Данилов: "Путин ҰҚШҰ елдерін Украинаға қарсы соғысқа тартпақшы"

4550
Adyrna.kz Telegram

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы соғысқа басқа елдерді, атап айтқанда Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттерді тартқысы келеді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы orda.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл туралы телемарафон эфирінде Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов мәлімдеді.

– Біздің барлау мынадай мәліметтерді ұсынады: Путин шынымен де ҰҚШҰ елдерін өзіне тартқысы келеді: қырғыздар, өзбектер және басқа ұлттар. Егер біз бұл туралы айтсақ, бұл мүлдем қабылданбайды. Қазір олар Қиыр Шығыстан адам жинап жатыр деген ақпарат бар. Удмурттар мен якуттар қазірдің өзінде еріксіз жиналып жатыр. Өйткені соғысқысы келетіндер онша көп емес, – деді Данилов.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер – Ресей, Беларусь, Қазақстан, Армения, Қырғызстан және Тәжікстан.

Еске салсақ, Ресей президенті Владимир Путин Донбас республикалары басшыларының үндеуіне жауап ретінде арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылдап, Украинаға қарсы соғыс жариялады. Алайда Ресей басшысы Мәскеудің жоспарында Украина аумақтарын басып алу жоқ екенін айтқан болатын.

2 наурыз күні таңертеңгі жағдай бойынша Ресей әскері 5840 адамнан айырылды. Сондай-ақ 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ, 862 бронетранспортер, 85 артиллериялық жүйе және басқа да көптеген техника жойылды. 28 ақпандағы жағдай бойынша 352 бейбіт тұрғын, оның ішінде 16 бала қаза тауып, 2040 адам жарақат алды.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскерінің шабуылдың алғашқы сағаттарынан бастап азаматтық инфрақұрылымға соққы беріп жатқанын айтты. Президенттің айтуынша, Ресей басқыншы әскерлерінің Украинадағы әрекеттерінде геноцид белгілері бар.

27 ақпанда Украина «басқыншылықты ақтау үшін геноцид ұғымын бұрмалағаны үшін Ресейді жауапқа тартуды» талап етіп, Халықаралық сотқа Ресейге қарсы шағым түсірді. Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты тергеуді Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Кәрім Ханның өзі бастады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер