтердің бірі Омар әль-Хаттабтың «Болашақта арабтар жұмыс істемейді. Бүкіл әлем арабтарға қызмет етеді» деген қанатты сөзі бүгінге дейін жетіп отыр. Расында арабтардың жапондар мен немістер сияқты еңбектенбей-ақ, ғылым-білімсіз-ақ бай болуына ежелден саудамен айналысып, сауда-саттық, маркетинг жүйесін дінмен байланыстырып, сәтті жүзеге асырып отыр. Әлемдегі әрбір мұсылман өздері де байқамай араб мүддесіне қызмет етеді. Әлихан Бөкейхан «Жылына 10 областан 2500 қазақ Меккеге қажылыққа барады. Солардың әрбірі орташа есеппен 500 сом ақша жұмсайды. Егер сол 500 сомның ең құрығанда 10 сомын балалардың біліміне жұмсаса, жалпы білімге салынған ақша көлемі 25 мың сом болар еді-ау» деп жазады «Мұғалімдер жиналысы» атты мақаласында. Көреген Әлихан сол кездің өзінде арабтардың экономикалық мүддесін түсініп, сол қажылыққа кететін қаржы балалардың біліміне жұмсалу керек деген ой тұжырымдайды.

Бесіншіден, отарлаушылар міндетті түрде ұлттық реңкті, болмысты, физиологиялық пішінді өзгерту бағытында да саяси-идеологиялық жұмыстар жүргізеді. Ресей патшалығы және Кеңес үкіметі үшін орыс ұлты бірінші сортты болса, діншілдер үшін де арабтар сондай ұлт саналады. Оларға тіпті тіл тигізуге болмайды. Саналарын улап тастағаны сонша оны бұлар тіпті құдайға қарсылық деп ұғады. Арабтар өзге мұсылмандар арасында ұлтаралық некені насихаттағанымен, өздері қандарын таза сақтап тек арабпен араб қана үйленгенді құп көреді. Арабтар өзге халықтардың қыздарын күң, жезөкше ретінде ғана қолданып, өз ұлтының өкіліне ғана үйленеді. Ресей патшалығы түрік халықтарының көбін малы мен жерін тартып алып, адам мен малдарына түрлі аурулар таратып алып отырды. Содан кейін босаған жерге өзге ұлттар мен орыстарды қоныстандырып, орыстандыру саясатын жүргізді. Кеңес үкіметі қазақтарды да ашаршылық арқылы қырып, орнына өзге ұлттарды қоныстандырып, ұлтаралық некені насихаттады. Бұл ұлттың өз төл генафонын жойып, қай ел болсам да маған бәрібір дейтін немқұрайлы мәңгүрт тобыр қалыптастыратын ең оңтайлы жол еді.

Алтыншыдан, Кеңес үкіметі өз пікірі бар тұлғаларды, ұлттық құндылықтардың жанашырларын жойды. Сосын қолшоқпарларға билік беріп, зиялы қауымға қарсы қойды. Тапқа бөліп бір халықты өзара соғыстырып қойды. Қазақстанға дін таратушылар да халықты түрлі топқа бөліп, шолақ белсенді діншілдер арқылы елді түрлі әбігерге түсіріп жатыр. Әл-Бируни арабтардың Орта Азияға шапқыншылығы туралы «Олар көне түрік ескерткіштері мен ондағы жазуларды оқи алатын кісілерді түгел жойды» деп жазады. Ертең Қазақстан зайырлы емес, діни мемлекетке айналса, осы білімсіз шолақ белсенділер өз көзқарасы бар азаматтарға «кәпірлер» деп тағы да репрессия жасауға әзір тұраны байқалады.  Мұндайдың бетін бізден аулақ қылсын!

Біз байқаған негізгі ұқсастықтар – осылар. Құрметті оқырман, Сіз Кеңес үкіметі (Ресей империясы) мен әсіре діншілдіктен қандай сәйкестіктер аңғардыңыз?


Арман СЕРІКҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы   

 

Пікірлер